Біз әлеуметтік желілердеміз

Ауылдар да бейнекамераға көшіп жатыр

Шығыс Қазақстан

Ауылдар да бейнекамераға көшіп жатыр

«Сақтықта қорлық жоқ», соңғы кезде ауылдарда  біреудің  тірнектеп жиған шөбін, қорасын өртеп, малын үптеп кетіп жатқандар көбейіп кетті.

Кенжебек Шағанбай Ұланға  2006 жылы  көшіп келіпті. Қытайдан келген оралман жігіттің отбасы алғашқы шаруасын он гектар жер алудан бастайды. Ең бірінші жылы картоп егіп, одан 70 тоннадай өнім жинап,  жартысын жәрмеңкге шығарып, қалғанын  қала, аудан орталығына  сатып, нәпақасыз қалмай, бұйырған өнімін алады.

-Егінжайға қажетті суды трактормен мың шақырым жерден  қазып отырып алып келдім. «Бұныңнан бірдеңе шықса?!» деп күлгендер де болды.  Бір жерден үш адам қатар жер алдық. Біреуі мен мынанша ақшаны төлеп, су әкеле  алмаймын деп жерді қайтарып тастады. Мен әйтеуір ақыры суды  егістікке түсірдім. Картопқа азын -аулақ субсидия да алдым , -деп жеке кәсібін қалай бастағанын  баяндаған Кенжебек елге келгенге дейін егіншілік дегеннің не екенін білмепті.

Арғы беттен көшіп келіп жатқан ағайындардың дені ол жақта мал, егін шаруашылығымен шұғылданған болса, Кенжебек Қытайда мұндай кәсіппен мүлде айналыспаған екен. Алтай қаласындағы  газ, оттегі стансасында еңбек еткен ол мал бағу жағына да жоқ болған.

-Қарлығаш деген апайым осы ауылда өзіміздің жанымызда  тұрды. Сол кісі Алматыға бармақ болып, «мыналарға қарай тұр»  деп үш  қоңыр сиырын тастап кетпесі бар ма.  Таңертең табынға қосып, кешке алдынан шықсам ешқайсы жоқ, қалың  сиырдың арасынан әлгі үш сиырының бірін де  таба алмай әптер -тәптерім шығып,  әбден әлек болғаным бар.- дейді.

Кенжебек былтыр қолда бар жерінің бәріне жоңышқа, екпе шөп салған. Қолындағы ірі қарасының саны көбейген соң мал азығының қорын ойлап, біржолата шөп салуға көшкен. Өткен жаз қанша құрғақ болса да екпе шөпті екі рет шауып алып, біраз шөмеле шығарды.  Жуықта  116 гектар жайылымдық  жер алған ол енді келер жылдан бастап малды жайылымдыққа шығарып, өріс басынан  үй, қора жай салуды ойластырып жүр.

Міне, 20  шақты сауынды сиырларының алды төлдеп, ақ уызға кенелтіп жатыр. Малға жайлы   етіп, ұқыптап  салынған мал қорасының іші тап -таза.   Жаңа туған төлдерді күтіп жүрген келіншегі Бақытгүлдің де шағын шаруашылықтарының дамуына тигізіп жатқан үлесі көп.

-Қолдау көрсетіп, жатырқамай жанына тартқан Ермек Әкімбаевқа, ауыл әкіміне, осы ауылдың барлық азаматтарына алғысым көп. Бірінші келген кезде үйдің айналасын алабота басып, тозып жатқан болатын. Ауылда үйлер де өте аз еді. Қазір жыл сайын көбейіп келеді. Қытайдан осы ауылға менен басқа жүз отбасы көшіп келді. Көштен қалып жатқан ешқайсы жоқ,- дейді Кенжебек.

«Сақтықта қорлық жоқ», соңғы кезде ауылдарда  біреудің  тірнектеп жиған шөбін, қорасын өртеп, малын үптеп кетіп жатқандар көбейіп кетті. Сондай оқиғалардың алдын алуды ойластырған Кенжебек  сыртқа өзінің үйінің айналасын, жақын маңдағы кейбір үйлердің төңірегіне дейін түсіріп тұратын  бейне камера орнатып қойыпты. Үйінің ішінде отырып төрт жақты түгел шолып тұрған монитордан бәрін бақылап, байқап отырады.  Өздері үйде жоқта да бейне камера бәрін сүзіп тіркеп тұрады.  Ауылдастары  Кенжебекке келіп, «Мынау көрім болды ғой, камераларыңды тағы кішкене көтеріңкіреп қойшы, біздің маңайды да  көрсетіп тұрсын» деп айтып жататын көрінеді. Полициялар да кәсіпкердің мұнысын қос қолдап құптапты. Осы күні ұры, қары, бұзақынын бәрін ұстап беріп жатқан осы камералар емес пе. Мұндай камералар бір үйдің емес бүкіл көшенің бірнеше жерінен қойылатын болса тіпті жақсы болар еді. Басқа ауылдарға  да қойылса қанеки.

Ауылдастарының абыройына бөленген Кенжебектің кәсібін, қайтадан көркейіп, үлкен мекенге айналып келе жатқан Ұлан ауылының тұрғындарын көріп, әңгімелесіп жүріп қыстың қысқа күнінің де қалай батқанын байқамай қалдық.

Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары