Біз әлеуметтік желілердеміз

ШҚО «Алтын белгі» иегерлерінің саны жөнінен рекордты нәтижеге жетті

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Білім

ШҚО «Алтын белгі» иегерлерінің саны жөнінен рекордты нәтижеге жетті

684 түлек осы құрметті атаққа қол жеткізіп отыр

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына дөп келіп отыр. Осынау айрықша мерекеге орай, Өскемендегі «Ертіс-концерт» орталық мәдениет үйінде «Алтын белгі» иегерлерінің құрметіне арналған салтанатты шара өтті. Он бір жыл бойы сабақтарын кілең бестікке оқыған 140 түлекке ерекше үлгідегі аттестат пен «Алтын белгі» құрметті белгісін облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ольга Булавкина табыстады.

Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша облысымыз «Алтын белгі» иегерлерінің саны жөнінен рекордты нәтижеге жетіп, 684 түлек осы құрметті атаққа қол жеткізді. Оның ішінде 140 түлекті Өскемен қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 116 түлегі және «Білім-инновация», «Нұр-Орда», Жамбыл атындағы гимназия мектебі, физика-математика саласындағы мектеп, «Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» сияқты облыстық дарынды оқушыларға арналған мектеп-лицейлерінің 24 түлегі құрап отыр. Салыстыра кетсек, былтыр «Алтын белгі» иегерлерінің саны 553 болатын. Биыл «алтын» түлектер саны 130 балаға артты.

«Алтын белгі» медалінің негізгі талабы – 5-11 сынып аралығындағы тоқсандық бағалары тек бестік болып, барлық мемлекеттік емтихандарды үздік бағаға тапсыруы тиіс. Өскемен қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Дмитрий Журавлевтің айтуынша, Өскеменде де «Алтын белгі» иегерлерінің саны жылдан жылға артып келеді. Былтыр 120 түлек алса, биыл олардың саны 140 –қа жетті.

-Сендер – өңіріміздің мақтанышысыңдар. Биыл облыс мектептерін он мыңға жуық түлек бітіріп жатыр. Міне, солардың ішінде 700-ге жуығы мектептегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Алтын белгі» иегерлері атанды. Биылғы оқу жылы білім саласындағы толағай жетістіктермен ерекшеленіп, дарынды оқушыларымыз түрлі халықаралық, республикалық зияткерлік байқауларда 157 медальді олжалады. Облыс оқушыларынан құралған олимпиадалық команда – еліміздегі ең үздік команда. Біз дарынды оқушыларымызбен мақтанамыз. Осы орайда, балаларына тамаша тәрбие беріп, білімге баулыған ата-аналар мен ұстаздарға да айтар алғысым шексіз. Түлектеріміз елге қажетті мамандық иелері атанып, әр саланың тізгінін ұстайтын білімді азаматтар болсын,-деді дарынды балаларды құттықтап, ақ жол тілеген облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы.

Биыл жоғары оқу орындарындағы сұранысқа ие мамандықтарға облыс әкімінің 400 гранты бөлінгендігін атап өткен жөн. Республика бойынша талапкерлерге 20 мың грант бөлінетіндігін ескерсек, түлектеріміздің шетелге шықпай-ақ, заманауи сапалы білімді өз еліміздегі жоғары оқу орындарынан алуға мүмкіндігі мол. Тіпті, облыстағы С.Аманжолов, Д.Серікбаев, Шәкәрім, Қазақстан-Американ еркін университетінің білім сапасы ешбір жоғары оқу орнынан артық болмаса, кем емес. Соңғы жылдары облыс түлектерінің 70 пайыздан астамы еліміздегі жоғары оқу орындарын таңдап, сүйікті мамандықтары бойынша білім алуда.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары