Біз әлеуметтік желілердеміз

Өскемендік кәсіпкер, қаламгерге үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады

Шығыс Қазақстан

Өскемендік кәсіпкер, қаламгерге үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады

Қабырғалы қаламгер Әлібек Қаңтарбаев облыс орталығында жетпіс жылдық мерейтойын атап өтті

Әріптесім Есімжан Нақтыбайұлың тілімен айтқанда «мейірленсе тілінен сүт төгілтіп, қамықса қара сөзден қан шығарған» қабырғалы қаламгер Әлібек Қаңтарбаев облыс орталығында жетпіс жылдық мерейтойын атап өтті.

Облыстық драма театрда өткен «Жырлаймын сені туған жер» атты бұл әдеби кешке арысы Алматы мен Астанадан, берісі Алтай бетінен құрметті қонақтар келді, баяғы дәстүр бойынша жарыса мақтады. Аудан әкімдері ат жетелеп, кәсіпкерлер сый-сияпаттарын алып келіпті тойға. Кештің керемет тұсы деп әспеттеуге келмес, бірақ өзге кештерден өзгешелігі сол, қаламгерге белгілі кәсіпкер Ержан Ысқақов Өскемен қаласынан 150 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер сыйлады.

– Әліағаңмен ауылда көрші тұрдық. Қадірлеуге тұратын азамат. Қазіргі үйі қаланың шет жағында. Егде тартқан шағында елдің ортасында болсын деп өзім салдырып жатқан жаңа үйлердің бірінен пәтер бергенді құп көріп тұрмын. Мерейтойыңыз құтты болсын аға, енді қартайғанда ешкімнің қолына жалтақтамай, біреулердің бишігі болмай тәуелсіз өмір сүріңіз. Егер басқалардың ықпалымен қалам тербесеңіз, біз сізді алжыды деп есептейміз, – деп інілік ілтипат пен азаматтық ұстанымын көрсеткен кәсіпкер қаламгерге жаңа үйдің кілтін ұстатты.

Қазақстан Жазушылар одағының ақжарма тілегін алып жерлес жазушы Әлібек Асқаров пен ақын Қасымхан Бегіманов келді. Кеш иесінің бұрынғы қызмет еткен жері «Шығыс-Ақпарат» ЖШС-нің ыстық сәлемін директордың орынбасары Серік Құсанбаев жырмен жеткізді.

Ақын һәм жазушының мерейтойына орай жарық көрген «Жұлдыздар сөнбейді» прозалық кітабы мен «Жүрегім от пен жалын, өртті демім…» атты жыр жинағының тұсауы кесілді кеш барысында.
Қаламгердің бұл тойы облыс әкімдігінің нұсқауы бойынша облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен өтті. Содан болса керек, жетім қыздың тойындай болып өтетін басқа жазушылардың шығармашылық кешіне қарағанда анағұрлым салиқалы болды. Театрдың кең залына лық толған жұрт екі сағаттан астам уақыт жазушы шығармаларының желісіне сай театрланған көріністерді тамашалады.

Көрерменнің көбі жастар болғанын ескерсек, қаламның қадірі қашыңқырап тұрған бүгінгі таңда, қаламгерге көрсеткен бұл құрмет жеткіншектерді тың әлемге жетелері ақиқат. Алтайын Алатауға айырбастамай, туған жеріне кіндігінен байланған алтайдай асқақ ұлын жерлестері жерге қаратпады. Бүгінгі қоғам тынысымен сөйлер болсақ, «Рухани жаңғырудың» көкесі – осы той болды.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...
Мұратхан Кенжеханұлы

Ата дәстүрді таптаған дінге, ақиқаттан аттаған заңға... тфу!

Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары