Біз әлеуметтік желілердеміз

Шалғайдағы шаруашылықтың жағдайы оңалып келеді

Шығыс Қазақстан

Шалғайдағы шаруашылықтың жағдайы оңалып келеді

Бүгінгі күні мұнда 27 шаруа қожалығы жұмыс жасап тұр.

Аудан орталығынан жырақта жатқан елді мекеннің бірі-бұрынғы Бақанас, қазіргі Өркен ауылы. Жалпы, Өркен ауылдық кеңесі мен Бақанас қой совхозы 1974 жылдың жазында Көксала өзенінің төменгі сағасына орналасады. Батысында Орта Қарауыл төбесі мен Бақанас өзені ағып өтетін болса, шығысында Ақ ирек деп аталатын адыр бар.  Кезінде 60 мың саулық қой, 500 бас ірі қара, 400 бас жылқы малы өрісте жусап, 10 мың басқа дейін мал бордақылау кешендері жұмыс істеп тұрды. Ақ қойдың еті мен жүнінен ырғын табыс табатын ауыл сол тұста республикаға танымал болатын…

Бүгінгі күні мұнда 27 шаруа қожалығы жұмыс жасап тұр. Өрісі кең өлкеде атырапты малға толтыруды көксейді мұндағылар. Бұған толық жағдай жасалып келеді. Ауыл әкімі Талғат Тайботаев осы жердің тумасы. Шыр етіп дүниеге келгелі туған жерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан азамат. Осы жерде еңбек жолын бастады, сауда саласында, жанар жағар май базасында еңбек етті. Облыс орталығында қызмет бабымен бірер жыл болғасын, аудан басшыларының қолқалауымен туған ауылына әкімдікке тағайындалған. Оған да он шақты жылдың жүзі болды. Жалпы, өскен еліне, туған жеріне жаны ашитын азамат деп біледі мұндағылар.

-Орталықтан жырақта жатқан елді мекен болғандықтан, аудан басшысы Бақытжан Байахметов бұл өңірге жете көңіл бөліп, назарда ұстауға тырысады,-деді ол,- Мыңға тарта тұрғыны бар ауылымызға жуық арада ұялы байланыс орнатылмақшы. Барлық құжаттарын жасап, өткіздік. Сол сияқты, ауызсу мәселесі де шешілуге жақын. Бірнеше жылдан бері жерасты суының деңгейі тексеріліп, қазір құжаттары жасалды. Биылғы жылы осындай игі істер атқарылмақшы.

Аудан орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен үшін жыл осындай қуанышты жаңалықтармен басталған көрінеді. Дегенмен өркендіктер қол қусырып қарап отырған жоқ. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің» маңызын жете түсініп, кәсібінің нәсібін теріп жүрген азаматтар халықтың әлеуметтік тұрмыстық ахуалын жақсартуға күш салуда. Мәселен, «Бақ-Дәулет» шаруа қожалығының өзі ондаған азаматтарға жұмыс тауып беріп отыруының өзі неге тұрады… Ерлі-зайыпты Мұқышев Дәулет пен Бану Мұқышевалар бүгінде мыңдап мал өргізіп, пайдасын да көріп отырғаны рас. Олар ауыл орталығындағы халыққа қызмет етіп тұрған азық-түлік дүкені, тойхана секілді әлеуметтік нысандардың иесі. Олар биыл тойхананың іргесін кеңітіп, аумағын атшаптырым қылуға ниеттеніп отыр. Қарамақтарында 400-дің үстінде жылқы, 2000-нан астам қой, 200-ге тарта сиыр малын ұстап отырған қожалықтың бұл істі де оң жамбасына келтіретініне жерлестері сенімді.

-Бізде мыңғыртып мал өсіріп, мемлекет берген жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып отырған қожалықтар бар. Мәселен, «Бақ-Дәулет» шаруа қожалығы жыл сайын әлденеше миллиондап мемлекет берген субсидияның пайдасын көріп отыр. Мұқышевтар секілді «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке жаңа техникалар алып отырған қожалықтар да баршылық. «Айша», «Нұртөлеу», «Қайсар», т.б. қожалықтар мелекет берген жеңілдіктерді пайдаланып отыр десек, қателеспеймін,-дейді ауыл әкімі Талғат Тайботаев. Сол сияқты, Болат Бөрібаев, Жанболат Божақов, Дина Рақымбаевалар қол қусырып қарап отырмай, қожалық ашып мал өсіруде.

Жер көлемі 470 842, шабындығы 4831 га, жайылымдық жері 337 476 гектар болатын Өркен ауылдық округінде ата-баба кәсібі -мал өсіріп отырған ағайынның ұпайы түгел. Енді Алла қаласа, ұялы байланыс орнап, ауызсудың тапшылығынан құтылып, халықтың түйткілді мәселелері шешілсе, шалғайда жатқан шаруашылықтың да жағдайы оңалатыны анық.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары