Біз әлеуметтік желілердеміз

Шығысқа келіп шаңғы тебу қанша тұрады?

Туризм

Шығысқа келіп шаңғы тебу қанша тұрады?

Шығысқа келіп шаңғы тебу қанша тұрады?

Алтайға әдеттегідей бір топ блогер келіп кетті. Бұл жолғы сапар туризмді насихаттап, көпшілікке арналған шаңғы спорты, жалпы шығыстағы  қысқы демалыс орындарын желідегі жұртқа кеңірек таныстыру мақсатында ұйымдастырылған.

Қонақтар  ұшақтан түсе салысымен тізгінді бірден Өскеменнің іргесіндегі «Алтайские Альпы» шаңғы базасына бұрдық.  Бұл жер қаладан 30-ақ шақырым жерде орналасқан, алыс деп айтуға келмейді. Созылған Алтай сілемдерінің жазыққа келіп  аяқталатын тұсындағы таулар тым биік емес. Тау шаңғысына арналған бугель яғни арқан жолдар үшін ең ыңғайлысы осы. Сосын бұл жерлер өте әдемі. Көк түтінге көмілген Өскеменнен шыға салып қардың ақ ұлпасын көтере алмай тұрған қалың қарағай мен шыршаның арасына кіріп кетесіз. Болды. Одан кейінгіні бір ертегі әлемі дей беруге болатын шығар. Үйткені мұнда табиғат атты шебердің ғана қолынан келетін сұлулық бар. Түп-түзу өскен таудың тәкаппар шыршалары мен Алтайға еркелген әппақ қайыңдар…

«Қардың өзі «оригинал» ма қалай, басқанда мүлдем басқа дауыс шығады екен», деп жатты қонақтардың бірі.  Таудың тұнық ауасы мен мүлгіген тыныштықтан алуға болатын рахатты қосып қойыңыз бұған.

Енді «Алтайские Альпы» базасы туралы біраз мағлұмат бере кетейік. Үлкен сайдың ішінде қонақ үйлер орналасқан. Таудың екі жақ беткейінде төрт шаңғы жолы мен биікке  көтерілетін  екі (бугельді арқан және кресло) жол бар. Өскеменнің маңайындағы  адам көп баратын  жерлердің бірі осы. Өйткені қай жолдан болсын үстіне қызылды-жасылды  шаңғы костюмін киіп алып құйғытып бара жатқандарды көрер едіңіз. Биіктігі 1 шақырымға жуықтайтын тау жолдарында таңдау көп. Ол үшін мына суретке қараңыз.

Шаңғының құлағында ойнайтындарға  меселі қайтпасын деп  арнайы  тау бедерлерінің күрделі  жерлері таңдалып берілген. Одан қалса орташа жолдар немесе жаңадан үйреніп жүргендерге арналған жайпақтау төбелер ұсынылады. Келушілер аталмыш базаның осы артықшылықтарына қызығатын болуы керек. Бірақ бұл жерде де бір «бірақ» бар. «Сырт көз – сыншы» демекші  қонақтардың көңілі толмай жатқан дүние  – мұндағы асхананың қызмет сапасы. База директоры Александр Чиликин жаңа жобалар ойластырылып, алдағы уақытта бұл жерде әлемдік стандарттарға сәйкес қызмет сапасы жоспарланып жатқанын айтты. Дегенмен шаңғы базасына қазірдің өсінде қанша қаржы және күш-қайрат салынғанын байқау қиын емес. Тау жиегіндегі омбы қардың  арасынан түтіні будақтай қаз-қатар орналасқан шағын және сүйкімді ағаш үйлер, монша, шаңғы жолдары, жалға берілетін спорттық керек-жарақтар  түнгі сырғанақ үшін тау жолдарын жарықтандыру, қонақ үйлер қызметі бәрі-бәрі бір-ақ күнде жасалмаған дүние екені белгілі.

Енді «бағасы қанша?» деген заңды сұрақ туады ғой. Бағасы анау айтқандай тым қымбат емес, арзан деуге де келмейді. Ең бастысы бұл жердегі басымдық  шаңғы жолдары мен шаңғы тебуге берілген. Шаңғыға қатысты бағаның бәрі халықтың қалтасына сай кесіп-пішілгендей болып көрінеді. Басқа дүниелерге  база басшылығы онша бас ауыртпаған да сияқты. Әлгі сән мен салтанаттан майысып тұрған «домиктерден» гөрі бұл жерде  түрлі-түрлі шаңғы бағыттарына, орындығы бар арқан жолдарға көбірек көңіл бөлінген.

Шағын ағаш үйлердің (екі кісілік, жартылай люкс) бір тәуліктік жалға алу құны – 22 мың теңге екен. Одан да арзаны бар. Қонақ үйде жатып шаңғы тебем десеңіз екі кісілік стандартты бөлменің бағасы 14 мың теңге ғана. Таңғы және түскі ас көрсетілген бағаның ішіне кіреді.

Өскемендіктер  тауы үйінің жанында тұрғандықтан бұл жерге қону үшін емес тек шаңғы тебу үшін ғана келеді. Бугельді арқан жолмен бір рет көтерілудің құны 450 теңге, кресло-жол – 550 теңге. Сонымен қатар 3 мың теңге төлеп қойып күні бойы лимитсіз көтеріле беруге болатын ски-пасс нұсқасы және бар. Ал алыстан келетін қонақтар үшін жалға берілетін бөлмелердің тәуліктік бағасын жоғарыда айтып кеттік. Бір күнге шаңғыны жалға алудың құны – 3 мың теңге. «Өскеменнен Алтайские Альпы» базасына жету үшін  такси жалдауыңыз керек. Ол да 2000-3000 теңгенің айналасында. Демалыс күндері Өскеменнен базаға дейін тегін автобустар жүріп түрлі жеңілдіктер де ұйымдастырылып жатады ол туралы  жуықта жазған болатынбыз. Толық ақпарат мына сайтта.

Такси демекші, Өскеменге келген қонақтың ұялы телефонында міндетті түрде «Индрайвер» немесе «Апару» сияқты  мобилдік қосымша болғаны дұрыс, Өскеменде көшеде қол көтеріп тұрған адамға бос кетіп бара жатқан таксидің өзі тоқтамайды. Солай қалыптасқан. Ұшақтан не пойыздан түсе салысымен жаңағы айтқан мобилді қосымшаңызға  баратын жеріңіз бен тұрған жеріңізді жазсаңыз болды, әп-сәтте такси келеді.

Бүгін айтып отырғанымыз Өскеменнің маңайындағы бір ғана шаңғы курорты. Бұдан басқа қаладан 35 шақырымдай жерде орналасқан «Нұртау» базасы бар. Риддердің маңында бірнеше қысқы туризм нысандары бар, олар туралы кейінірек.

-Еуропада халықтың 20 пайызы шаңғы тебеді. Ол үшін күніне 40 еуро, біздің ақшамен 16 мың теңге жұмсайды. Ал бізде өмір сүру деңгейі  төмен. Өңірдегі халықтың бір пайызы ғана шаңғы тебеді. Біз алдымен қазақстандықтар мен тым құрығанда ресейлік туристерді тарту үшін, жағдай жасап алуымыз керек. Өз туристеріміз өз елімізде демалса ол да тау-шаңғы базаларының бос тұрмауына айтарлықтай сеп,-дейді «Алтайские Альпы» тау шаңғы кешенінің құрылтайшысы Александр Чиликин.

Оның айтуынша, бүгінде тау шаңғы кешендерінің маркетингі өте әлсіз жүргізілуде. Содан болар, көп жағдайда отандастарымыз қызмет көрсету деңгейі ешкімнен кем түспейтін өзіміздің базаларды емес, шетелдік курорттарды таңдап жатады.

Александрдың ойынша, облыста қысқы туризмді дамыту үшін ең алдымен жергілікті халық арасында да насихат жұмыстары жүргізілуі керек екен.

– Шаңғы тебу, салауатты өмір салтын ұстану бұқаралық сипат алғанда ғана қысқы туризмді дамытуға мүмкіндік туады, тек сонда біздің базалар бос тұрмайды. Қазіргі уақытта ең негізгі мақсаттың бірі халықты, әсіресе, өскелең ұрпақты шаңғы спортымен айналысуға баулу, – дейді ол.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары