Біз әлеуметтік желілердеміз

«Ағашаяқ» деген атпен алашқа танымал болған Назар Жүндібайұлы туралы

Шартты сурет

Шығыс Қазақстан

«Ағашаяқ» деген атпен алашқа танымал болған Назар Жүндібайұлы туралы

Ағашаяқ – цирк өнерінің бір түрі.

Қазақ даласында билерден билік кете бастағанда, сал-серінің дәурені өрледі. Шаршы топтың серкесі, шашбаулының еркесі болған Ақандар жайлы аңыз көп. Ал серілік дәурен сыр бергенде, сахара сахнасына «ағашаяқ» деген атпен көтерілген тұлғалар болды. Олардың алғашқысы – Назар Жүндібайұлы.

Ағашаяқ – цирк өнерінің бір түрі. Қазақ даласына шамамен өткен ғасырдың отызыншы жылдарында келген. Шамаласаңыз, ол – көшпенді елде ірі сауда орталықтары ашылып, мәдениетте ауыс-қиыс болып жатқан кез. Орыстар бұны «ходули» дейді. Біздің ел «ағашаяқ» деп атап кеткен. Бұл өнерді жәрмеңкемен бірге келді деп жат санаудың жөні жоқ. Өйткені Назар, Берікбол, Рақымберді – екі аяғына балдақ таңып, желген атпен жарысудан бөлек жеті өнерді меңгерген біртуарлар. Білімдіні де, білектіні де бет қаратпады. Керек жерде отты аузымен бай-манаптың мысын басты. Оларды бүгінгі ұрпақ білмегенімен, бізге дейінгілер жазып кеткен екен.
Алғашқы ағашаяқ Қазақ даласында осыдан 200 жыл бұрын туған. Бұдан кейін Берікбол Көпенұлы мен Рақымберді шыққан. Белгілі ғалым Сәрсен Аманжолов «Қазақ диалектологиясы» атты еңбегінде осы үш өнерпаздың да есімін атап көрсетеді.

Назар Жүндібайұлы туралы мәліметтер Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау», Қайыртай Керейбаевтың «Қазыналы Қалба» еңбектерінде кездеседі. Оларға сүйенсек, найман ішіндегі матай руының таскелтір атасына жатады. С.Аманжоловтың «Қазақ диалектологиясында» Назардың 1818 жылы туып, 1898 жылы өмірден озғаны анық жазылған. Ал туған жері бұрынғы Семей облысы, Өскемен уезі, Делбегетей болысы, Сапақ ауылы деп көрсетеді ғалым. Алтынбаев пен Керейбаев кітабындағы Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округіне қарасты Жаңауылдың Саттық қыстағында туған деген жолдар ғалымның дерегін тек толықтыра түседі. Саттық атауы сол жердегі Сатты бұлағынан туса керек. Назардың зираты да осы бұлақтың бойында дейді жазушылар. Бейіт басында араб графикасымен аты-жөні жазылған белгі болған көрінеді. Тек кейінгі жылдары ескерткіш тас қолды болған.

Жасынан домбыра ұстап, серілік құрған Назар он сегізінде-ақ әнші, ақын, сері, балуан деген атаққа ие болады. Түрлі аң-құстың дауысын айнытпай салып, жұртты таң-тамаша ете білген. Бет-аузын құбылтып күлдіру, мылқау болып ымдау, екі сақаудың бір-бірімен сөйлесуі сынды сайқымазақ ойындар көрсеткен. Шапқан аттың үстінде түрегеп тұрып билеп, бауырынан әденеше рет айналып өтіп, жердегі тақияны аузымен алу Назарға қиын шаруа емес. Сахараны сахна еткен жампоз әртіс үнемі тақпақтап сөйлейді екен.
Қ.Алтынбаевтың айтуынша, Назар қос балдақ таңып жүгіруді елден таса, тауға барып үйренген. Семейден 70 шақырым жердегі Карповка ауылында өткен жәрмеңкелердің бірінен аяқ тірейтін кертпештері, қолтыққа басатын көлденең жақтаулары бар, құрастырмалы екі бақанды сатып алады. Содан ауыл адамдарынан жасырынып, тау ішіне барып жаттыққан. Бақанға не бір жартастың немесе үйдің төбесіне шығып мінетін көрінеді.

Түндік жерден тайынша тартыпты

Назар күздің бір күнінде жолаушылып келе жатып Делбегетей тауындағы бір байдың үйіне қоналқыға түседі. Қарашаның алғашқы қырбақ қары түскен, сүмбілелі суық түннің бірі болса керек. Үй иесі құдайы қонағының жұпыны киіміне қарап, онша жаратпаған соң, қазан көтертпей, қатықты көжемен ғана жатқызады. Қатты назаланған Ағашаяқ ас қайырарда:

– Көже келді көлкілдеп,
Бетіне суы мөлтілдеп.
…Көже шыққан орыстан,
Аумайды батпақ, қорыстан.
Қара көже берген осы үйге,
Жау шапса да болыспан.
…Мына кемпір өлгенде,
Басына сайғақ орнына,
Итсигек шаныш, – деп бата береді. Бұлқан-талқан болған кемпір қонақты қуып шығады. Іштей тісін қайрап Назар кете барған. Үйіне оралған ағашаяқ ауылында елге сыйлы қажының қонақ болып жатқанын естиді. Қадірлі қонақты үйіне түсіріп, сыбағасын тартып, ұзақ әңгіме-дүкен құрған соң, таң Шолпаны туарда қарияны жатқызып, өзі де жантаяды. Ал таң енді атқанда әлгі сараң бай адамдарымен Назардың үйіне баса-көктеп кіріп келген. Тошаласындағы семіз тайыншаның етін біреу түп көтере алып кеткенін айтқан бай не аттың, не аңның ізі емес, қар бетінің әр жеріне дөңгеленіп түскен сойдақ-сойдақ түртпек осында алып келді, күдікті адамымыз Назар деп дау салады. Сонда қажы:

– Назар түні бойы менің қасымда болды. Әлгінде ғана көз шырымын алуға жантайғанбыз. Ауыл арасы 15 шақырым. Барып-келгені – 30 шақырым. Өздерің аттың ізі жоқ деп отырсыңдар. Сонда Назар жаяу-жалпы қай уақытта тошалаңа түсіп келеді. Оның ақтығына мен ант етемін, – деп Құран ұстамақ болады. Осы кезде Назар:

– Ақсақал, Құран ұстамай-ақ қойыңыз. Етті алған мен едім, – деп түсіп берген. Содан тысқа шығып екі аяғына балдақ байлап, бір тайыншаның етін екі қапқа теңдеп, қалай әкелгенін көрсетеді. Жұрт таң-тамаша болады. Назар бұл әрекетке байдың сараңдығына сабақ болсын деп барғанын да айтады. Дау соңында дала салтын бұзып, құдайы қонаққа қазан көтермеген байға бір ат-шапан айып тағылады. Осы оқиғадан кейін Назардың ағашаяқ даңқы ел арасына кең тарап кеткен.

Әміре. Париж. Ағашаяқ

Ағашаяқтың әндері сол кезде ел арасына кең тараған. Дәстүрлі 9 пернелі домбыраға екі перне, үш шек қосып тарту төркіні осы ағашаяққа саяды. «Беташар», «Билерге», «Баласы Жүндібайдың атым Назар», т.б. мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенеген. «Атандым өзім Назар ағашаяқ», «Жарқылдадым жас күнде», «Кәрілік» секілді өлеңдері – өз өмірінен сыр шертетін саф туындылар. «Қара жорға», «Ау, жаным, Жәнікей-ау», «Сары өзен» әндері ел ішіне кең тараған. Ал:
Қарағым айналайын, келдің қайдан,
Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан.
Ей, қалқа, мекеніңді айтып қойшы,
Адамның жат болмағы осындайдан,
– деп басталатын «Ағашаяқ» әнін Парижде өткен әйгілі көрмеде Әміре Қашаубаев шырқаған. Бұл әнді Қ.Алтынбаев Берікбол Көпенұлынікі дейді. Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Абайтану және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі ғалым Серікғазы Қорабаев осы пікірге қосылып:

– Әміре шыққан Абыралы мен Берікболдың ауылы жақын орналасқан. Елге танымал екі өнерпаздың кезігуі ойға қонымды. Әміре бұл әнді сол кезде репертуарына қосқан болуы керек, – деп дәйек тартты.

Ал Қ.Керейбаевтың айтуынша, Қазақ Совет энциклопедиясындағы «Ағашаяқ» әнін Назар Жүндібайұлы шығарған деген дерек қисынды. Назардың Берікболдан әлдеқашан бұрын өмір сүргенін есепке алады автор. Одан кейін ел аузымен тарап, кейінгі ағашаяқтарға жетуі шынымен мүмкін ғой. Қалай болғанда да, Париж төрінде шырқалған әннің орындаушысымен қоса авторы да Шығыс өңірінен шыққанына бүгін көз жеткізіп отырмыз.

Ағашаяқ серілігімен қоса, балуан болған дедік. Оған да мысал бар. Қартайған шағында, шамамен 80 жас мөлшері, 7-8 жігітке өгіз терісін тарта ұстатып, ақырып келіп қамшымен бір тартқанда, талыс екіге айырылып түскен екен. Сол қамшы осы уақытқа дейін Жаңауыл тұрғыны Серік Әлімбетовтің үйінде сақтаулы деген дерек бар.

Назар Жүндібайұлының 10 баласы болған. Алайда онын бірдей жер бесікке тапсырған. Соңғы баласы қайтыс болғанда:

Топырағын томпайтып,
Тоғызды алған құдайым.
Жапырағын жалпайтып,
Жалғызды алған құдайым.
Өзі беріп, өзі алды,
Өлімнің иесі уайым, – деп шерленген. Өкінішке қарай, қазаққа үлкен өнердің қақпасын ашқан өнерпаздың артында тұяқ қалмады. Қ.Керейбаев Назар Шар қаласында тұратын Зүфира ақсақалға алтыншы атадан қосылады деп жазады. Қарияның бұл күнде бар-жоғы бізге беймәлім.

Берікбол Көпенұлы мен Рақымберді ағашаяқтар Назардан еш кем түспейтін өнерге ие. Олар туралы да әлі айтылар, жазылар. Негізі Берікбол туралы энциклопедия, газет-журналдарда жарық көрген дерек көп. Біздің айтпағымыз, Қазақ даласында туған алғашқы ағашаяқ Назар Жүндібайұлының туғанына биыл 200 жыл толды. Жармадан шыққан жампоз өнер иесінің мерейтойы ескерусіз қалмаса жөн. Зиратының Сатты бұлағының бойында екенін айттық. Сәті түссе, табылар. Басын көтеріп, туажаты танитындай етіп ескеркіш орнату – елге парыз. «Рухани жаңғыру» жылының шапағаты тиер деген үміттеміз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы бар, кім біледі, бүгінгі күннің ағашаяқтары әлі туар.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары