Біз әлеуметтік желілердеміз

Құзырлы органдар күшейтілген режимге көшті

Шығыс Қазақстан

Құзырлы органдар күшейтілген режимге көшті

Апат айтып келмейді. Өскемен мен Аягөздегі ахуал, барлық құзырлы органдарды аяғынан тік тұрғызды. Осыған байланысты облыстың өзгеде аймақтарында тасқынды алдын алу бойынша жұмыстар қолға алынып, тиісті қызметтер күшейтілген режімге көшті.

Бородулиха ауданында жағдай қалыпты. Мұнда қауіпті 6 учаске, оның ішінде қолдан жасалған 2 су тоғаны бар. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, Уба өзеніндегі су деңгейі және мұздың қалыңдығына мониторинг күнделікті жүргізілетінін айтты. Апатты жағдайға бөлімнің 50-ге тарта қызметкері сақадай сай. Қажетті техника жеткілікті. Эвакуация орны ретінде білім беру мекемелері мен мәдениет үйі белгіленіпті. Бесқарағай ауданында да жағдай тұрақты. Қарағайлы өлкеде тәуекел аймақтарына  Глуховқа, Долон, Жетіжар және Қарабас ауылдық округтері кіреді екен. Әйтсе де былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл қардың мөлшері анағұрлым аз түскен. Сондықтан да алаңдауға негіз жоқ деді жергілікті мамандар. Бұған қоса тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып тұрады екен. Дей тұрғанымен төтеншеліктер, босаңсуға әлі де ерте деп ескертті. Себебі сәуір айында Ертістің мұзы еріп, өзен суы арнасынан асуы ғажап емес. Ал оның соңы үлкен тасқынға алып келуі бек мүмкін. Семейде де жауапты органдар төтенше жағдайды болдырмаудың амалын қарастыруда. Атап айтқанда, арнайы комиссия тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал «Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес, Ертіс өзеніндегі су деңгейі  220-24 см-ді құраған-ды. Сол сияқты мұздың қалыңдығы 40-45 см-ді көрсетуде. Бұл қалыпты норма болып есептеледі. Десе де апаттың айтып келмейтінін ескерсек, сақтық шараларына мейлініше мұқият болған артық етпес. Әсіресе ТЖБ қызметкерлері Түйемойнақ аралы, Восход, Шығыс, Мирный кенттері, сондай-ақ Лодочный және Жоламан ауданындағы тұрғынүйлерге алаңдаулы. Бұған негіз жоқ емес. Аталмыш аумақтарда баспаналардың дені Ертіс өзеніне жақын орналасқан. Қазіргі күнде коммуналшылар қарды шығаруды мықтап қолға алған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, апатты жағдай орын алса, басқарма өкілдері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге әзір екендерін жеткізді.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары