Біз әлеуметтік желілердеміз

Дәстүрлі ағымды «Адасқандар» арқылы насихаттап жүр

Фото: Виталий Иванов

Дін

Дәстүрлі ағымды «Адасқандар» арқылы насихаттап жүр

Ақсуат халық театры

Дәстүрлі емес, қоғамға жат теріс пиғылды ағымды насихаттаушылардың айтқандарына имандай сеніп, рахат өмірді, маңдай терсіз оңай жолмен келетін ақшаны аңсаған жас жігіт Баянғали отбасымен Отанын тастап, шетелге кетпекші. Оның сөзіне ерген әйелі Нұргүл мен ержетіп қалған ұлы Азат та алыс беймәлім шетелдегі «бақытты заманға» жеткенше ашық.

Тек үйдегі ақсақал, Баянғалидың әкесі ғана болашағы бұлыңғыр, айдалада жатқан «батпан құйрыққа» күдікпен қарап, баласын әлі де болса райынан қайтуға үгіттейді. Бірақ, қарт әкенің сөзін тыңдап жатқан жастар жоқ.

Себебі, баяғыда-ақ деструктивті діни ағым өкілдерінің арбауына түскен. олардың санасын Мәлік секілді бүгінгі қоғамдағы теріс ағымдағы дінді насихаттаушылардың бақытты өмір жайлы «тәтті» әңгімесі мен сендіру үшін басында берген ақшалай қаражаттары әбден улап алған.

Тарбағатай аудандық Ақсуат мәдениет үйінің жанындағы Ақсуат халық театрының труппасы қойған, белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабековтің туындысы, «Адасқандар» драмасы осылай шиеленіспен басталады.

Ақыры әкенің сөзін құлаққа ілмеген жас отбасы алыстағы беймелім Сирияға таза «Ислам Халифатын» құруға кетіп, онда күніне кісі өлтіретін содырлардың қолына тап болып, барлық құжаттарынан айырылып, қиялдағы армандарының күлі көкке ұшады. Амалын тауып елге жеткенше асық болады, алайда ол енді ешқашан мүмкін емес. Кешегі дінді уағыздаушы бейбіт адамнан бір күнде баскесерге айналған Мәліктің қарамағындағы содырлар оларды кісі өлтіруге дейін мәжбүрлейді, олай етпесе, сенімнен айырылып, өздері де ажал құшуы әбден мүмкін. Тіпті, шетелден келген журналистерге де, Қазақстандық дипломаттарға да бұл туралы тіс жара алмайды. Олай етсе, тағы да бірден оққа байланады. Сондай ауыр күндердің бірінде Қазақстаннан барған елшіліктің адамдарына кішкентай ұлдары Азат бәрін жайып салып, өздерін алып кетуді қатты өтініп, жылайды. Дипломаттар Азатты өздерімен бірге алып кетеді. Өлтіреді деп қорыққан ата-анасы «жағдайымыз жақсы, ешкім зорлық көрсетпейді» деп сол жақта қалып қояды. Ақырында жағдайдың насырға шапқанын түсінген содырлардың басшылығы Қазақстаннан жыраққа «бақыт» іздеп келген екі бейбақтың көзін жояды. Азат болса аман-есен, Отанға оралып атасымен қауышады.

Осының бәрін Ақсуат халық театрының әртістері қасиетті Рамазан айында өздері ораза ұстап ауыздары берік жүрсе де өте кәсіби тұрғыда ойнап, шынайылықпен көрсете алды.

Атап өтерлігі, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының, облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қолдау көрсетуімен Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы әріптестік аясында қолға алынған «Адасқандар» драмасы маусым айының алғашқы онкүндігінде облыстың Жарма ауданында орналасқан «Шуақ» кентіндегі, Шемонайха, Семей, Өскемен қалаларындағы күшейтілген режимдегі жеті түзету мекемелерінде сахналанды. Барлық жерде де көрермендердің жылы ықыласына ие болды.

Мәселен, Өскемендегі Согра кентінде орналдасқан ОВ – 150/20 қатаң режимдегі түзету мекемесінде қойылымды 600-ге тарта жазасын өтеуші бір сағат бойы кірпік қақпастан тамашалады. Әртістердің кәсіби ойынына риза болып, бірнеше дүркін қол соқты. Мұндағылардың бәрі де екі-үш мәрте ұзақ мерзімге сотталған, қолын қанға бұлғап, ауыр жаза арқалаған жандар екенін ескерсек, олардың көңілінен шығу әртістер үшін де оңайға соқпағаны анық.

– Қойылым үлкен әсер етті, кинодан көрген, кітаптан оқыған бөлек те актерлердің шынайы ойнағанын көру басқаша әсер етеді екен. Діни экстремизмнің құрбаны болған жастар тағдыры үлкен ойға қалдырды. Құранда «Жұмақ ананың табанының астында» деген. Сондықтан, ата-ананы құрметтеу, ақылын бәрімізге парыз, – дейді осындағы жазасын өтеуші Ермек Нүсіпбаев.

– Алғашында қатаң режимдегі түрмеге кіргенде, жазасын өтеушілердің суық жүздеріне көзіміз түскенде қорқыныш болғаны рас. Алайда, артынан үйренісіп кеттік. Басты мақсатымыз – теріс дінге кіріп, экстремизм мен радикализмнің жолына түсудің алдын алу, діни адасушылықтан жастарды сақтандыру, адамдарға қойылым арқылы түсінік жұмыстарын жүргізу. Ауданда, көршілес Зайсан, Көкпекті аудандарында бірнеше мәрте қойдық. «Адасқандар» драмасы облыстық театрлар байқауында бірінші орын алды. Сапарымызға облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы үлкен қолдау көрсетті, – дейді Ақсуат мәдениет үйінің директоры, драмалық қойылымның танымдық кеңесшісі Шәкен Көпшікбаева.

Драма аяқталған соң Ақсуат халық театрының өнерпаздары шағын концер те қойып берді. Ал ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/20 түзету мекемесі бастығының орынбасары Бақытжан Ниязбеков әртістерге мекеме басшылығы атынан алғыс білдіріп, шығармашылық ұжымның еңбегіне табыс тілеп, естелікке домбыра тарту етті.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары