Біз әлеуметтік желілердеміз

Бүгін Мәскеудің Домодедово әуежайы аузы-мұрынынан шығып тұр

Суреттер автордікі

Спорт

Бүгін Мәскеудің Домодедово әуежайы аузы-мұрынынан шығып тұр

Шекаралық тіркеу терезелеріндегі қызметкерлерде күн-түні дамыл жоқ

Бүгін Мәскеудің Домодедово әуежайы аузы-мұрынынан шығып тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған футболсүйер қауым бұл жолы Ресейді бетке алған. Кім жоқ дейсіз ішінде, қара нәсіл, ақ нәсіл, мұхиттардың арғы-бергі жағындағы алуан халықтар. Біздің әлгі: «алты алаштың басы қосылды» дегеніміз сияқты, бұл — алты құрлықтағы адамзаттың басы қосылған аламан.

 

Бірінен соң бірі тоқтаусыз қонатын ұшақтардан артынып-тартынып түсіп жатқан қисапсыз қонақты Мәскеу аяғынан тік тұрып қарсы алуда. Шекаралық тіркеу терезелеріндегі қызметкерлерде күн-түні дамыл жоқ болуы керек. Ол жердегі кезектер тіпті ұзын-сонар. «Жасыл дәлізден» өткендер әуежайдан ең алдымен сим-карта сатып алудың қамына кірісіп кеткен. Бүгінгі заман адамының интернетсіз немесе ұялы байланыссыз бір минут те тұра алмайтынын осы  жерден байқауға болады. Интернетсіз бейшара халге түсетін біз ғанамыз ба десек, бүкіл әлем солай екен. Қалаға шығу үшін карта керек, картаны қосу үшін интернет керек. Ал еріктілер, яғни волонтерлер елдің бәріне ауыз толтырып айтып жатқан әуежайдағы free Wi-Fi қарапайым WhatsApp-ты қосуға да қауқарсыз болып шықты.

Сим-карта сатқандардың тасы өрге домалап тұр енді. Көшеде артыңнан қуалап жүріп «ойбай акция!» деп тегін берген кезде алмай кететін сим-карталарың  800-1000 ресей рублінен басталады екен. Бізше 5 мың теңгеден асып жығылатын ақша.

Күту алаңында рюкзактарын ортаға үйіп қойып арабтар отыр.  Барабандарын қайта-қайта тарсылдадып қалып ән шырқағысы келіп әрең отырған бразилиялықтар, бастарына табақтай самбреро киген мексиканың жанкүйерлері, тағы басқа түрлі-түрлі ұлттың өкілдері бәрі мәз. Біздің бала кезімізде жаңа-жылға киініп баратынымыз сияқты. Әркім өз ұлтының ерекшелігін киімдерімен, атрибуттық белгілерімен өз әлінше насихаттап келген. Тек осы мерекелік жылы жымиыс мәскеуліктердің езулерінен байқалмай жатқан сияқты. Оны айтып отырған қонақтардың өздері. Өзін Аурелио деп таныстырған мексикалық жанкүйер айтады:- ұшақтан түсе салып ән шырқағымыз келіп тұр, бірақ біздің әнімізге ешкім назар аударып жатқан жоқ.

Мұндайда жанкүйерлерді жақындастыратын тағы бір ортақ дүние тіл екен. Әуежайдың ішінде бүкіл әлем бірімен-бірі ағылшынша түсінісуде. Қазір осы халықаралық тілді білмейтін халық жоқ болуы керек, қай ұлт, қай нәсілге жақындасаң да ағып тұр. «Шүберекке түйілген» азғана ағылшыншамды сәл де болса сұрақтарымды қойып пайдаға жаратып қалдым. Сыртта такси күтіп отырған арабтың екі жігіті ертеңгі ойын туралы өз пікірлерін айтты.

-Әлем чемпионаттарын өткізген елдер алғашқы ойынға барын салады. Мундиаль тарихында бұған дейін алғашқы ойында ешқандай қожайын команда жеңіліп көрмепті, бір-екі мәрте тең болғанын есептемей-ақ қояйық. Ертеңгі ойында әрине жеңіске жеткіміз келеді,-дейді өзін Зайын деп таныстырған Сауд Арабиясынан келген жанкүйер.

Ал Германияның жанкүйерлері «жеңіліс» деген нұсқаны мүлдем қарастырмайтынын айтады. Олар 17 маусым күні Мәскеуде өтетін Германия-Мексика кездесуінде бізді көр, сосын неміс машинасына таңдайыңды қағып, басыңды шайқа дегенге келтірді.

Өскемен — Мәскеу

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары