Біз әлеуметтік желілердеміз

Семейдің қараңғы көшелері жуықта жарқырайтын болады

Шығыс Қазақстан

Семейдің қараңғы көшелері жуықта жарқырайтын болады

Ал күн сайын компьютерден бастап, теледидар, тоқ шайнек сияқты дүниелердің барлығын пайдаланатын ХХІ ғасырдың тұрғындарына Семейдің сонау Кеңес үкіметі тұсында салынған электр желілерінің қуаты мүлде жетімсіз еке

Семей қаласын жарықтандыру, тозған электр желілерін ауыстыру, түнгі энергия үнемдейтін жаңа шамдарды орнату бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қаланың орталық көшелері де, шет жақтары да қазіргі уақытта қараңғы боп тұрады. Бұған не себеп?

Ұзақ жылдардан бері қарай қала көшелерін жарықтандыру, яғни қаланың электр желілерінің біраз бөлігі, жарықпен қамтимыз деген мердігер мекеменің еншісінде болыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын мердігер мекеме жарықпен қамтуды мүлдем доғарған. Осыған орай орталық көшелерді қараңғылық басқан. Бұл электр желілерін коммуналды жекеменшікке алуға бірнеше рет талпыныс жасалса да, нәтижесіз болған. Себебі, иеленіп алған кәсіпорын «Шам» ЖШС-інің жетекшілігі тозып кеткен электр желілері үшін қомақты қаражат талап еткен.
-«Шам-С» ЖШС-і қарамағына Семейдің орталық көшелері болып саналатын қаланың 30 көшесі кіреді,-деді бізбен осы проблема туралы егжей-тегжейлі әңгімелескен Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Өтелбаев,-сонымен соңғы жылдары бұл кәсіпорын қала көшелерін жарықтандыру, электр желілерін жаңарту мәселелерімен мүлде айналыспады. Қала әкімдігі бұлардан электр желілерін, бағандарын сатып алу үшін бірнеше рет ұсыныс жасады. Бірақ, олар екі есе ақша сұрады. Ал олардың желілері тозып кеткендігі сондай, жаңадан жасамаса болмайтындығын анықтадық.

Осылайша электр желілері жұмыс істемей, халық қараңғыда қалып қалған кезде облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мәселені басты назарға алды. Аймақ басшысы мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Жанет Хэкман қала көшелерін жарықтандыруға орай алдын ала келісімшартқа қол қойды. Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің өзара ықпалдастығы 2015 жылдан басталған. 2016 жылдың желтоқсан айында Семей қаласының су, жарық, жылу көздерін жаңғырту үшін қаржыландырудың бірінші келісімшартына қол жеткізілген. Осы келісімшарт бойынша халықаралық қаржы институты барлық сала бойынша 11 млрд. теңге бөлмекші. Шығыс Қазақстан облысы бойынша инфрақұрылым үшін жалпы қаражат деңгейі әлі де өсуі мүмкін. Себебі бір ғана Семей мен Өскеменнің көшелерін жарықтандыру үшін 7,7 млрд. теңге қажет екен.

-Біздің бекітіп отырған жобаларымыз энергиялық тиімділік және үнемдеумен тығыз байланысты,-деді ЕҚҚД Банкінің Қазақстандағы директоры Жанет Хэкман,-әрине, біздің жұмыстар «ЭКСПО-2017» көрмесімен қатар жүрді, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Яғни Қазақстанның жасыл экономиканы дамыту мәселесімен тығыз байланысты. Қала көшелерін жарықтандыру бұл күндері қала бюджетіне едәуір салмақ түсіреді. Қазіргі жүйелер энегриялық жағынан тиімсіз, тым көп қуат алады. Ескіріп кеткендіктері тағы бар. ЕҚҚД Банкі қаржыландыратын жобалар, жарықтандыру жұмысын кешенді түрде атқарады. Және автоматтандырылған басқару жүйесіне енеді. Өскемен қаласында көшелерді жарықтандыруды 72 пайыздық тұрғыда орындау қажет. Ал Семейде барлығын түгелдей ауыстырады. Соған орай, екі қалада көшені жарықтандыруға шығын 60 пайызға азайып, яғни 70 миллион теңге үнемделетін болады

— Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асырамыз, ел экономикасын жаңғырту үшін халықаралық қаржы институттарының қаржысын тартуымыз керек,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-міне, осы бағытта тың жұмыстар атқарылып жатыр. Тиісті келісімшарт жасалуда. Бұл игі істердің бастамасы ғана. Инвестиция көлемін артыратын тағы басқа да ірі жобаларымыз бар. Оның барлығы да инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған. Он жыл бойы шешілмей келе жатқан проблемалар бар. Бұл Бұқтырма су қоймасы арқылы салынатын көпір асуы. Құнын алдын ала есептеп көрсек, 25 миллиард теңге екен. Оның 13 млрд теңгесі көпір құрылымына ғана, ал қалғаны кіреберіс жолдар мен инфрақұрылымына қажет.

Жанет Хэкманның айтуынша, бұл жоба ЕҚҚД Банкіне өте қызықты. Банктің қаржыландыратын жобаларына келсек, онда аудан орталықтарындағы көшелердің жарықтандырылуы, екі қаладағы жолаушылар тасымалы көліктерін жаңғырту да бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың ұсынысымен ЕҚҚД Банкінің филиалы Өскемен қаласында ашылып отыр. Бүгінде банк мамандары шағын және орта бизнес бойынша кеңестер, көмек қолдаулар көрсетуде. Облыс бойынша 50 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырмақ. Тағы да 30 нысанға көмек көрсетіледі.

Көмекке шетелдік сарапшылар келді

Сонымен Семей қаласының жарықтандыру жүйесін жаңғыртуға келейік, көшелерді самаладай ғып жарқырату үшін қолға алынған жобаның жасалып отырғанына екі жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында қаланың барлық көшелері егжей-тегжейлі зерттеліп, Шүлбі кентінің де жарық жүйесі қаралған. Қаланы көгалдандыру және аббатандыру бойынша «Семей» КМК мекемесі директорының орынбасары Ержан Шәйжүнісовтың айтуынша жобаны іске асырумен әуел баста ТҮКШ бөлімі айналысқан. Бірақ, ЕҚҚД Банкінің қаржыландыруға мүмкіндігі бар екендігін естіген соң энергетика саласы бойынша халықаралық деңгейдегі сараптама топ құрылыпты. Сөйтіп, халықаралық сарапшылардан құрылған топ Семейге бірнеше рет келген. Мамандар бұл жерде бір-екі күн ғана келіп кетпей, апталап, айлап жатып, жағдайды толық зерттеген. Сөйтіп, олар біздің жергілікті мамандарға өздерінің арнайы құрал-жабдықтарымен бағалап, электр энергиясына қаншалықты халықтың сұранысы бар, оның мөлшерін тозған желілер көтере ала ма, жоқ па деген мәселеде тыңғылықты шешім шығару үшін көмек көрсеткен. Ал күн сайын компьютерден бастап, теледидар, тоқ шайнек сияқты дүниелердің барлығын пайдаланатын ХХІ ғасырдың тұрғындарына Семейдің сонау Кеңес үкіметі тұсында салынған электр желілерінің қуаты мүлде жетімсіз екен.

Халықаралық сарапшылар әкімшілікке көшелерді жарықтандырудың электр тоғына қосатын құралын түні бойы қосып қоюды ұсыныпты. Себебі кешке қосып, түнде өшіріп отырған халық үшін тиімсіз. Сөйтіп, жарықтың әрі экономикалық жағы үнемделіп, әрі халық жарықтан кез келген уақытта қол үзбейтін болды. Бұрынғыдай түнгі бірде жарық сөніп қалмайды. Семейлік мамандар да қарап отырмапты. Олар қаланың әр көшесінде айлап жүріп, зерттеулер, тексерулер өткізді. Нәтижесінде шұғыл түрде шешетін проблемалар да кездесіп отырды. Мамандардың айтуынша, көптеген көшелерде денсаулыққа люминесцентті нұршамдар қолданылып жүр екен. Олардың желілері де тозып кетіпті.

Ал халықаралық сарапшылардың зерттеуінше, баған-тіректердің көбі жақсы қалыпта. Тек жоба бойынша олардың кейбірі ғана ауыстырылады. Баған тіреуіштердің көбінде жарықтандыратын құрал жоқ. Оларды жаңадан шыққан жарық диодты шамдармен қамту керек. Семейлік мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеген шетелдік сарапшылар әр нәрсеге ғылыми көзқараспен қарап отырыпты. Олар жарықтандырудың адам денсаулығына қаншалықты әсері бар соны да тексерген. Сөйтіп, өздерінің есеп-қисаптарына жүгіне отырып, бірқатар ұсыныстар жасапты. Мәселен, Семейдің қай көшесіне жарық қаншалықты қажет. Түн қараңғысында жаяу жүргінші өтетін тұстар да назарға алынып, адам қауіпсіздігі де есептелген.

Жарықты қажет ететін көше саны өсіп кетті

Айта кету керек, әу баста Семейдегі 136 көшенің жарығын жаңа жаңалау керек деген болатын. Бүгінгі таңда Шүлбі кенті мен қаланың о жақ, бұ жағын тексере келе, 159 көшені жөндеу қажеттігі туындап отыр. Осылайша жобаның бастапқы 2 млрд 800 млн теңгесі келісімшарт барысында қайта қаралуы мүмкін. Қазіргі таңда қаланың барлық көшелерінің техника-экономикалық зерттеуі жүрген. Кейбір жобалау ұйымдарының күшімен 40 көшенің жоба-сметалық құжаттамасы жергілікті бюджет арқыыл жасалған. Бұл жұмыс арығарай да жалғасып келеді. Биыл 23 маусым күні Семей әкімідігі мен ЕҚҚД Банкі арасында Семейдің шет аймақтарындағы жарық мәселесіне орай келісімшарт жасалған. Ержан Шәйжүнісовтың айтуынша, жаңартылған электр желісіне арнайы компания он жыл бойы қызмет көрсетпек. Бұл үшін қазірде тендерлік конкурс өтеді. Тендер желтоқсан айына белгіленсе, жобаның жүзеге асуы 2018 жылдың қаңтарына нақтыланған. Қала тұрғындары да бұл мәселеге орай өз пікірлерін білдірді.
-Түнде жүру өте қауіпті,-деді Данара Байтанова,-жұмыстан кеш қайтамын. Цементшілер кентінде тұрамын. Түк көрінбейді. Бозарған бір жарық. Ал жұмыс орным Абай көшесі тұсында. Жаяу жүргінші өтер тұс мүлде қараңғы. Қала халқы санының өсуі, орта және шағын бизнес нысандарының көбейуіне байланысты қаланың электр желісіне түсетін салмақтың артуы байқалады.

Тұрғындардың айтуынша Терімех зауытының жанындағы Қаныш Сәтпаев көшесі де мүлде қараңғы екен. Бизнес колледж маңындағы үйлер, Кирпичный көшелері де жарықтандыруды қажет етеді. Сонымен, жаңа жоба қолға алынды. Егер де тұрғындар көшелерді электр желілерімен жабдықтауда қандай да бір олқылықтардың орын алғанын көріп жатса, бізге дереу хабарлассын, деді қаладағы Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Өтелбаев, 2018 жылдан бастап Семей көшелеріне көптен күткен ерекше шамдар орнатылатын болады.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...
Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары