Біз әлеуметтік желілердеміз

Катонқарағайда демалу үшін қанша қаражат керек? Жол, баға, қызмет

Шығыс Қазақстан

Катонқарағайда демалу үшін қанша қаражат керек? Жол, баға, қызмет

Жетудің жолы көп. Мысалы, саяхатшы астаналық немесе алматылық болсын дейік

«Шығыстың Швейцариясы» деген «теңеуді» ол елді көрген, содан кейін ғана Катонқарағайға ат басын бұрған бір жиһангез ойлап тапқан шығар. Жоқ, тапқан жоқ, таңғалған сәтте аузына түскен алғашқы сөз тіркесі осы болды. «Оу, «нағыз» Швейцария мұнда екен ғой!», деген шығар ол. …Не айтып кетті демеңіз. Бұлай жорамалдауымызға саяхатқа жаны құмар, әсіресе шет елдерге жиі шығып тұратын жандардың соңғы уақытта еліміздің көрікті мекендеріне қарай бетбұра бастағаны себеп болып тұр.

Катонқарағай сол көрікті мекендердің көш басында. Ендеше сол жерге бір келуге құмартқан ағайын қалай жетеді? Қалтасында қанша теңге қаражат болуға тиіс? Ары қарай оқып, шамалай беріңіз.

Жетудің жолы көп. Мысалы, саяхатшы астаналық немесе алматылық болсын дейік. Ол әуелі Өскемен қаласына келуге тиіс. Билет саудасымен айналысатын танымал сайттардың жазуынша, ұшақ құны 20 мың мен 80 мыңның арасында құбылып тұрады. Автобус билетінің құны 6-8 мың, пойыз билетінікі 4-7 мың теңге шамасында. Кейінгі екі көлікпен шықсаңыз, жолға бір тәулік уақыт арнауға тура келеді. Ал жеке көлікпен шығамын деген ағайын болса, мәселе басқа… Ұшақпен бір жарым сағатта келіп қона салғанға не жетсін, шіркін.

Иә, енді Өскеменнен ары қарай қалай барады?

– Онда пойызбен, ұшақпен барудың мүмкіндігі жоқ. Автобус, әйтпесе такси, – дейді Катонқарағай ауданы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Эльдар Медиев. – Жол екеу. Жиһангезіміз тек қана таудың ішін аралап барамын десе, Зырян ауданындағы иір-иір серпантинмен өтеді. Ал таумен бірге суды, жазық даланы да көрейін десе, Самар ауылын басып, одан әрі Бұқтырма өзенінен пароммен жүзіп, Катонқарағай ауданының орталығы арқылы барады. Өз басым соңғы жолмен жүруге кеңес берер едім. Ол әрі қызықты, әрі мінсіз. Екі жақтың да ұзақтығы бірдей – шамамен аудан орталығы Үлкен Нарынға дейін – 350, одан ары демалыс орындарына дейін 100-150-дей шақырым.

Жә, Катонқарағайға жетті. Саяхатшының ендігі табан тірер орны қайсы?

Эльдар Медиев ұсынған Катонқарағайдағы шипажайлар мен демалыс орындарының бір-екеуіне тоқталып өтейік.

«Рахман қайнары» шипажайы. Жаралы аңның аяғы суға бір матырғаннан сауығып кететін шипалы арасан осы. Онда 40-тан астам тұрғынүй бар. Қонақүй бөлмелерінің бағасы 7 000 теңгеден басталып, 11 000, 15 000 деп кете береді. Ал коттедждер 30 мыңнан жоғары. 150 мыңға дейін.

«Маралды» пантымен емдеу кешені. Келушілер марал мүйізінің сорпасына, яғни бұлауға түседі. Мұнда 20 адамға шақталған жатын орны бар. Үш уақыт құнарлы тамақ беріледі. Жолдама ақысы 19-20 мың теңгенің көлемінде.

– Осы орайда Катонқарағайдың бал қымызы жайлы айтпай кетуге болмас. Иә, мұқым ел аузының суы құрып мақтайды. Қымыз бұл жақтағы кез келген демалыс орнынан табылады. Литрі 350 теңгеден басталады. Сондай-ақ қазақтың аймүйіз жазушылары әсемдігін жабыла жазған сұлу табиғат аясында жылқымен серуендеуге де болады. Бұлттың өзі табаныңыздың астында жүзіп жүреді, – дейді Эльдар Медиев.

Жоғарыда айтқанымыздай, келем деген ағайын өзі жол мен қаражат жағын жобалай берер. Біздің пайымдауымызша, қалтада 400 мың теңге болғаны жөн.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары