Біз әлеуметтік желілердеміз

Юлия Галышева – Әлем чемпионы!

Спорт

Юлия Галышева – Әлем чемпионы!

Юлия Галышева – Әлем чемпионы!

Парк-Ситиде ерлер арасындағы да жарыс өтіп, бұл сында ең тәуір нәтижені Павел Колмаков көрсетті

Юлия Галышева – Әлем чемпионы! Фристайлдың могул түрінен АҚШ-тың Парк-Сити қаласында өткен Әлем біріншілігінде жерлесіміз үздік нәтиже көрсетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Айта кетейік, бұл – Юлияның Әлем чемпионаттарындағы алғашқы жеңісі. Финалда Галышева 79,14 ұпай жинап, австралиялық Джакара Энтони (78,99 ұпай) мен Олимпиада чемпионы, франциялық Перрин Лаффонның (78,70) алдын орап кетті.

– Бұл алтынға қол жеткізу үшін жылдар бойы тер төгуге тура келді. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Маған ерекше күш-жігер берген бапкерлер құрамы мен әріптестеріме, жақындарыма алғыс айтамын. Ертең тағы бір жарыс күні. Жұптық могулдан өзара мықтыны анықтайтын боламыз. Бұл сынның оңай болмасы анық. Дегенмен, жанкүйерлерімді жерге қаратпауға тырысамын, – деді жарыстан кейін сұхбат берген Галышеваның өзі.

Келесі күнгі жарыс шынымен де тартысты болды. Бұл жолы Юлия Галышева жүлдеге іліне алмаса да, ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетті. Шығысқазақстандық фристайлшы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, жартылай финалға шықты. Алайда, ақтық сынға берілер жолдама үшін бәсекеде Олимпиада чемпионы Перрин Лаффонға жол беріп қойды. Өкінішке қарай, Галышеваға бұл сында қола медаль да бұйырмады. Үшінші орын үшін айқаста жерлесіміз америкалық Тесс Джонсонға есе жіберді. Осылайша, Юлия аталмыш жарысты төртінші орында аяқтады.

Ал жұптық могул бәсекесінің жеңімпазы болып Перрин Лаффон танылса, күміс пен қола америкалық Джейлин Кауф пен Тесс Джонсонның еншілеріне жазылды.

Дәл осы күндері Парк-Ситиде ерлер арасындағы да жарыс өтіп, бұл сында ең тәуір нәтижені Павел Колмаков көрсетті. Жұптық могул сайысында жерлесіміз өз спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткішке (жетінші орын) ие болды. Еске сала кетейік, ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Дмитрий Рейхерд жарақатына байланысты Әлем чемпионатына келе алмай қалды.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары