Біз әлеуметтік желілердеміз

Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қамар сұлу” романын Катонқарағайда жүріп жазыпты

Тарих

Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қамар сұлу” романын Катонқарағайда жүріп жазыпты

Фото автордыкі

Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қамар сұлу” романын Катонқарағайда жүріп жазыпты

Жазушы Шыңғыстайдың бір аруына ғашық болған деседі

Халқымыздың белгілі ақын-жазушысы  Сұлтанмахмұт Торайғыров  “Қамар сұлу” романын Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында жазған екен. Романды жазуға оны баянсыз махаббат итермелегенін және де атақты туындыны Ақбас Алтайдың баурайында қоныс тепкен Шыңғыстай ауылындағы жалғыз қайыңның түбінде отырып жазғанын көпті көрген көнекөз қарттар айтып жүреді. Ауылдан тысқары тұрған сол бір қайың өткеннің куәсі іспетті.

Сұлтанмахмұт  өз романының кейіпкері Ахмет сияқты бай адамның қызына ғашық болған екен. Махаббатының баянсыз, үмітсіз болғанын ақынның кейбір өлең жолдарынан да ұғынуға болады:

Бәрі де қолдың қысқасы –

Бір күнді мойынға алмауым.

Тағдырдың шебер ұстасы,

Көрдім мен жоқ қып қарғауын,- деген өлең жолдарында ақынның шарасыздығы, қолының қысқалығы оның еркін байлап тұрғанын аңғара аламыз.

Ал, енді шежіреге тереңірек үңілейік… Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері, атақты атгер Бошай Кітапбайұлының “Тоғыз таңбалы Найман” атты шежіресінің 1-кітабында ақынның ғашығы туралы деректерге сүйендік.

Қаратай еліндегі Әбдікерім болыстың Бағила, Бағдат атты екі қызы болыпты. Бағиланы бала кезінде атасы Ережеп қажы Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы Уақ Бұқабай деген ірі саудагердің баласы Ақсолтанға бермек болып құдаласып қойған екен. Өзі сұлу, өзі әнші Бағила Сұлтанмахмұт Алтайға келгенде 17-ге шығып, толықсып отырған кезі. Қыздың ақыл-ойы мен көркі ақынның жүрегін бірден жаулаған. Бозбала ғашықтығын жасырмаған да. Сол тұстағы ғашықтық өлеңдері түгелдей Бағилаға арналған. Бағиланың да Сұлтанмахмұттан көңілі болған дейді. Алайда, қатал тағдыр бір болуға жазбаған еді… Қыздың ұзатыларда қоштасу ретінде, әрі ақынға арнап айтқаны күні бүгінге дейін ел аузында екен. Елін, жерін сағынып ішқұсамен күн кешкен Бағила екінші баласына босана алмай, дүниеден қайтыпты.

Міне, осылай өз басынан кешкен оқиға “Қамар сұлу” романының тууына себепші болған екен. Ғашығынан қол үзген Сұлтанмахмұт Шыңғыстай ауылына кіре берісте өсіп тұрған жалғыз қайыңның түбіне жиі келіп, ішінде беріш болып қатқан мұңын тарқататын. Заманның ащы шындығын әшкерелейтін шығарманың жазылуына осы қайың куә деседі жергілікті жұрт.

“Ол кезден бері қаншама уақыт өтті. Қайың ендігі қурап қалар еді”, – деп сенбейтіндер де бар көрінеді. Алайда, қайың ағашының өмір сүру ұзақтығы – 100-150 жыл екенін ескерсек, бәрі де мүмкін…

“Тоғыз таңбалы Найман” шежіресінде тағы мынандай қызықты деректі ескермей кете алмадық. Әбдікерім болыстың екінші қызы Бағдат та көрікті болыпты. Бозбала кезінде Сәрсен Аманжолов бойжеткенге сезімін білдірген екен. Бірақ Бағдат Петербург университетінің заң факультетін бітірген адвокат Ғазиз Қалбановқа деген уағдасынан қайта алмапты.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары