Біз әлеуметтік желілердеміз

Зейнеткерлерге БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттары ай сайын төленетін болады

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Шығыс Қазақстан

Зейнеткерлерге БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттары ай сайын төленетін болады

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражаттарын бірден ала алмайды. Бұдан былай оларға жинаған ақшалары ай сайын төленетін болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан өзгеріске ұшырайды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаеваның сөзіне қарағанда, бұл өзгерістер 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасында көрсетілген. Тұжырымдаманың бұл нормалары 2015 жылы мақұлданғанымен, күшіне 2018 жылдың қаңтарынан бастап енеді. Сонымен зейнеткер жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана жинақталған қаржысын толық ала алады. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді.

-Қарлығаш Науанқызы, сонда БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?

-Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті дегеніміз зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнеткердің қорда жинақталған сомасы осы коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмауы тиіс.( келесі жылы бұл көрсеткіш 15 579 теңге)

Жинақтаушы қордағы қаражатты ай сайын бөліп берудің себебін Қарлығаш Науанқызы былайша түсіндірді.

— Қазір зейнетақы мөлшері үш жүйеден құралатыны белгілі. Еңбек өтіліне байланысты ынтымақтасты зейнетақы, базалық зейнетақы және жинақтаушы қордан түскен қаражаттан түзеледі. Жыл сайын адамдардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі азайып келеді, демек ынтымақтасты зейнетақысының көлемі де азаяды. Сол себепті зейнеткердің ай сайынғы алатын зейнетақысы күн көрісіне жететіндей мөлшерде болуын қамтамасыз ету үшін осы жаңа жүйеге көшу қарастырылды, — дейді директордың орынбасары.

Жаңа жылдан бастап Қордағы жинақталған соманы бірден шешіп алу құқығы тек шетелге тұрақты қоныс аударғандар мен қайтыс болған зейнеткерлердің мұрагерлеріне ғана беріледі. Тіпті бірінші және екінші топтағы мүгедектер де жинаған қаражаттарын бөлшектеп алатын болады.

Шетелге кеткендерге қаражаттарын алу үшін өтініш жазып, қажетті құжаттарды ресімдеу керек. Мұрагерлерге жарты жылдан кейін мұрагерлік туралы құжаттардың негізінде жеке шоттағы қаржыны бірден шешіп алуына болады.

Айна Ескенқызы

«Omnia, quae volo, adipiscar.»

Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары