Біз әлеуметтік желілердеміз

Күміс есімді келіншек ауылдастарын 68 млн. теңгеге қалай отырғызып кетті?

Қоғам

Күміс есімді келіншек ауылдастарын 68 млн. теңгеге қалай отырғызып кетті?

Ақшаға құныққан әйелдің ашкөз әрекеті алты жыл бойы алақандай ауылда қалайша әшкере болмай келгені түсініксіз.

Суық хабардың суыт тарайтын әдеті емес пе? Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылынан алаяқ шығыпты деген әңгіме ел арасына лезде жайылған. Ұзынқұлақтың ақпарына сенсек, Күміс Төкен есімді келіншек ауылдастарын 68 млн. теңгеге отырғызып кеткен.

Тауар түгіл тас та жоқ

Уәдеге құдай сөзіндей нанып, сертті пұлдай көретін ауылдағы ағайынды әккі келіншек 2011 жылдан бері сылдыр сөзбен адастырып келсе керек. Құжатқа құнтсыз ағайынның аңғалдығын малданған азаматша бүгінде қамауға алыныпты. Ал қулықтың құрығына іліккендер күдіктіні қарғап-сілеуден басқа амал таппай, опық жеп отыр.
-Ораза айтқа бір күн қалған болатын. Үйге Күміс Төкен есімді ауылдасым келді. Қытайдан тауар күтіп жүргенін айтып, соған дейін 300 мың теңге қарыз сұрады. Күйеуім қабір қазысуға кеткен. Телефон шалып ақылдасуыма да мұрсат бермеді. Қасиетті айт мейрамын араға салып, өлердегі сөзін айтты. Менің келісімімді ести сала такси шақыртты. Бала-шағаны шұбыртып «Каспий банкке» келдік. Банк операторының алдында 300 мың теңгенің орнына 1100000 теңге сұратты. Қалай келісе салғанымды әлі де ұқпаймын. «Алты-ақ күнде жаба салам. Тіпті, күйеуің білмей де қалады», – деп сендірді. Банк қызметкері де сұраған соманы лезде шығарып бере қойды. Енді ойлап отырсам, бәрі алдын ала ойластырылған алаяқтық операция екен, – дейді Шығыс ауылының тұрғыны Майра Бақат.

Күміс мұнымен тоқталмай, ертеңінде Майраның жолдасын да қармағына түсіріпті. Оның атына да 1100000 теңге несие рәсімдеген.

-Ертеңінде күйеуім де Күміске несие алып бергенін айтты. Істің насырға шапқанын сол кезде ғана ұқтық. Жалма-жан үйіне іздеп бардық. Оның ешқандай да тауар күтіп отырмағанына сонда ғана көзіміз жетті. Бірақ тым кеш болатын. Сөйтсек, 2011 жылдан бері дәл осындай жолмен 57 адамды алдапты. Арасында Ұлан ауданының тұрғындары да бар, – дейді Майра.

Алшаң басқан алты жыл

Бұл оқиғада түсініксіз жайт тым көп. Ақшаға құныққан әйелдің ашкөз әрекеті алты жыл бойы алақандай ауылда қалайша әшкере болмай келгені түсініксіз. «Каспий банктің» Күміс Төкен жетектеп әкелген адамның бәріне бірдей сұраған сомасын босата беруі де күмәнді. Осыншама адамның аузынан жырып алған қаржыны күдікті түгелдей өзі жаратты ма, деген сауалдың да басы ашық.

Қазір Майра Бақат айлығының тең жартысын Күміс Төкен алғызған несиеге төлеп отыр.

-Айлығымның тең жартысын «Каспий банк» ұстап қалады. Сенгіштіктің кесірінен бала-шағамыздың ризығын ауыздарынан жырып, несиеге беруге мәжбүрміз. «Каспий банктен» қалғаны күнделікті күнкөріске жетпей жүр – деп кейиді Майра.

Дәл осындай жағдайға Болат Шәку мен Жамалқан Әлімқазы да душар болыпты. Олар да ерлі-зайыпты жандар. Екеуі де көңілжықпастықпен Күміс Төкенге несие алып берген. Енді соны төлеуге мәжбүр.
Шығыс ауылының алданған тұрғындары Күміс Төкен бостандықта жүр деген сыбыс естіпті. Редакцияға соған алаңдайтындарын айтып хабарласқан еді. Бұл іс №2 Өскемен қалалық сотқа 10 қараша күні түсіпті. Ал күдіктіні бұлтартпау мақсатында тергеу изоляторында қамап отыр.

-Бұл іске 57 адам зардап шегуші ретінде тіркелген. Барлығын Күміс Төкен есімді азаматша несие алуға көндірген. Зардап шегушілер оның несиені өзі өтейтініне сеніп қалған. Істің фабуласы осыған саяды. Алаяқтық жолмен жұмсалған ақшаның жалпы сомасы 60 млн. теңге. Әзірге сот талқылауын өткізетін күн белгіленген жоқ. Күдікті тергеу изоляторында отыр, – дейді №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

«Сіз үшін тағы не істей аламыз?»

Бір қызығы, аталмыш істе «Каспий банк» қызметкерлері куәгер ретінде де, басқалай да сотқа тартылмапты. Ал алданған тұрғындар банктің несиені қайтарту әрекеті «жау жағадан алғанда бөрінің етектен жармасқаны» сияқты әсер етіп жатқанын айтады.

-Күмістің жымысқы әрекеттері әшкере болған кезде Шығыс ауылының тұрғындары жиналып, «Каспий банкке» арыз жолдадық. Онда атымызға алынған несиені Күміс Төкеннің жаратқанын баяндап, сот шешімі шыққанша несие төлеуді талап етпеулерін сұрағанбыз. Одан нәтиже болмаған сыңайлы. Ескертулер толассыз келіп жатыр. Банк бізді сотқа бермекші, – дейді Болат Шәку.

Жығылғанның үстіне жұдырық арқалаған ағайынның ендігі үміті сотта. Бірақ құжат бойынша мойындарында тұрған несиеден құтылу айтуға ғана оңай екенін өздері де сезеді. Сөйте тұра, әділдік сұрап прокуратураға да, жергілікті әкімдікке де жүгініпті. Ондағылар да соңғы шешімді сот шығаратынын айтып, шығарып салған. Көңілжықпастық орға жыққан тұрғындардың ауылды алатайдай бүлдірген жерлестеріне сырттай тіс қайрағаннан басқа қылар қайрандары жоқ.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары