Біз әлеуметтік желілердеміз

Күршімде сақтардан қалған көне қаланың ізі бар

Шығыс Қазақстан

Күршімде сақтардан қалған көне қаланың ізі бар

1981 жылы Новосибирскіден Арысланбекова басқарған археологтар келіп зерттеген кезде Жылытау ауылы тұрған жер ежелгі көне қала орыны деген тоқтамға келген

Күршім ауданындағы Қаратоғай өңірінің тау –тасынан табылған көне жәдігерлер аз емес, бұл жақта сонау сақ заманынан қалып, бар құпиясын бауырына басып жатқан тарихи дүниелер мен деректер әлі де бар.

Ертістің арғы жағындағы елге іссапармен барған жолы Қаратоғай ауылындағы «Дархан» шаруа қожалығының иесі Жұмахан Есентаев (суретте) ағамыз бізді Шығыс Қазақстан аймағындағы ең ежелгі ескерткіштер шыққан олжалы жердің біріне бастап апарды.

Қаратоғай ауылының арғы жағында, Еңбек ауылына таяу тұстағы Қозыбай фермасының маңында жатқан бұл сай қуысынан 89-жылдары алғашқы қауым адамдарының қолымен жасалған бірсыпыра тас бұйымдар: шапқыш заттар, сындырғыштар, екі жағы да өңделген өткір жүзді құралдар табылған. Шаруа қожалығының үй-жайы өркешті жоталардың ішіндегі сол сайдың қарсы беткейінде тұр. Қойнауына қаншама сыр бүккен осы тарихи орынды анықтауға, табанында руникалық жазуы бар тас мөрді, Қаратоғай өңірінен табылған басқа да бірнеше заттарды жинап, зерттеуге Қаратоғай ауылында тұрған шежіреші, тарихшы Ақаш Жүнісов үлкен еңбек сіңірген.

«Осы хабарды естіген филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжолов тас мөрдің табан таңбасын суретке түсіріп, сол кездегі «Білім және еңбек» (11/ 1988) журналында «Ертіс жазу ескерткіштері» деген тақырыпта басылып шықты. Журналда басылғаны: Бауға тағылатын тас мөр табанына ойылған таңбалар руникалық жазу болып шықты. Оқылуы: «сеч, абын». Қазіргі тілімізде: «Таңда, уан!» Демек, өмірден әр нәрсені таңда да, содан мейірім тап» дегенді меңзейді… Бұл тас мөр табанындағы таңбалар мен руникалық жазу Алматының Республика алаңындағы құйма плиталар мен қондырғыларға да көшіріліп басылған екен. Тас мөр 1966 жылғы қалың қар еріп Қалғұты өзені тасыған кезде Қаратоғай ауылы жанындағы өзен көпірінің іргесіндегі қолтықта тасқын су иіріп, қайырып кеткен құмтасты төбешіктен табылған еді» деп жазған көзі тірісінде Қаратоғай өңірінен табылған тас мөрдің тарихы жайында Ақаш Жүнісов өзінің «Шежірелі тау қойнауы» кітабында. Иә, бағзы заманда жасаған бабаларымыздан қалған тағы бір жыршы тас, дұрысы тас мөр тыныштыққа шақырып, «таңда, уан» деп үн қатыпты. Тас мөрдегі жазу арасында еңкейіп тұрған адам басының бейнесі, гүл және орақтың суреті де бар болған.

Осы кітапта: «1981 жылы Новосибирскіден Арысланбекова басқарған археологтар келіп зерттеген кезде Жылытау ауылы тұрған жер ежелгі көне қала орыны деген тоқтамға келген. Жылытауда үй салушылардың айтуына қарағанда, жерге сүймен қадаған кезде лып етіп жер астына сүңгіп кетіпті. Кейін сол араға оқушылар ағаш отырғызған. Бір ғажабы жоғарыдан тоған арық жүргізіп, мектеп көгалын суарып, ағызған кезде су түгелдей жер астына сіңіп кетіпті,» делінген Қаратоғай өңіріндегі Жылытау ауылының да тарихы тым тереңде екендігі еске салынып.

Шежіреші Жылытау ауылының теріскей жағындағы шұңғымада екі беттегі созылған таудың арасын жалғастырып, ұзындығы бір шақырымнан артық қолдан қазылған ордың орны айқын байқалып жатқанын, бұл адамдардың Ащыбасы мен Жылытау төңірегіндегі сортаң көлдердің маңын мекендеген құландарды қаумалап, қуалап әкеліп ұстайтын орыны болғанын жазады. Ел билеуші хандар жарлық беріп, құлан етінен аламан салық салып, аңдарды аулататын болған. Дүркірей қашқан аңдардың көпшілігі секіріп өте алмай, орға құлап түсіп, құрыққа ілінетін көрінеді. Жылытаудағы орды қазған кезде сыртына шығарылған тастарды жергілікті жердегілер «Кереге тас» деп атап кеткен екен. Тастарды екі жаққа кезек қуалаған құландарды кідіртіп, кедергі келтіруге пайдаланыпты.

2000 жылы Ақаш Жүнісов Семейдегі орталық мұражайға ұшында уы бар садақ жебесі және қола мен мыстың қоспасынан жасалған, екі жағында жауды соққан кезде қан ағатын қобысы (жылғасы) бар найзаны, екі жағы да алмас жүзді қанжар тапсырған екен. Садақ жебесін қарияға Жылытауға жақын Айнабұлақ деген жерден 1990 жылы Назымбек Қайырбаев деген шопан тау ішіндегі үлкен тастың қуысында жатқан жерінен тауып әкеліп беріпті.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары