Біз әлеуметтік желілердеміз

Бағы жанған Бақытбек

Суретте: Бақытбек Жампозбаев оң жақта

Ауыл шаруашылығы

Бағы жанған Бақытбек

Төгілген тердің өтемі де жоқ емес.

Шұбартау өңірі мал өсіруге қолайлы, шөбі шүйгін, жері от өлке. Сондықтан да мұнда төрт түлік малдың барлығын да кездестіруге болады. Мұнда малын бағып, ата –баба кәсібінен ажырамай, ұқсатып отырғандардың тұрмыс-тіршілігі де бақуатты. «Дағанды» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Жампозбаев жайлы көп естідік. Мәдениет ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мұқашевтың айтуы бойынша, өңірдегі тасы өрге домалаған іргелі қожалықтың бірегейі көрінеді. Бүгінгі күні қожалықта  600 бас Қамбар Ата түлігі, 4000-нан Шопан Ата, 300-ден астам Зеңгі Баба тұқымы бар екен. Қырықтың жуан ортасынан асқан Бәкеңнің өзі көп сөзі жоқ, істің адамы екені байқалады. Әкесі марқұм Барболсын ақсақалдың жолын қуып, қожалықтың шаңырағын шайқалтпай, керісінше, төрт түлік малдың басын арттырып, мыңғыртып отырған жайы бар. Ұжымда қазір К-700,КамАЗ, Газ-53, үш МТЗ-82 секілді техника бар. Рас, Бақытбек Жампозбаев бұлардың көпшілігін өз қаражатына сатып алып отыр. Өткен жылы 73 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастап, оны толығымен аяқтады. Қазір шөпті қалдықсыз турап, жемге араластырып беруге арналған, мал азығын дайындайтын арнайы цехы да іске қосуға даяр тұр.

Төгілген тердің өтемі де жоқ емес. «Еңбек етсең ерібей, тояды қарның тіленбей», деп Абай атамыз айтпақшы, қожалық ешкімге де кіріптар болмай, қайта шама –шарқынша маңайына көмек қолын созумен келеді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларды да дер кезінде алып, пайдасына жаратып келе жатқан жайы бар. 2015 жылы «Дағанды» шаруа қожалығы 9 млн. 90 мың теңге субсидия алса, соның 7 млн. 410 мың теңгесіне МТЗ-82, малшыларға арналған вагон-будка, шөп тайлағыш құрылғыларды сатып алды. 2016 жылы алған 6 млн. 480 мың теңге субсидияны қосып, жиыны 15 млн. теңгеге мал бордақылайтын алаң, жемшөп цехын ашты.

-Қазақта «Қайырым түбі-жомарттық», деген тамаша сөз бар ғой. Бәкең осы Мәдениет ауылында болып жататын үлкен-үлкен шаралардың бәріне де демеушілік танытып келе жатқан азамат. Қарттар күні, Наурыз, Жаңа жыл секілді мейрамдарда ол кісі үнемі көмек қолын созумен келеді,-дейді ауылдық округ әкімі Бауыржан Мұқашев.

Қожалықтың қарамағында «Сұңқар», «Арай», «Қызылжал», «Қызылқайнар» атты 4 қыстақ бар. Оның үшеуінде 1000 бастан қой , біреуінде «Жабы» тұқымды жылқы түлігі өсіріледі. Мал шаруашылығы үшін қажетті шөп шабатын 340 гектар шабындығы болса, жайылымдығы 29 660 гектар. Жалпы, қожалықтың қарамағында 30 000 гектар жер бар. Жыл сайын шабындық жерлерден малдың қыстық азығы ретінде 250 тонна шөп дайындалатын көрінеді. Қыстан қысылмай шығудың барлық амалдарын қарастыратын «Дағанды» шаруа қожалығы қолда бар мүмкіншіліктерді толығымен пайдаланады десе болады. Бүгінгі күні қожалықтың асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді қойын өсіретін шаруашылық деген мәртебесі де бар.

-Қылшық жүнді қазақы қойдың басқаларға қарағанда артықшылығы көп,-дейді Бақытбек Жампозбаев,-Біріншіден, бұл тұқым ежелден осы өңірге сіңісті, қатал климатына төзімді жергілікті мал. Екіншіден, салмақты да жылдам жинайтын, қылшық жүні ежелден киіз басуға таптырмас бұйым болатын ерекше қой. Сосын жаңа туған жас төлі жылдам ширап, енесіне бірден еріп кете алады. Қылшық жүнді қойдың генетикалық потенциалын арттыру мақсатында жергілікті қазақы құйрықты қойды Шұбартау аймағының климатына бейімдеп, асыл тұқымды «гиссар» қойымен будандастырғанбыз. Қазір шүкір, мал саны өсіп келеді.

Шынында да шалғайдағы Шұбартау атырабында мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемдерді тиімді пайдаланып отырған серіктестіктер мен қожалықтар баршылық.

-Бақытбек бауырымыздың елге жасап отырған жақсылығы бір төбе,-дейді Бауыржан Советұлы,- Ол жігіт округке қарасты үлкен мешіттің имамының ай сайынғы жалақысын өз қалтасынан төлеп келеді. Жоғары білімді оқыған азаматтың аты оқыған ғой! Ол Алматы сәулет құрылысы академиясын құрылыс мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда, тағдырдың жазуымен туған өлкесіне оралған жайы бар. Міне, он жылдай болып қалды: «Дағанды» шаруа қожалығын құрып, мал санын өсіруге күш салуда. Жалпы, біздің өңірде ондай азаматтар баршылық. Топырағы құнарлы бұл өңірден әйгілі алашордашы, мал дәрігері Бейсенбай Тойсарин, «Қазақ әдебиеті» оқулығына енген ақын Төлеу Көбдіков, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев, даңқты жазушы Мұхтар Мағауин (рас Мұхаң бұл жерден сегіз класстық білім алған). Тіпті, бүгінгі танымал жас ақын Ақберен Елгезек пен әнші- сазгер Тоқтар Серіктің де кіндік қаны осы өңірде тамған…

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары