Біз әлеуметтік желілердеміз

Көкпектідегі тоғыз мектеп күрделі жөндеуден өтті

Шығыс Қазақстан

Көкпектідегі тоғыз мектеп күрделі жөндеуден өтті

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 98-ші қадамында ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуге Көкпекті ауданындағы Самар, Қойгелді Аухадиев сияқты ауылдық округтер дайын. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағандықов мәлім етті.

– Келесі жылдан бастап еліміздегі халық саны екі мыңнан асатын елді мекендер дербес бюджетті игеретін болады. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылға қарай еліміздің 2 444 әкімшілік аумақтың бірлігіне дербес бюджет енгізу жоспарланған. Соған орай, біздің аудандағы округ әкімдері бұл қадамның жергілікті жердегі мәселелерді шешуге оң әсерін тигізетініне кәміл сеніп отыр. Бүгінде Көкпектіде кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, тауарлы-сүт фермаларын салу жұмыстары қолға алынып, экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, — дейді Рамиль Сағандықов.

Елбасының биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қолға алынған. Ағымдағы жыл басынан бері Көкпекті ауданына 1 386,3 миллион теңге инвестиция тартылған. Ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 4095,1 миллион теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазір Көкпекті ауданында 65 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның ішінде 15 кооперативке мемлекет тарапынан 130 миллион теңге несие берілгенін айта кеткен орынды.

– Аудан экономикасын дамытуда маңызды орынды ауыл шаруашылығы саласы алып отыр. Бүгінгі күні Көкпекті ауданында 788 шаруа қожалығы бар. Қазір аудандағы жеке кәсіпкерлер асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударуда. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес аудандағы «Намыс» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Қайратұлы мен «Өрнек» ЖШС-нің басшысы Ержан Қойгелдин тауарлы сүт фермаларын салуда, — дейді аудан әкімі Рамиль Сағындықов.

Биыл Көкпекті ауданында «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 27 жас маман жұмысқа орналасып, 10 жас маманға жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілген. Брифинг барысында Рамиль Сағандықов қазір аудандағы білім ошақтарына ағылшын, орыс тілі, математика пәндері мен бастауыш сыныпқа сабақ беретін 13 мұғалім қажет екенін атап өтті.

– Ағымдағы жылы аудандағы тоғыз мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 211 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек, биыл 13 мектеп мультимедиялық және интерактивті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, — дейді Рамиль Сағандықов.

Көкпекті ауданында индустрияландыру картасы аясында үш жоба жүзеге асырылуда. Соған орай, Қойтас ауылындағы қуаттылығы жылына 25 000 мың ильменит концентратын өндіруге қауқарлы «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС басшылығы екінші кен байыту фабрикасын салатын болады. Инфрақұрылымға келсек, алдағы уақытта «Аймақтарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Көкжайық, Белое, Құлынжон ауылдық округтеріндегі таза ауыз су мәселесін шешу мақсатында аталмыш елді мекендерге су құбыры желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі.

– Биыл бюджеттің барлық секторында іске асырылуы тиіс бағдарламалар ретімен орындалуда. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты деңгейге жеткізілуде. Ағымдағы жыл басынан ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 18323,9 миллион теңгені құрады, — дейді Рамиль Сағандықов.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...
Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары