Біз әлеуметтік желілердеміз

Салынатын үйлер ауданын 700 мың шаршы метрге жеткізу керек

Шығыс Қазақстан

Салынатын үйлер ауданын 700 мың шаршы метрге жеткізу керек

Аймақ басшысы Даниал Ахметов құрылыс басқармасына осындай міндет қойып отыр. Ол үшін салалық басқарма жобалық-сметалық құжаттаманы дер кезінде әзірлеуі тиіс.

Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің 2017 жылғы көрсеткіштері және осы жылға көзделген жоспарлар турасында құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Инна Валл баяндама жасады.

Даниал Ахметов ол баяндаманы «бос есеп» деп, қатаң сын тезіне алды. Аймақ басшысы барлық баяндамаларда орын алып отырған нақты мәселелер ашық айтылып, оларды шешудің жүйелі жолдары ұсынылуы керектігін ескертті.

– Сіз бізге көрсеткіштерді санамалап қана бердіңіз. Құрылыс бойынша барлық шынайы цифрларды сізден де жақсы білетінімді ескерткім келеді. Дәл қазір сізге сала бойынша он сұрақ қойсам, соның сегізіне нақты жауап бере алмайсыз, оған кәміл сенімдімін. Иә, жоспар облыс бойынша 105 пайызға орындалды. Жалпы ауданы 481 мың шаршы метр ғимарат салынды. Бірақ, бізге тоқмейілсуге еш негіз жоқ. Біз көрсеткіштерді жылына жоқ дегенде 700 мың шаршы метрге дейін жеткізуіміз қажет. Ал, ол үшін жұмыстың қарқынын асырып, ведомствоның қызметін жүйелеп, реттеу керек.

Облыс әкімі баяндамада айтылмаған саладағы кемшіліктерге жеке тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі құрылыстың қарқынына тежеу болып отырған – жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудегі шалағайлық пен кешігушілік. Талап бойынша әр жылдың 1 шілдесіне дейін құрылыс нысандарының барша құжаттамалары дайын болуы тиіс, алайда бұл ережені ешкім орындамайды. Осының салдарынан үйлердің құрылыс кестесі бұзылып, кейін пайдалануға беру мерзімі кешіктіріледі.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары