Біз әлеуметтік желілердеміз

Жерлесіміздің жақсы жаңалығы бар

Өнер

Жерлесіміздің жақсы жаңалығы бар

Қазақстандағы дыбыс жазу студияларында домбырамен ән айтатындарға бір, кейде дом­быра мен дауысқа арнап екі микрофон қояды. Ал Алекс есімді дыбыс операторы менің жаныма бес микрофон орнатты.

«Айқын» республикалық газетінің 25 тамыз күнгі санында «Ұлыбритания екінші тынысымды ашты» атты күміскөмей әнші Ерлан Рысқалимен сұхбат жарық көрді. Сұхбат барысында біраз уақыттан бері ағылшын жерінде тұрып жатқан әнші жақсы жаңалығымен бөліскен екен. Шығыс жұртынан сүйінші сұрап, жерлесіміздің қуанышын жеткізуді біз де өзімізге міндет санадық.

– Отбасымызбен Ұлыбри­та­нияның Лестер қаласына көшіп келіп, қоныстанғанбыз. Ол қала Лондоннан бір жарым сағаттық жерде орналасқан. Англия бойын­ша ең жылы, ең шағын, жинақы шаһар екен. Барғандағы мақсаты­мыз – «Қазақ» және «Шалқар» радиосының журналисі, келін­шегім Жадыра Жұмакүлбай «Бола­шақ» бағдарламасымен оқуға түскен болатын. Сол себеппен осында келіп қалған жайымыз бар. Мен де ол жаққа барғалы бері текке жатқан жоқпын… – деп бастаған екен әнші әңгімесін.

Иә, сол елде Ерлан Рысқалидың «Маңмаңгер» атты ән жинағы жарыққа шықты. Әншінің өзі былай дейді:

– Бұл жобаға алты айдай дайын­­далдым. Әуелі, Лестердегі барлық дыбыс жазатын студия­ларды қарап, таңдап, бағалары мен сапасын салыстырып шықтым. Ақыры бір жақсы студияға тоқ­талдым. Ол Лестердегі ғана емес Англиядағы алдыңғықатарлы ды­быс жазу орталығы екен. Өйткені бұл жерге Еуропаның беделді ән­шілері келіп, дыбыс жазады. Орта­лықтың техникасы – әлемдегі брендке айналған мықты фир­ма­лардың өнімдерінен жасақталған. Өте заманауи. Сондай студияда кәсіби біліктілігі жоғары әрі өз жұмысына адал мықты маманның жұмыс істеуі сіздің шығармашы­лығыңызға әсер, шабытыңызға шабыт қосады екен. Айтайын дегенім, Қазақстандағы дыбыс жазу студияларында домбырамен ән айтатындарға бір, кейде дом­быра мен дауысқа арнап екі микрофон қояды. Ал Алекс есімді дыбыс операторы менің жаныма бес микрофон орнатты. Біреуін қарсы – алдыма, екіншісін – оң жағыма сәл жоғарырақ, үшіншісін сол жағыма сәл төменірек қойды. Бір күні «микрофондарды неге олай қойдың?» деп сұрасам «дауыс­ты тексеру кезінде байқа­ғаным – сіз көбінесе ән айтқан кезде оң жаққа қарай басыңызды көтереді екенсіз. Сол кезде ауыз­дың да деңгейі көтеріледі. Ал домбыраңыздың мойнына қараған кезде басыңызды сол жаққа қарай еңкейтесіз. Бұл уақытта да дыбыс ауытқиды» дейді. Алекс соның бәрін қарап, ескеріп отыр. Яғни, ол үшін бірінші кезекте жазылған дауыс қай тұрғыдан да сапалы шығуы тиіс. Осы дискінің шы­ғуына көмектесіп демеушілік жа­саған Медіғат Құлжанов, Жомарт Омаров және Шыңғыс Құлжанов сынды ағаларыма ерекше алғыс айтамын.

Әңгіме әрмен қарай былайша өрбіді:

– Жинаққа халық компози­тор­ларының шығармалары мен халық әндері енді. Оның ішінде Абай, Сегіз сері, Ақан, Біржан, Уәйіс аталарымыздың әндері бар. Одан кейін солардың ізімен шыққан Кеңес кезіндегі Манарбек Ержанов, бертіндегі Тұрсынғазы ағамыз, Әділбек Атығаев, Секен Тұрысбеков, Кентау Назарбеков сияқты композиторлардың әндері жинаққа кірді. Одан кейін өзі­міздің Шал ақынның, Дулат Баба­тайұлының жырлары, толғауларын енгіздік. Жалпы бас-аяғы 38 ән таңдап алынды. Екі табақтан тұ­рады. Дискінің өзінің де, сыртын­дағы қорабының да сапасы жо­ғары. Шалғайда жүрсем де тыңдармандарыма өзімнің есеп беруім болсын деп, осы жобаны қолға алып, аяқтап отырмын. Бұл еңбекті – Сегіз серінің 200 жыл­дығы, Естайдың 150 жылдығы, Әміренің 130 жылдығына және Астананың 20 жылдығына қосқан кішкентай үлесім деп есептеймін. Жинақ Англияда таратылмайды. Ол үшін ән авторларынан жазбаша рұқсаттарын алуым керек екен. Алайда ол көп уақытты алып кете­тіндіктен, «тек Қазақстанда ғана таратылады» деген шартқа келісім бердік.

Ән жинақтың тұсаукесері де шет елде өтеді.

– Бұйырса, қыркүйек айының соңы, қазанның ішінде елге келіп қа­латын шығармыз. Оған дейін, қыркүйек айының ортасында Англияда «Маң­маңгер» жина­ғым­ның тұсау­кесерін жасасақ деп отырмыз. Әзірге бұл мәселе жайында сол жақтағы елші Ерлан Ыдырысов ағамызбен ойласып, ақылдасып жатырмыз. Бәрі жақсы шешілер болса, ән жинақтың тұсаукесерін шет елде салтанатты түрде атап өтілмек, – деп түйіндеді сөзін Ерлан Рысқали.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары