Біз әлеуметтік желілердеміз

Әскери шеруде семейлік ақынның өлеңі шырқалады

Семей

Әскери шеруде семейлік ақынның өлеңі шырқалады

Отан қорғаушылар күнінде Алматы облысындағы «Отар» әскери базасында ауқымды жауынгерлік шеру өткізіледі. Ел әскерінің қауқары көрсетілетін жиында сарбаздар семейлік айтыскер ақын Нұржан Өмірбайдың сөзіне жазылған «Мен қазақпын» әнін шырқамақ.  

Осы шеруге дайындық барысы түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып жүр. Онда сапта тұрған жауынгерлердің «Мен қазақпын» әнін бір деммен айтып тұрғандары көрінеді. Ал бұл шығарманың өзі жас әнші Қуандық Рахымның орындауында көпке танылған еді.

Патриотттық сезімге толы әннің сөзін Семейдің тумасы, айтыскер ақын Нұржан Өмірбай жазған екен. Автордың айтуынша, туынды Алаш жұртының ауызбіршілігін нығайтуға бағытталыпты.

-Қазір ғаламторда, әлеуметтік желіде және қоғам арасында жағымсыз жағдайлар жиілеп кетті. Бір-бірін балағаттап, жағадан алуға ешкім тайсалмайды. Әлдекімнің сүрінгенін көрсе, соған қуанатын жағдайға жетті. Тіпті, отандастарымыздың жеңісті сәттеріне қуанып, ортақтасудың орнына кемшілігін бетіне басып, сынап жатқандар аз емес. Халқымыздың осылай ұсақталып бара жатқаны қатты қынжылтты. Сол себепті ұлттың береке-бірлігін бекемдейтін өлеңнің керектігін түсіндім. Сондықтан да осы өлеңді шығаруға тура келді. Намыстан туды десе де болады, – дейді Нұржан Өмірбай.

Автор бұл еңбектің әскерилер арасында танымал болатынын ойламаған екен және бұрын соңды болмаған шеруде айтулы композицияның шырқалатынын естіп, қуанғанын жасырмады.

Шығыстың жалынды ақыны әнші Қуандық Рахымның қоржынындағы «Рухтастардың әні» туындысының сөзін жазғанын да атап өткен жөн. Қазір бұл ән де тыңдармандар арасында аса танымал. Жерлесіміз шығармаларының дені рейтинг көтеру үшін емес, қазақтың ар-намысын көтеруге арналғанын нақтылады.

Айта кетейік, 7 мамырда «Отар» әскери полигонында 300-ден аса әскери техника мен әуе құралдарының ұрыс деңгейі паш етілмек. Әскери шеруге шамамен үш мыңға тарта жауынгер қатысады деп күтілуде.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары