Біз әлеуметтік желілердеміз

Семейде Шәкәрімнің 160 жылдығына арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.

Тарих

Семейде Шәкәрімнің 160 жылдығына арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.

Қазақтың классик ақыны, Абайдың шәкірті және немере інісі Шәкәрім Құдайдердіұлының биыл туғанына 160 жыл және ақталғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы ақының өмірі мен шығармашылығына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның тұлғасын сомдайтын деректерге назар аударып келеді. Осы мақсатта музей қызметкерлері әдеби кештер, кездесулер, тақырыптық көрмелер, танымдық сабақтар өткізуде. Биыл да ақынның мерей тойына жан-жақта дайындық жасап, қаладағы «Ақшың» корпорациясында «Әрқашан ұмытылмасқа» атты әмбебап көрме ашып отыр.

Шара барысында Семейдегі «Ақшың» корпорациясының президенті, «Шәкәрімтану мәселелері» атты бес томдық ғылыми жинақты қаржыландырған белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбай осы шараны ұйымдастырушы Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековті «Абыралы-Дегелең»қоғамдық қоры атынан арнайы төсбелгімен марапаттады.

-«Әрқашан ұмтылмасқа» көрмесінің көлемі 7 сөрені қамтиды,-деді Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми хатшысы Шынар Мұратқызының,-әр сөре белгілі бір тақырыптарға бағытталған, кейбір жәдігерлер көрмеге бірінші рет қойылып отыр. Мәселен, бүгінгі күнге жеткен Шәкәрімнің 3 суретінің бірі – құжаттық портреті. Осы суреттің екі данасы сақталып келеді. Екеуінің де сыртында қажының өз қолтаңбасы бар. Екеуі де екі адамға естелік үшін жазылған. Екі жазуда да «Ұмытылмас үшін» деген сөзге басымдық берілген. Қалай дегенмен де, бір ғана осы мысалдардың өзі Шәкәрім қажының ішкі толғаныстарынан едеуір хабар береді.
Шынар Мұратқызының айтуынша, 1969 жылы Ахат Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайына Шәкәрім мұрасын қалпына келтіру мақсатымен ғылыми қызметкер болып шақыртылады. Сол жерде Ахат әкесінің бар еңбектерін жинақтап, жүйелейді және латын әліпбиінен кириллицаға көшіреді, Шәкәрім туралы естеліктер жазады, үнтаспаға құнды деректер қалдырады. 1984 жылы дүниеден өткенінше Ахаттан әкесі туралы 36 құжат, 51 қолжазба шығармалар (7318 жол поэма, 25431 жол өлеңдер, 813 бет прозалық шығармалар мен естелік әңгімелер) дайындалыпты. Олар Ахаттың өз өсиет-тілегі бойынша Семейдегі Абай мұражайының негізгі қорына тапсырылады.

Арысын есептемегеннің өзінде, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1905 жылдан бергі өмірін ғылыммен айналысуға түбегейлі арнаған тұлға. Мекке сапарын сандаған кітаптар мен ғылыми еңбектерге қол жеткізуге арнап, елсізден тошала салып, кедергісіз жазуға отыруды не үшін мақсат тұтты?! Себебі, көшпенділік үрдіс үзіліп, дала дәстүрі мен бабалар институытын жат танымдар баса-көктеп иектей бастағанда ел ертеңін ойлаған абыздар жатпай-тұрмай сол бір «жымысқы зұлматқа» қарсы тұратын имунитет қарастырды.
Шәкәрім үшін соның бірі де бірегейі – Абай, Абай мектебі еді. Абай мектебінен өткен, Абай аманатын арқалаған Шәкәрім ұлы ақын өсиетін өз дәрежесінде орындау үшін бар күш-жігерін жұмсады. Не үшін жұмсады? Алмағайып кезеңде ел қараңғылық қамалында қалып қоймаса екен, жұртқа ағартушылық жол іздеді. Оны тапты да. Ол – Алашты да, адамзатты да адастырмайтын Ар ілімі еді. Бірақ, ақ пен қызыл текетіресі, больщевиктердің төңкерісі, үстемдік алған кеңес үкіметі, атейзмдік көзқарас, бұлардың бәрі өздеріне дейінгіні сырып тастап, бар білім мен тарихты өздерінен бастағысы келетінін бірден аңғартты.

Расында жаңа үкіметтің беталысы да абыз ақынды алаңдатпай қалған жоқ. Кеңес үкіметінің өзіне дейінгінің бәрін ұмыт қылатынын жақсы сезді. Ақырында «Шіркін, осы жазып жатқандарымның халыққа қажеті бар ма, жоқ па, бар болса қандай, жоқ болса не себепті, осындай сауалдарға пікір естіп өлсем арманым болмас еді» деп ағынан жарылды. Күдігі күн сайын қалыңдай түссе де келешектен күдер үзбеді. Сол себепті болса керек, жұртқа берген қолтаңбаларында «ұмытылмасқа», «ұмытылмас үшін» деген сөздерді тұрақты пайдаланған.

Міне, абыз ақынның өз қолымен жазған жазулары мен шығармаларын таразылай келе, ойшылдың рухымен сырласа отырып, «Сіз енді ешқашан ұмытылмайсыз» деген пейілмен көрме атауына Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әрқашан ұмытылмаса» деген өз сөзі лайық деп таңдалды.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары