Біз әлеуметтік желілердеміз

“Құтқарып қалуға әбден болар еді”. Тарбағатайдағы ана өліміне кім кінәлі?

Шығыс Қазақстан

“Құтқарып қалуға әбден болар еді”. Тарбағатайдағы ана өліміне кім кінәлі?

Демежановтар отбасы

“Құтқарып қалуға әбден болар еді”. Тарбағатайдағы ана өліміне кім кінәлі?

Ауданда ана, бала өлімі жыл сайын дерлік қайталанып отыр

Ақсуаттың тұрғындары редакциямызға телефон соғып, Тарбағатай ауданында денсаулық сақтау қызметінің сапасыз көрсетіліп келе жатқанын ашына айтты. Дәрігерлер жетпейтініне, барының білімі таяз, тәжірибесі аз екендігіне алаңдаушылық білдірді. Дәрігерлердің өз міндеттерін дұрыс орындай алмауынан, кәсіби біліктіліктерінің төмендіктерінен күні кеше ғана айы, күні жетіп отырған аяғы ауыр жас ана ішіндегі баласымен қоса қайтыс болғанын хабарлады. Жайсыз оқиғаны естіген біз жағдайды көзімізбен көріп, білу үшін жолға шықтық.

АНАНЫ ДА, БАЛАНЫ ДА ҚҰТҚАРА АЛМАҒАН

Ақсуатта төртінші балаларының дүниеге келуін асыға күтіп отырған шаңырақ аяқ астынан қара жамылды. Ауылдағы Демежановтар отбасы босануға күні таяп қалған үш баланың анасы Ләззаттан да, оның ішіндегі сәбиінен де айырылып қалды. Аудандағы, облыстағы дәрігерлердің айтуынша, 9 қаңтар күні түнде ауруханаға жедел жәрдеммен келіп түскен аяғы ауыр ананы, оның ішіндегі баланы да құтқарып қалуға мүмкіндік болмаған.

Жары мен жарық дүниені көре алмай кеткен ұлын жаңа ғана жерлеп келіп, «аһ» ұрып отырған Нұрбол керісінше әйелі мен баласын аман сақтап қалуға, тым болмаса ананы құтқарып алуға әбден болар еді дейді.

-9 айда үш рет Семейге апарып, УЗИ-ге түсіріп әкелдім, желтоқсанда бір апта ауруханада жатып емделіп шықты. Әйелімнің жағдайы өте жақсы болды. 8 қаңтар күні ертесінде Семейдің перзентханасына барып жату үшін аудандық емханаға барып, жүгіріп жүріп барлық анализдерін жинады. Сол түні 9 қаңтарда сағат түнгі 2 де белім ашып ауырып тұр деп оятты. Сағат 2-ден 11 минөт кеткенде, жедел жәрдемге телефон шалдым. Жедел жәрдем де көп күттірмей келіп жетті. Қан қысымын өлшеді, 120/80 болды. Бірден алып кетті. Біраз уақыттан соң артынан мен де бардым. Жан сақтау бөлімінде екен. Медбике жүгіріп жүр. Өзге ешкім жоқ, акушер-гинеколог та, басқа да жан жоқ. 40 минөттей әйелімнің жанында Алладан көмек сұрап құр жылап отырдым, тым болмаса акушер гинеколог та келмеді, енді уақытында келдік деп басқаша айтып, ақталып отыр бізге. Бейнекамераларды қарап-ақ кімнің қай уақытта келгенін білуге болады. Мен кірген соң, әйелім отырған жеріне мені шақырып, «арқамды уқалашы, одан бетер ашып әкетіп барады» деді жыларман болып. Әйелімді осы кезде толғақ қысып жатқан екен. Алдыңғы үш баланы да алдын-ала даярлап, кесар тілігі арқылы алған. Сол себепті әйелім толғақ дегеннің қалай болатынын да білмеген сияқты. «Белім ауырады» дей берді. Арқасын уқалап отырғанда, біраздан соң реаниматолог-дәрігер Ербол Оңалбаев келіп, мен шығып кеттім. «Балаларға қара, дәрігер келді ғой», – деді әйелім кетерімде көңілі орнына түсіп. Дәрігерлер ауруханаға жеткенде, қан қысымы «нөл» болды, бәрі кеш болды дейді, «нөл» болған адам осылай сөйлеп, күтіп отыра ма, айтыңыздаршы? Бәрі де дәрігерлердің кеш қимылдауынан болды,-дейді еңкілдеген Нұрбол.

Ләззаттың өзі де үйдегі осы үйелмелі-сүйелмелі үш баласына қарайлап, қалаға ерте барып жатуға асықпай, дәрігер айтқан күні барып бір-ақ жатам деп дайындалып жүрген. Бар болғаны бір жарым жастағы баласы, жеті, тоғыз жастағы балалары енді аналарынан мәңгілікке айырылды. Өксіктерін баса алмай отырған үлкендері жүздерін жасыра қыстыға жылап, әкелерінің бауырына тығылды.

ЖАРАТҚАННЫҢ МАҢДАЙҒА ЖАЗҒАНЫ МА БҰЛ?

Еңкілдеген әкені, өксіген балаларды жұбатуға сөз таппай қиналдық… Адам баласы бұл фәниден өткенде, тағдырдың маңдайына жазғаны осы болып, Жаратушының қалауымен талқаны таусылды делініп жатады. Алайда бүгінде елде медициналық озық технологияны мықтап дамытып, құрал-жабдық біткеннің бәрін жаңалап, бүйрек, бауыр, жүректі де ауыстыра алатын уақытқа жетіп келеміз деп жатқан 21-ғасырда отырып, аяғы ауыр ананы, іштегі баланы құтқарып қалуға дәрігерлердің шамасы жетпей жатқаны өкінішті. Дәрігерлер өздерінің қолынан келмесе, санавиация шақырып немесе облыстағылармен байланысқа шығып, білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, шұғыл шешім қабылдап, ана мен бала өмірін сақтап қалуға болмас па еді?! Қажетті жедел дәрігерлік көмекті шұғыл жасай алмаса, кенеттен келген ауруға араша бола алар білікті дәрігер жетіспесе, көрсетіп, жария етіп жазып жатқан жоғары технологиялардан ауылдағы халыққа қандай қайыр? Жалпы, аудандардағы ана мен баланың, аяғы ауыр аналардың денсаулығын қадағалап, бақылайтын облыстағы және жергілікті жердегі дәрігерлердің жұмысы жүйелі жүргізіліп отыр ма? Көкейге келіп кептелген басқа да көп сұрақ бар бұл оқиғаға байланысты.

-Таңертең аудандық аурухананың бас дәрігері де мамандармен бірге мәйітті медициналық, потологиялық сараптамаға қалаға алып кетті. Бас дәрігердің ананың тірі кезінде емес, өлген соң бұлайша зыр жүгіріп жүргені қалай, адам жаны емес, сараптама қорытындысы қымбат па ол дәрігерге?! Дәрігерлерден білгеніміз, толғақ қысқанда, жатырдағы бұрынғы кесар тілігі жарылып кеткен. Ауруханаға барған соң, ол жерге дәрігерлер үйлерінен жиналып келіп, қимылдап кірісіп болғанша, іштегі жарылған тіліктен кеткен қан кесірінен қан қысымы түсіп кеткен. Ота жасау үшін қайтадан қан қысымын көтереміз деп білгендерін істеп жүргендерінде көп қан жоғалтып, өліп кетті. Тоғыз ай бойы ауырмай, баласын аман-сау көтеріп келген Ләззаттың қайтыс болуы осындай жағдайда көрсетілуі тиіс жедел шаралардың уақытында, шұғыл әрі дұрыс жасалмауынан деп ойлаймын. Дәрігерлердің өз міндеттерін дұрыс орындамауынан, білместіктерінен Ләззат та, баласы да қайтыс болып кетті. Ауданда ана, бала өлімі жыл сайын дерлік қайталанып отыр. Барлығында да кінәні қайтыс болған аналардың өзіне жабады. – дейді Нұрболдың апайы Майгүл Демежанова.

Біз Ақсуатқа барғанда, аудандық арухананың бас дәрігері осы оқиғаға байланысты тағы да Өскеменге кетіпті.

Туған-туыстарының аяғы ауыр Ләззаттың дәрігерлердің дер кезінде тиісті көмек көрсете алмауынан қайтыс болды деп айтқандарының бәрін Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы аудандық аурухананың акушер-гинекологы Гүлнар Баянбаева жоққа шығарды:

-Бізге сараптама қорытындысы әлі берілген жоқ. Оның алдында анада үш кесар тілігі болған. Онымен көтеруге болмайды дегенімізде, облысқа барып, ЦМИР-ден жергілікті жердегі дәрігердің бақылауы бойынша көтеруге болады деген қағазын алып келді. Ол қаңтардың 9-10 күні қалаға кеткелі отырған, 16 қаңтарда қаладағы үшінші деңгейлік ауруханаға жатқызу жоспарланған. Ол жедел жәрдеммен жеткізілгенде, мен болған жоқпын, жедел жәрдем оны алғаннан кейін, судорогы бар бір ауру баланы алуға барыпты. Бірақ кейін сағ 2 .40-та келдім, ол кезде әйел аппаратпен әрең демалып жатыр екен, агональді жағдайда болды. Ішін тыңдағанда, баланың жүрек соғысы естілмеді, аппаратпен қарадық, бұл кезде ішіндегі бала да өліп кетіпті. Жүректі іске қосу үшін дефибрилляторды да қолдандық, еш нәтиже шықпады. 1 сағат 10 минөт бойы жедел құтқару шараларын жасадық.

Осылай деген акушер-гинеколог бүгінде бұл ауруханаға гинеколог мамандары аса қажет екендігін айтты. Оның айтуынша, Ләззат соңғы уақытта гинеколог маманға емес, СВА-дағы акушерге қаралып, соның «бақылауында» болып келген. Аяғы ауыр ананың учаскелік акушер-гинекологы болған М.Үмітбекова болса былтыр күзде Семейден резидентураны бітіріп келіп жұмыс істеп жатқан жас маман екен. Нұрбол қан қысымы, грыжа, үш бірдей кесар тілігі бар болуы себепті (мұндай тілікпен тіркелген ана аумақта біреу ғана болған) жағдайы ерекше бақылауды қажет ететін Ләззаттың жаңадан келген жас маманның және гинекологияны білмейтін жай ғана акушердің бақылауында болып келгенін де енді біліп, өзегі өкініштен өртеніп отыр.

Гүлнар Баянбаева: «Бүкіл Ақсуат жағына екі-ақ акушер-гинекологпыз. Біреуіміз перзентханада, біреуіміз астында қабылдау орнында, әйелдерге кеңес беріп (ред. жаңағы жас маман) отырамыз», – дейді. Ал аурухана басшысының статистикалық мәселелер жөніндегі орынбасарымын деген дәрігер болса «ауруханада акушер-гинекологтар жетеді, невропотолог та бар» деп, ауыл халқы жоқ, аса қажет деп айтқан невропотологтың қызметін психиатр қоса атқарып жүр, бізде маман тапшылығы жоқ деп безек қақты. Бұл сонда жоқ маманның қызметін екінші біреуге қосып беріп, мекеменің қаржысын үнемдеудің түрі ме, әлде дәрігерлерге бірнеше қызметті қоса атқартып, еңбекақыларын жоғарылатқандары ма? Жас маман Үмітбековаға жағдай жасалып, мемлекеттен 3 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, отбасына екі бөлмелі баспана берілген. Жас маман гинекология стационарында және оның бірінші қабатындағы әйелдерге кеңес беру орнында жалғыз өзім істеймін, ешқайда үлгермеймін, уақыт жетпейді дегенді айтты бізге. Соңғы рет ауырар күні 8 қаңтарда аяғы ауыр ана тағы да өзінің осы учаскелік акушер-гинекологына емес, жай акушерге барып қаралған. Үмітбекова «бұл күні мен отчетпен отырдым» дейді.

Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Е.,Сабырбаевтың айтқанындай, ауданда дәрігер мамандар жетіспейді. Әкімдік дәрігерлерді ауданға тартумен белсенді түрде айналысып жатыр.

Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

-Ауданда дәрігер мамандарының жетіспеушілігі мәселесін мүмкіндігінше шешіп жатырмыз. Жуықта ғана Семей медициналық академиясында өткен мамандар жәрмеңкесіне барып, ауданға оқу орны түлектерін тартуға келісім жасасып қайттық. Биыл тағы да осындай шараларға баруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Тарбағатай ауданының орталық аудандық ауруханасына және Тарбағатай ауданының ауданаралық ауруханасына офтольмолог, маммолог, терапевт, акушер-гинеколог, неонотолог, анестезиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, стаматолог, барлығы 17 дәрігер қажет. Аудандағы жедел-жәрдем көліктері жаңа болғанымен, шалғайдағы ауданға, елді мекендерге тез жетуге, ауырған науқасқа шұғыл жан-жақты көмек көрсетуге тиімді реанимобиль сияқты жүрдек әрі арнайы медициналық көліктер қажет. Бұл мәселе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының алдына қойылған

Облыс көлемінде жыл сайын жаңадан тіркеліп жатқан бірнеше ана өлімі, қаншама бала өлімі біздің өңірде бұл мәселенің өте шетін тұрғанын көрсетеді. Ақсуатта 2015 жылы да аяғы ауыр ана қайтыс болған. Одан кейін осы ауданның тағы бір жас босанған анасы былтыр Өскеменде ана мен бала орталығында қайтыс болған. Аудандағы жүктілігі 38 апталық тағы бір аяғы ауыр ананың іштегі баласы өліп қалған. Ең өкініштісі, бұл оқиғалардың бәрі облыс, аудан дәрігерлеріне сабақ болмай отыр.

Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім. Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер. Кеше ғана осы үйдің шуағы болып отырған үш сәбидің анасы ауыл сыртындағы ақ далада томпайған төмпешік қана болып жатыр енді. Олардың бақытты күндерін ұрлап, анасынан айырған Жаратқанның ісі, маңдайларына жазылған тағдырлары ма, әлде бүгінгі заманның біліксіз дәрігерлерінің ісі ме? Аяғы ауыр ананың баласын болмаса да, өзін құтқарып қалуға болар ма еді?

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары