Біз әлеуметтік желілердеміз

Туберкулезбен ауыратын адам Бобровка мектебінде аспаз болып келген

Шығыс Қазақстан

Туберкулезбен ауыратын адам Бобровка мектебінде аспаз болып келген

Туберкулезбен ауыратын адам Бобровка мектебінде аспаз болып келген

Глубокое ауданы Бобров ауылындағы мектеп асханасының қызметкері туберкулезбен ауыратын болып шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ата-аналар қауымы дабыл қағуда.

– Бұл шағын ғана ауыл. Бәрі бір-бірін таниды, біледі. Жуықта асхана қызметкерінің туберкулездің ашық түрімен ауыратындығы белгілі болды. Қатты састық. Ең бастысы, бұл туралы заңды түрде ешкім мәлімдемеді. Балалардан үн-түнсіз сынама ала бастаған. Ауылда басқа да осындай ауруға шалдыққан адамдар бар. Сондықтан алаңдаймыз. Балаларды қалай қорғаймыз? – дейді оқушының анасы.

Мектеп әкімшілігі бұл ақпаратты растады. Сырқат адамды жұмысқа алған асхана иесі, яғни асхананы жалдаушы кәсіпкер жауапқа тартылатындығын айтып отыр.

Айтпақшы, асхана қызметкері қыркүйектің 3-і күні емханадан тексерістен өткен. Мұны медициналық кітапша дәлелдейді. Ал оған жұмысқа орналасуға кім рұқсат берді? Осы жай ақ халаттылардың назарынан қалайша тыс қалды? Жұмбақ…

Қызметкердің науқасқа шалдыққандығы қазан айының орта шенінде баршаға белгілі болды. Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, науқас 8 қазанда Винное ауылының жедел жәрдем көмегіне жүгініпті. Ыстығы көтеріліп, жөтел күшейген. Бұл күй екі аптаға созылған. Ал дәрігерлер «бронх қабынған» деп диагноз қойған.

Сонымен, ол 16 қазанда жедел жәрдем көмегімен пульмонологиялық бөлімге жеткізіледі. Рентген нәтижесі мұның ешқандай да бронхит емес, туберкулездің жұқпалы түрі екендігін айғақтап береді. Науқас облыстық диспансерге жөнелтіледі.

– Науқас оңаша бөлмеге жатқызылды. Онымен ешкім бетпе-бет сөйлесе алмайды. Асхана қызметкерлері бұл жайдан кейін толықтай тексеруден өтті. Нәтижесі жақсы, – деді Лариса Юдина, Бобров мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы.

Ұлттық сараптамалау орталығының көмегімен мектеп аумағы толықтай дезинфекцияланған. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті оқиғаны бақылап отыр.

– Глубокое аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау орталығы, Бобров ауылдық амбулоториясы, мектеп және ондағы медицина орталығы мен асхана қызметкерлерінің тексеру нәтижесінде заң бұзғандығы анықталды. Асхананы жалға алған кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалды. Іс әлі қаралып жатыр, – деді Ғазиз Сүлейменов, қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары