Біз әлеуметтік желілердеміз

Облыстық авиациялық бөлімшеге 20 жыл

Шығыс Қазақстан

Облыстық авиациялық бөлімшеге 20 жыл

Орман өрттерін өшіру. Адасқан немесе шалғай  ауылда сырқаттанып қалған адамдарға көмек көрсету. Әуеден күзет жүргізу. Шығыс Қазақстан облыстық авиациялық  бөлімшесінің осы сияқты аса жауапты міндеттерді атқарып,  халыққа қалтықсыз қызмет етіп жатқанына осы қараша айында 20 жыл болады.

Аталған бөлімшені облыс әкімдігі қаржыландырады. Техникалық  қор жаман емес —  тоғыз МИ-2 тікұшағы, үш Ми-8 тікұшағы және бір АН-2 ұшағы бар.   Барлығы да қолдануға жарамды.

– Тікұшақтар ресурсы -1500 сағат. Егер әуе көлігі осынша сағат ұшса, онда ол авиажөндеу зауытына  жіберіледі. Ол жерде техниканы зерттеп, жөндеп, қайта құрап бізге су жаңа күйінде әкеліп береді. Дәл қазір осы мақсатпен  бір тікұшақты Омбы азаматтық авиация зауытына жібергелі отырмыз, — дейді  әуе  кемесінің командирі, облыстық авиациялық бөлімшенің  ұшу қауіпсіздігі бойынша инспекторы Андрей Будников.

Әуе көлігі де күтімді, сапалы қызметті талап етеді. Ал бұл арзанға соқпасы сөзсіз.Бір тікұшақты  жөндеу жұмыстары бір миллион долларға дейін жетеді.

Авиациялық бөлімшенің жазғы құрамы  17 адамнан тұрады –төрт бортмеханик, бір штурман, 12 ұшқыш.  Андрей Будниковтың айтуынша,  кадр жетіспеушілігі туралы мәселе бар, өйткені жастар бұл саланы игеруге  құлықсыз.  Оған себеп те жоқ емес. Қызмет қиын, талап қатаң.  Бүгінгі заманауи әуе көліктерімен салыстырғанда  техникалар мүлдем жайсыз. Ешқандай қолайлылық жоқ.  Бұл туралы Андрей Будников«бізде барлығы трактордағы сияқты»-деп күле әңгімелейді.  Еңбекақыда да  еселеген айырмашылық бар.

Андрей Будников  аспанда 8000  сағатты өткізіпті. Көптеген елдерде 3600 сағаттан соң ұшқыш зейнеткерлікке жіберіледі.  Ал біздің елімізде әзірге ондай  ереже жоқ. Осының барлығы өзінің  мансаптық жолын алдын-ала ойластыра жүретін бүгінгі жастардың көңілінен шыға бермейді.

– Біздің бармайтын жеріміз,баспайтын тауымыз жоқ. Санитарлық , апаттық-құтқару операцияларының бәрі біздің қатысуымызбен атқарылады.  Сонда да тікұшақтар үнемі назардан тыс қалып жатады.  Екінші жағынан тікұшақ  ұшқышы мамандығын өз бетінше игеру бүгінгі күні шамамен 200 мың евро тұрады. Қазақстанда бюджеттік негізде жылына алты адам оқып бітіреді, бұл біз үшін тымз аз.

Авиациялық  бөлімше бұл олқылықты жоюмен өзінше айналысып келеді. Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын бөлімше базасында  жазғы экипажды қайта оқыту курстары ашылды. Ол жерде мамандар біліктіліктерін шыңдап, өзге де техникаларды игеруге машықтанады.  Өйткені тікұшақты басқару немес оны жөндеу  жеке дара бір ғылым тәрізді.  Сондықтан курс барысында  МИ-2 тікұшағымен жұмыс жасап жүргендер МИ-8-дің немесе  басқа да әуе көліктерінің қыр-сырымен таныса алады.  Бұл оқыту курсы Орал азаматтық авиациясы, авиациялық -техникалық училищесінің қолдауымен ашылған.

–Біз сол оқу орнының филиалымыз, сондықтан тығыз байланыстамыз.  Мұғалімдер мен техника бізден, ал куәлікті беретін сол училище.  Бір аптадан бір айға дейін созылатын курста бір топ  5-6 адамнан тұрады.  Біздегі сыныпта МИ-2  тікұшағының қозғалтқышы да бар. Ол  ел бойынша тек бізде ғана бар деп мақтана аламыз.Көрнекі құралдардың барлығы да кеңес үкіметі тұсында жасалған,-дейді Андрей Будников.

Айта кету керек , соңғы үш жылда авиациялық бөлімше көмегімен 900 науқас жедел түрде тасымалданса, бір жылда 200 орман өрті сөндірілген.  Осы жазда орман және дала өртінің алдын алу үшін  тікұшақтар  аймақтағы сегіз қауіпті нүктеге орналасып, сақтықты күшейтті.  Авиациялық бөлімше қажеттілігін осыдан-ақ көруге болады. Бұл әуедегі әмбебап  құтқарушылар туралы аз ғана дерек.

Пікір жазу

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары