Біз әлеуметтік желілердеміз

Кімдерге үміт артамыз?

Спорт

Кімдерге үміт артамыз?

Екі күнге жалғасатын жарыс барысында ерлер мен қыздар жеңіл атлетиканың 16 түрі бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады.

Бүгін Өскеменде жеңіл атлетикадан Қазақстан кубогы үшін жарыс басталды. Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтетін байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 160-тан астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Екі күнге жалғасатын жарыс барысында ерлер мен қыздар жеңіл атлетиканың 16 түрі бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады. Қыздар арасындағы додада біздің облыстың намысын алты спортшы қорғамақ. Олардың ішінде 400 метрге жүгіруде жарыс фавориті саналатын риддерлік Элина Михина мен соңғы жылдары биіктікке секіруден елімізде қарсылас шақ келтірмей жүрген семейлік Надежда Дубовицкая да бар.

Дәл сол биіктікке секіру сайысында тағы бір жерлесіміз Александра Кривицкая да өнер көрсетпек. Сонымен қатар бұл күндері жарыс жолына өскемендік Орынгүл Зікіриенова (60 метрге кедергілермен жүгіру), семейлік Ольга Хижнякова (ядро лақтыру) мен риддерлік Арина Харламова (200 және 400 метрге жүгіру) да шығады.

Мамандар ерлер арасындағы 60 метрге кедергілермен жүгіру сайысында сынға түсетін өскемендік желаяқ Виталий Лиценбергерге ерекше сенім артып отыр. Былтырғы ел біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған жерлесіміз биыл одан да жақсы нәтиже көрсетуге шамасы жетіп тұр.

Сондай-ақ өскемендік Ербол Кәленов (сырықпен секіру), Әмір Мамырбеков (400 және 800 метрге жүгіру) пен Ілияс Қадыров (60 метрге жүгіру мен ұзындыққа секіру), глубокоелық Владислав Сутягин (60 және 200 метрге жүгіру), семейлік Алексей Пономарев (ұзындыққа секіру), Евгений Архипов (400 метрге жүгіру) пен Тимур Парыгин (60 және 200 метрге жүгіру) де жарыс барысында тосынсый жасауы әбден мүмкін.

Олардан бөлек, ағайынды Рүстем мен Рамиз Қартаевтар, Ермек Асқаров, Геннадий Устюжанов пен Виталий Искаков та облысымыздың намысын қорғайтын болады.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары