Біз әлеуметтік желілердеміз

ШҚО әкімі баспанасыз қалған аягөздіктермен кездесті

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Шығыс Қазақстан

ШҚО әкімі баспанасыз қалған аягөздіктермен кездесті

Бүгінде мектеп-интернат ғимаратынан пана тауып отырған тұрғындармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта әрқайсысының мәселесі жеке қаралып, үй мәселесі шешімін табатынына сендірді.

Аягөз қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі қазір аудан орталығындағы №6-шы мектеп-интернатта тұрып жатыр. Бүгін Аягөзге арнайы сапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов осы тұрғындармен де жолығып қайтты.

Мекеме басшысы Ләззат Молдашеваның айтуынша, қазір мұнда 16 отбасы, яғни 73 адам (оның 37-сі бала) тұрып жатыр екен. Баспанасынан айырылған халыққа мекеме қызметкерлерімен қатар, медиктер және психолог мамандар да көмек көрсетуде.

– Адамдарға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Арасында балалар көп болғандықтан үстел ойындарын да алғыздық. Мекемеміздің бір бөлмесінде дастархан жайып қойдық. Бұған қоса қаладағы бірқатар мейрамхана басшылары бізге қолдау білдіріп, табиғи апаттың салдарынан үйсіз қалған тұрғындарды тегін тамақтандыруда, – дейді мектеп-интернаттың директоры Ләззат Молдашева.

Оған қоса, мекеме қызметкерлері қаладағы қарғын судан бүлінген үй-жайларды, аулалар мен қора-қопсыны су мен мұз қалдықтарынан тазарту жұмыстарына жұмылдырылыпты.

Бүгінде мектеп-интернат ғимаратынан пана тауып отырған тұрғындармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта әрқайсысының мәселесі жеке қаралып, үй мәселесі шешімін табатынына сендірді.

– Біз шығын мөлшерін анықтап, бүлінген үйлерді мұқият тексеретін боламыз. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрдық. Бірінші кезекте сіздер сияқты үйсіз қалған тұрғындардың мәселесін шешетін боламыз. Дегенмен, қалған жүзден астам үйдің де иелері назардан тыс қалмайды. Комиссия 10-15 күн ішінде барлық үйді тексеріп, жұмыс қорытындысын айтатын болады. Сол бойынша әрекет ететін боламыз. Қам жемеңіздер, енді сіздердің проблемаларыңыз жіті қадағалауда болады, – дейді облыс әкімі.

Естеріңізге салайық, бірнеше күн бойы толастамай жауған жаңбырдың салдарынан аудан орталығының ішімен ағып өтетін Аягөз өзені арнасынан асып, іргедегі 148 үйді су шайған болатын. Қарғын су салдарынан сегіз үй қирап, 10 үй апаттық жағдайға жеткен. Оқиға орнында жүргізілген апат салдарын жою жедел іс-шаралары нәтижесінде қаладағы жағдай тұрақталды. Өзен арнасы тазартылып, су арнайы сорғылар арқылы сыртқа шығарылды.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары