Біз әлеуметтік желілердеміз

ШҚО-да психикалық ауытқуы бар ер адам науқас ағасын өлтірді

Фотосурет ашық дереккөздерден алынды

Қылмыс

ШҚО-да психикалық ауытқуы бар ер адам науқас ағасын өлтірді

Ағасы жуықта инсульт алып, төсек тартып жатқан екен

ШҚО-ның ауылдарының бірінде  психикалық ауытқуы бар ер адам ағасы мен оның құрбысын пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

ШҚО қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының материалдарына сүйенсек, қанды оқиға 7 қаңтар күні орын алған екен.

Қайратқа (кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп алынды) қойылған “шизофрения” диагнозы туралы ауылдастары жақсы білетін. Бірақ сырт көзге дені сау, ақыл-ойы дұрыс адам болып көрінетіндіктен, ешкім одан үрейленбеген. 60 жастағы ер азаматтың тағы бір кемшілігі бар еді – ол ішімдікке әуес. Дегенмен, мас күйінде де ешбір адамға қауіп төндіріп көрген емес. Сол қанды оқиға орын алған күнге дейін…

Қайраттың ішімдікке әуестігін пайдаланатындар да бар еді. Ауылдастары оны үйлеріндегі шаруаға жәрдемдесуге шақырып, арақ-шараппен алғыстарын айтып жүретін.

7 қаңтар күні таңертең ауыл тұрғындарының бірі Ольга үйреншікті әдетпен Қайратты үйіне шақырып, көмір тасып жіберуге болысуын сұрайды. Артынан «бір жартысын» құйып, шығарып салады.

Масайрап алған Қайрат Ольганың үйінен шығып, жуықта инсульттан кейін төсек тартып жатқан ағасы Жексенге барған. Денесінің сол жақ бөлігі толық қимылдамай қалған Жексен өзінің құрбысы Айнашпен бірге тұрып жатқан еді.

Келген қонаққа қуанған екеуі дастарқан жайып, ортаға арақ-шараптан да қояды. Араларында қандай әңгіме болғаны белгісіз, бірақ екі сағаттан кейін Қайрат ол үйден күрт бұзылған көңіл-күймен шығып кеткен. Таңертең «бір жарты» құйған Ольгаға барады. Бірақ әйел оны үйіне кіргізбей қояды.

Бұдан кейін Қайрат ауылдағы дүкеннен тағы ішімдік сатып алып, ағасының үйіне қайта бет алыпты. Олар да есік ашпайды. Терезеден жанып тұрған жарықты көрген соң үй ішіндегілер бұған есікті әдейі ашпай отыр деген ой туады. Сол маңнан тауып алған кірпішпен асүйдің терезесін шағып кірген. Бұл әрекеті үй иелерінің ашуына тиеді. Қайрат үстелде жатқан пышақты алып, алдымен жанжалдаса кеткен Айнашқа 9 жерден соққы жасайды. Мойын артериясынан жарақат алған әйел сол жерде көз жұмды.

Осы кезде төсек тартып жатқан ағасы көз алдындағы қылмысты дәрменсіз күйде еш әрекетсіз бақылап жатуға мәжбүр болған екен. Әйелді өлтіргеннен кейін Қайрат ағасына да екі жерден пышақ салып алады.

Бұдан кейін үйден шығып, жолдың бойымен келе жатқан Қайратты полиция патрулі тоқтатады. Мас күйде көше кезіп жүргендіктен, полицейлердің назарына өзіне аударған көрінеді. Алайда Қайрат «Ана үйде екі адамның мәйіті жатыр» деп бірден тәртіп сақшыларына қылмыс орнын өзі көрсетіпті.

Сотта Қайрат өзін ҰҚК генералы екенін және президентке қоңырау шалатынын айтып, кінәсін мойындамаған.

Қылмыстық істі егжей-тегжейлі қараған сот оның адам өлтіруге саналы түрде барды деген қорытындыға келді. Соттың шешімімен Қайратқа 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары