Біз әлеуметтік желілердеміз

Жетіаралға шағын несие қашан жетеді?

Шығыс Қазақстан

Жетіаралға шағын несие қашан жетеді?

Шалғай ауылдың халқы тағы да несиесіз қалуы ғажап емес

Өткен жылы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында «Бастау бизнес» бағдарламасымен оқыған 11 адамның 9 -ы сертификат алса, соның біреуінің  ғана шағын несиеге қолы жеткен, оның өзі бар жоғы  1 млн. теңге алыпты. Бір жыл бойы аудан мен ауылдың, одан қалса облыстың екі ортасына  сабылумен болған ауыл тұрғындары несиеден биыл да күдерін үзіп отыр. Елбасының тапсырмасымен биылдан бастап өзін -өзі еңбекпен қамтыған ауыл тұрғындарына, жұмыссыздарға берілетін шағын несие көлемі 20 млрд.қа көбейтілгенімен шалғай ауылдың халқы тағы да несиесіз қалуы ғажап емес.  Себебі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы  шағын несиені алдымен ағымдағы жылы оқып, сертификат алғандарға ғана беріп жатқан жайы бар.

Маржан Найманова, Жетіарал ауылының тұрғыны:

-Отбасымызбен былтырдан бері несие ала алмай жүгіріп жүрміз. Ірі қара сатып алуға 3-5 млн. теңге көлемінде несие алсақ деп жоспарлағанбыз. Жолдасым Болатбек Беріскенов былтыр «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша Ақсуатқа барып, келіп оқып, сертификат алып,   несие алуға өтінім тапсырды. Өткен жылы несие алу үшін 28  құжат жинап, 50 мың теңге ақша кетірдік.  Кепілдікті тауып бергенімізбен бәрібір несие жетпей қалды. Биыл несие көбейгенін білген соң тағы да аудандық кәсіпкерлік бөліміне бардым, бірақ биыл бағдарламаның несие беру шартына өзгеріс енгізіліп, құрылғанына үш жылдан астам уақыт өткен шаруа қожалығына несие берілмейді деген жауап естідім, күйеуім қайтадан жеке кәсіпкерлік иесі болып тіркелсе де шағын несие берілмейтінін айтты. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшылығының бұл жауабына қайран қалдым, сонда Президенттің  тапсырмасымен жұмыссыз отырған ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуы үшін  көбейтіліп отырған шағын несиесіне биыл да қолымыз жетпей ме?

Тарбағатай ауданына іссапармен барғанымызда Жетіарал ауылдық округінің маманы  Ербол Смағзамов та Елбасының бастамасымен көбейтіліп отырған шағын несие шалғайдағы жетіаралдықтарға биыл да бұйырмай қала ма деп, алаңдап отырғандықтарын жеткізді.

Ауыл қариясы  Құдайберген Ықыжановтың   баласы «Бастау Бизнеспен» оқып, сертификат алғанымен, ол да несие ала алмаған.

Ержан Мусин, Тарбағатай аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Өткен жылы облыстағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы ауыл тұрғындарына шағын несие беру жұмыстарын кешіктіріп бастады. Несие беруге  23 тамыз күні ғана кірісті. «Бастау Бизнесті» оқып сертификат алғандар жаз айларының бәрін несие күтумен өткізді.  Бір айдан кейін қыркүйек айының 23 де бізге қордың ақшасы біткенін хабарлады. Биыл жағдай тағы да күрделеніп тұр. Биыл оқып шыққан 70 адамның 64 -нің құжаты, кепілдемесі дайын тұрғанымен соның 14 -і ғана бекітіліп, өткізіліп отыр. Өткен жолы қор филиалына барып сол 14 құжатты өткіздім. Оның  9 на ғана келісім берілді. Қалғандары әлі қаралмақ. Мұндай қарқынмен тұрғындардың биыл да қаржысыз қалатын түрі бар. Қор филиалында мамандар да жетіспейді. Үш -төрт ауданға бір маман жұмыс істеп отыр,үлгермейді. Жылдам жұмыс істеу керек. Кеше арнайы Ақжарда болдым, былтырғы оқығандар шулап отыр. Қор филиалы алдымен биылғы оқыған тұрғындардың құжатын ғана қабылдап жатыр, былтырғы оқығандардыкі әлі белгісіз болып тұр. Біздің ауданға шағын несиемен қамтуға 1 млрд. теңгенің үстінде ақша бөлінген. Жұмыс жылдам жүргізілмесе, күзге дейін созылса мұндай қомақты қаржыны игеру  мүмкін емес.

Мемлекет басшысы ипотекалық тұрғын үйлер салу арқылы  баспанамен қамту, жұмыссыздарға, өзін — өзі еңбекпен қамтыған  тұрғындарға шағын несие беру арқылы жұмыссыздықты жою, табиғи азық -түлік қорын молайту мәселелерін шешуге тапсырма берді. Жоғарыдағы қаржы институты мен аудандағы жергілікті биліктің жұмысы ширамаса тұрғындар шағын несиенің тиімділігін қалай көрмек?

 

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары