Біз әлеуметтік желілердеміз

Зардап шеккен Файзрахмановтар отбасы көмекке зәру

Фотосурет авторы Тілеубек Шаяхмет

Өскемен

Зардап шеккен Файзрахмановтар отбасы көмекке зәру

Табиғи апаттан зардап шеккендердің бірі Өскемен қаласының тұрғындары Файзрахмановтар отбасы болатын. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр мен таудан келген қарғын су олардың баспанасына лап қойған. Аблакетка кентінде орналасқан Нығметолла ақсақалдың үйін басқан қызыл су терезенің ернеуіне дейін жеткен көрінеді.

Бүгінде отбасындағы тоғыз адам қауіпсіз жерге көшіріліп, қала әкімі Қуат Тұмабаевтың тапсырмасы бойынша Өскемен қаласындағы «Үлбі»халыққа әлеуметтік көмек көрсету орталығына орналастырылды. Баспанасыз қалған отбасының жағдайын өз көзімізбен көру үшін орталыққа арнайы ат басын бұрған едік.

Нығметолла ақсақал мен оның жұбайы, кенже ұлы Медет пен келіндері, сондай-ақ жастан асқан және жөргектегі екі немересінің қазіргі жағдайлары қанағаттанарлық. Орталықтың шағын да болса бөлмесі жылы әрі жайлы екен. Оларға арнап орталықтан екі бөлме бөлініп, үш уақыт ыстық аспен қамтамасыз етіліп отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған ұлдарының екі баласы мен келіндері де осы отбасымен бір шаңырақ астында тұрады екен. Алайда олар су басқан үйді күзету үшін сол маңайдағы көршілерінің үйін паналап қалған.

-Кешкі сағат бес кезінде таудан аққан су аулаға келе бастады. Оны шамамыз жеткенше өз күшімізбен ағызып әлек болдық. Төтенше жағдайлар басқармасына хабарласып, көмек сұрадық. Бұл кезде су үйге кіріп үлгерген болатын. Бүкіл жиһаз, төсек орын малмаңдай су болды. Үйдегі суды шелектеп тасып жүріп, төтенше жағдайлар басқармасының көмегін күтіп жүргенде сағат түнгі он екіден де асып кетіпті. Сол уақытта мамандар келді, ал көмек тек таңғы сағат төрттерде жетті,-дейді үй иесі Медет Файзрахманов.

Қаланың су басқан аудандарын аралаған қала әкімі Қуат Тұмабаев су астында қалған осы үйге де ат басын бұрып, жағдайымен танысты. Отбасы тұрғындары сол күні-ақ уақытша баспанамен қамтылған болатын.

-Әкем болса науқас, екінші топтағы мүгедек. Оған күтім қажет. Уақытша баспана берілгенімен, бұл жер өз үйіңдей болмайды ғой. Ата-анамның баспанысын жуық арада қалпына келтіруге қала әкімдігі қол ұшын созса деген тілегіміз бар. Өйткені үйді өз күшімізбен қалпына келтіру оңайға соқпайын деп тұр. Осыдан үш жыл бұрын салынған баспананың қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Үйдің пешінің өзі суға толып кеткен. Пеш жарылудың аз-ақ алдында. Төтенше жағдайлар басқармасынысың мамандары әлі де үйді судан тазартып әлек. Үйдің есіктері ісініп, бөлмелердің гипсакартоннан тұрғызылған қабырғалары күлдіреп жатыр. Еден де фундаменттен көп төмен түсіп кетті,-дейді Медет Файзрахманов.

Дегенмен, табиғаттың тосын мінезінен болған апаттан уақытша баспанасыз қалған отбасы адам шығын болмағанына гүкіршілік етеді. Сондай-ақ, қала және облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа риза екендіктерін жеткізді. Басшылардың көмегімен бұл мәселе де шешімін тауып, көп ұзамай өз үйлеріне оралатындықтарына сенеді.

«Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Сәния Аубакирова да отбасының өз баспаналары толықтай тұруға жарамды болғанша орталықты паналайтындықтарын және тегін тамақпен қамтылатындығын айтады.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары