Біз әлеуметтік желілердеміз

“Макаронды құр суға пісіріп жеп отырмыз”. ШҚО-дағы көпбалалы аналардың жағдайы

Әлеумет

“Макаронды құр суға пісіріп жеп отырмыз”. ШҚО-дағы көпбалалы аналардың жағдайы

Шартты сурет

“Макаронды құр суға пісіріп жеп отырмыз”. ШҚО-дағы көпбалалы аналардың жағдайы

Материалдағы ақпараттар “Өскемен-Ақжүніс” уатсап тобынан алынды

Қазір елімізде көпбалалы аналар тарапынан  үлкен наразылық туды. Ашынған аналар билік тізгініндегі тұлғаларға өздерінің жанайқайларын жеткізіп, талаптарын да айтуда. Осыған орай, Алтайньюс сайтының тілшілері Шығыс Қазақстанда тұратын көпбалалы отбасылардың тұрмыс-жағдайы жайлы шағымдарын жинақтап отыр.

Шындығын айтқанда, аймағымызда бейшара күн кешіп отырған отбасылар өте көп екен. Көпшілігі жалғызбасты не көпбалалы аналар. Арасында мүлде жұмыс таба алмай, бес баламен жалдамалы баспананы мекендеп жатқандар аз емес. Тұрмысы төмен отбасылардың барлығында төлей алмай отырған несиелері бар. Бұлардың көпшілігінің бас қайғысы – баспана. Алайда пайызы өсіп, бірнеше миллион теңге мойнына ілініп отырған адамдар өз күшімен баспанаға қол жеткізе алмайтыны белгілі. Бала күтіміне шыққан әйелдердің де жағдайы мәз емес. Олардың айтуынша, жалғыз отағасының тапқан ақшасы кейде пәтер ақысынан аспай қалады екен.

Материалдағы ақпараттар “Өскемен-Ақжүніс” уатсап тобынан алынды.

Райгүл, Көкпекті ауданы, Самар ауылы:

-Әке-шешем қайтыс болған, жолдасым жоқ. Басымда баспанам да жоқ. Қазір екі баламмен біреудің отбасымен бірге тұрып жатырмыз. Балаларыма солар қарап, көмек беріп отыр. Өзім ауысыммен жұмыс істеймін.

Жазира, Өскемен қаласы:

-Бес балам бар. Үлкен қызым онкологиялық сырқатқа шалдыққан. Бұны естіген жолдасым менімен ажырасып кетті. Тұрып жатқан пәтерімізді өзінің анасының атына ауыстырып жіберген. Енді баспанамыз жоқ. Бес баланы жалғыз асырап келемін. Тым болмаса несиеге пәтер алуға жеңілдіктер берілсе ғой.

Қаламқас, Өскемен қаласы:

-Мен 2016 жылы үй кезегіне 106-шы болып тұрдым. 2017 жылы кезек бойынша 24-ші болып жылжыдым. Енді бір жылда үй аламын деп жүргенде, база жабылып қалды. Екі балам бар, оның үстіне екі көзі көрмейтін әжемді бағып отырмын. Сондықтан жұмысқа да шыға алмаймын. Неге бюджеттегі адамдар ғана үй алады? Жұмыссыздарға неге берілмейді? Жұмысы, зейнетақы жарналары болмаса да, банктер несие беріп жатады, бірақ үй берілмейді. Үй берсе, алған адам амалын тауып, қуана-қуана төлейтін еді ғой.

Рая, Глубокое ауданы:

-Төрт балам бар. Басымызда баспанамыз жоқ, жалдамалы үйде тұрамыз. Жолдасымның жұмысы жоқ. Орыс тілін білмейсің деп ешбір мекеме жұмысқа алмай қойды. Балаларымыз 18 жасқа толғанша жәрдемақы төленсе ғой.

Күлгина, Өскемен қаласы:

-Өскемендегі саяжайлардың бірінде төрт баламен тұрып жатырмыз. Бесінші балаға аяғым ауыр. Балаларымның алды 12 жаста, арты – 2 жаста. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ, күндік жұмыстарда жүр. Балаларымның мектепке барып-қайтқан жол ақысына да ақша таба алмай қаламыз. Банкте бірнеше несиеміз де бар. Соның ай сайынғы төлемін әзер тауып, салып отырған жайымыз бар. Өзімізге түк те қалмайды. Үйде көмір мен отын да бітті. Алатын ақшамыз жоқ. Ертеңгі күніміз не болады?

Жазылсын, Өскемен қаласы:

-Мен үш баланың анасымын. 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Жолдасым жоқ. Жәрдемақы, алимент ешқашан алып көрмегенбіз. Балаларым әлі кішкене: үлкені – 7 жаста, екіншісі – 5, үшінші балам – 4 жаста. Ай сайын тапқан табысым пәтердің ақысы мен азын-аулақ азық-түлікке қана жетеді. Бала-шағамды көршілерге қалдырып, күндіз-түні демалыссыз жұмыс істеймін. Бәрібір жеткізе алмаймын.

Жазира, Зайсан ауданы, Қаратал ауылы:

-Жалғыз басты анамын. Үш балам бар. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін, себебі ол – маскүнемдіктің 4-ші стадиясында. Балаларымнан бөлек, бірге тұратын 2-ші топтағы мүгедек анам бар. Баспанамыз жоқ. Тұрып жатқан үйіміз 1917 жылы салынған, апаттық жағдайда. Денсаулығыма байланысты үш ота жасатып, жұмыссыз қалдым.

Әсем, Өскемен қаласы:

-Жалғыз басты анамын, үш ұлым бар. Балаларымның алды 16 жаста, мектепте оқиды. Екі ұлым егіз, 4 жаста. Соларға қарап, жұмысқа шыға алмай отырмын.Үшеуіне 39 мың жәрдемақы аламын. Одан басқа табысымыз жоқ. Саяжайда тұрамыз, иесі күзетші ретінде отырғызып қойған. Үй кезегіне үш жыл бұрын тұрдым, 2000-шы болып. Кезегім әлі сол күйінде жылжымай тұр. Екі жыл болды алған несиемді төлей алмай келемін. Банкке берешек қарызымның пайызы өсіп, 2 миллионға жетіпті. «Төлей алмаймын, тым болмаса жылын ұзартып, сомасын біраз азайтып беріңіздерші» деп алдарына бардым, келіспеді.

Тұрсынай, Өскемен қаласы:

-Бес балам бар. Қазір өзім жұмыссызбын. Жолдасымның жалақысы 50 мың теңге, қолына соның 44 мыңы ғана тиеді. 10500 теңге жәрдемақы аламын. Айлық табысымыз осы, тіпті, азық-түлікке жетпейді. Жолдасым қайда жұмысқа тұрса да, үйдің ақшасын төлемегенсің деп, карточкасын жауып тастайды. Атымда саяжайым бар еді, оны да арестке қойып тастады, қайтара алмай отырмыз. Қарызға белшемізден батқан соң, жұмысқа шығайын ба деп жүргенмін, енді Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін балаларымның амандығын ойлап, үйде қалдым. Балаларымның алды 13-те, кішкенесі 2-жаста.

Нұршат, Өскемен қаласы:

-Бес балам бар. Баспанамыз жоқ. Күйеуімнің жұмысы бар, бірақ банктер карточкасын жауып тастағандықтан, ақша алмайды. Менің тапқан 60 мың теңге жалақыма күн көріп келдік. Бір жылдай болды, ол да жоқ, ақша ала алмай келемін. Екі балам – студент, екеуі мектепте оқиды, кенже балам үйде. Қазір мүлде көмірсіз қалдық. Тұрғылықты мекен-жайда тіркеуіміз де жоқ. Өз баспанамыз болса деймін.

Гүлмира, Өскемен қаласы:

-Алты балам бар. Мамандығым- мұғалім. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Балаларымның ең кенжесі – 4 айлық. Қыздарымның мектепке киетін аяқ-киімі де жоқ, менің етігімді киіп жүр. Күнделікті жол ақысына тиынды әзер тауып береміз. Үй кезегінде 8 жыл тұрдық. Осы жылдары пәтер жалдауға 2,5 миллион теңгеден астам қаржы кетіпті. Жаңа жылда жаңа үйлердің бірі пайдалануға беріледі дегенді естіп, әкімдікке барып көз жасымды көл қылдым. Күміс алқалы анамын, бұдан артық күтуге жағдайым жоқ. Бар тапқан табысымыз несие төлеуге кетіп жатқан. Енді, тіпті, оны да төлейтін ақшамыз жоқ. Балаларым ет жегісі келеді. Дүкеннен тек ең керегін ғана аламыз. «Біз қашан етке тойып тамақ ішеді екенбіз?», -дейді кейде балаларым. Макаронды құр суға пісіріп жеп отырмыз. Жуықта жолдасым бір танысының топырағына барған. «Сол жердегі астан ауқаттанып келеді»,- деп ойласам, ол нәр татпай қайтып келіпті. Үйде біз аш отырғанда оның ет жеуге дәті бармаған,  тамағынан ас өтпеген…

Семей, Ұлан ауданы, Бестерек ауылы:

-Жасым 42-де. 7 баланың анасымын. Отбасымызда 9 адамбыз. Үй сұрап, әкімдердің кабинеттерінің табалдырығын тоздырғаныма 14 жыл болды. Балаларымның ең үлкені, міне, 19-ға келді, ең кенжем әлі жасқа да толған жоқ. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын.

Жоғарыда біздің аймақтағы жоқшылықта күн көріп келе жатқан отбасылардың тек бір аз бөлігінің ғана жағдайлары баяндалған. Көмекке зәру отбасы өте көп…

Жәрдем беремін деген жандар болса, жоғарыдағы аналардың байланыс нөмірлерін Алтайньюс сайтының редакциясынан алуға болады (+77755437775).

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары