Біз әлеуметтік желілердеміз

Марқакөлден шыққан мықтылардың бірі

Әріптес

Марқакөлден шыққан мықтылардың бірі

Осылайша Мұрат аға 40-тан астам әнге мәтін жазады. Бұл да болса қазақ өнеріне деген құрмет әрі үлкен еңбек

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық «Рухани Жаңғыру» туралы мақаласында қазақ халқының ұлттық тұрғыда дамуына еңбек сіңіріп жүрген есімдерді ұмытпауымыз керек, оларды ұлықтап жүру біздің парызымыз деп нақты айтып, тапсырма берген болатын. Біздің Шығыс Қазақстан облысында да сондай біртума талантты, тұлға боларлық ағаларымыз көп. Солардың бірі ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыс әкімі сыйлығының иегері, елге танымал болған «Мәңгі жас ғұмыр» атты кітаптың авторы Мұрат Тастағанов.

Мұрат ағаның ақындығы өз алдына адамгершілігі де орасан зор. Ақын жайлы деректі мақала жазу үшін өзіне арнайы жолығуды жөн көрген едік. Ол алыста Нұрмұрат атты немересін жетелеп келе жатты. Басындағы шляпасының астынан төгілген қою қара бұйра шашы иығына дейін жетеді. Иіле біткен қалың қасы, мөлдіреген қара көзі, қоңқақ мұрнына қарап, оны қазақтан гөрі тау халықтарына ұқсатып қаласыз. Немересін сейілдетіп, далада ойнатуға алып шыққан екен. Оқырмандарға жақынырақ таныстыра түссек, иә, бұл айтулы ақын, қазіргі уақытта небір сахна саңлақтары, әншілер, өнер иелері әдейі ат басын бұрып, өздері келіп, амандасып жататын танымал тұлға Мұрат Тастағанов. Күршім ауданы, Марқакөл өңірінің тумасы. ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң, 1980-1992 жылдары қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» газетінде қызмет еткен-ді. Одан кейінгі жылдары «Қазақ тілі» қоғамында, облыстық радиотелекомпанияда тамаша жұмыс жасап, қазірде Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанына да бірқауым жал болып қалды.

-Семей қасиетті жер, Абай туған, Шәкәрім мен Мұхаңның елі. Алаш арыстарының табанының ізі қалған жер,-дейді Мұрат аға ағынан жарыла сөйлеп,- ұлылардың мекені, біз сияқты ақындардың өлкесі. Қызмет бабымен Өскеменнен Семейге қоныс аударған кезімде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы қонаққа шақырды. Отбасымызбен ерулікке бардық. Қазақ деген осы ғой шіркін?! Қайда барсаң да жатсынбайды. Бауырына тартады. Сол кездерде достарым Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов, рухани інім әрі ауылдасым Сайлау Төлеуов қолды-аяққа тұрғызбай, бірінен соң бірі жетелеп барынша қолдау көрсетіп отырды. Қиындықпен арпалыса жүре, әдебиет сүйер, өнер сүйер халыққа танылған жайымыз бар. Қазір Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында қызмет етудемін. Қызым Әйгерім әр кез көмектесіп тұрады. Өзі қаламыздағы перзентханада акушер-гинеколог. Нұрмұрат есімді жиенім бар.

Кіндігін балтамен кескен Марқакөлдің тумасы

Қанша дегенмен әркімге туып-өскен жері ыстық болып келеді. Мұрат аға 1953 жылы желтоқсанда Марқакөлдің қияң түкпіріндегі, тау қойнауындағы Сарықамыс деген қыстақта түнгі сағат үште дүние келіпті. Қыздары бар, ұлға зар боп жүрген кезде әке-шешесі қатты қуанады. Содан бір белдің астындағы көрші қыстақтағы Бекшекей деген туысқандарына әпкелері сүйінші сұрай жетіпті, ол кісі мал сойып жатқан екен, қолында балта. Балтасын ұстаған күйі жүгіріп, қуанғанынан көз жасын төге, «а құдайлап» Мұрат аға туған қыстаққа жүгіріп жетеді. Кіндігін балтамен кеседі. Ағаның еңбек жолына оралайық, Семейге қоныс аударар алдында Мұрат Тастағанов Өскемендегі облыстық телерадиокомпанияда жұмыс істеген екен.

– Мен облыстық телерадиокомпанияға редактор болып келдім,-дейді ардагер журналист Мұрат Тастағанов,-сөйтіп, тележурналистикадағы шынайы шығармашылық қадамым басталды. Ол 1994-2004 жылдар аралығын қамтыды. Сол облыстық телерадиокомпаниядағы жеке шығармашылығымның жай-жапсарына келсем, қара үзіп кетпегеніммен, құдайға шүкір, көштен қалғаным жоқ. Телестудияның өз ішінде жазылатын әңгіме-сұхбаттар, тікелей эфир хабарлары, «дөңгелек үстелдер» сияқты бағдарламалардан бастап, бейнетүсірілімдер көмегімен дайындалған талай-талай телехабарлар, телеочерктер, телерепортаждар көрерменге жол тартты. Телеарнада 1994-2004 жылдар аралығында 10 жыл қызмет етіппін. 1980 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, «Коммунизм туына» (қазіргі «Дидар» газеті) келмес бұрын, телеарналарда хабар дайындап ысылған едім. Телеарна деген сыры бөлек бір әлем ғой. Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева сынды қазақ өнерінің майталмандарымен сұхбаттасудың орайлы сәттері де түскен болатын. Сол ұмытылмас жылдары «Таным мен тағылым», «Саңлақ» сынды бағдарламаларым көрермендер назарына ұсынылды. Апта сайын жарық көрген «Саңлақ» атты бағдарлама спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен, еліміздің батыл ұл-қыздары жайлы болатын. Осы ретте 2000 жылдың аяғында Сидней олимпиадасының жеңімпаздарымен сұхбаттастым. Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков сынды спорт саңлақтары Өскеменге келді. Сол сұхбат 2001 жылдың 6 қаңтарына эфирге жол тартуы тиіс еді. Күтпеген жерден кикбоксингтен әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов хабарласып, Қазақ елі Бекзат Саттархановтай арысынан айырылғанын айтқанда, көзімнен еріксіз жас шықты. Содан әлгі эфирді қайта өңдеп, елге көңіл айту ретінде ұсындым. Қазір ойланып отырсам, бұл қазақ спортының маңдайына біткен жұлдызының қысқа ғұмырында берген соңғы сұхбаты екен. Сол сұхбат жазбасы менде әлі сақтаулы. Бекзаттың: «Мен Сиднейге Құран алып бардым, менің бойыма күш-қуат берген сол шығар», — деген сәттерін анда-санда қарап отырамын. Семейге көшіп келген соң, «Ертіс өңірі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген кезім еді. Жұбайым Майра инсульт алған соң, жұмысты тастап, оның қасына күтуші болып отыруыма тура келді. Біраз уақыттан соң Майраның қалы жақсарды. Мен де шығармашылыққа ден қойдым. Ұлықбек Есдәулет кітабыма пікір жазғанда, тағдырдың тауқыметін тарта жүріп уақытында кітап шығара алмады дегені бар, ол рас. Бірақ жасыған емеспін. Бір Алладан рақым күтемін. Рухани достарым, жанашырларым көп. Кітап шығару жайына келсек, егер мені қолдаушылар болмаса, бүгінде оның жарық көруі екіталай еді. Менің бойымдағы өнерімді аса жоғары бағалаған Жанарбек Нағымбекұлы Білімбаевтың бұл жинақтың шығуына көп тер төккені анық. Осыдан 3-4 жыл бұрын ол: «Сенің кітабыңды шығарайық», — деп қолқа салған еді. Биыл тағы сол ниетпен: «Алпыстың асқарына бет алдың, мерейтойыңның қарсаңында жинағыңды шығармадық па?»- деп, осы істі ұйымдастырушылық жағын да, қаржыландыруды да өз қолына алды. Ал, кітабымды шығарған баспагер — ауылдасым Сайлау Төлеуов. Айта кетерлігі, Бақытбек Жаманбаев, Ерікжан Әбдірахманов, Марат Мұзапаров, Қайрат Мусин, Бейбіт Сиқымбаев, Дархан қажы Төлеген, Мұқан Ағзамов сынды азаматтардың да көп көмегі тиді. Менің шығармашылығымның жылнамасы іспетті бұл жинақта әр алуан әзілдер, фельетондар, жалынды жастық шақтан бастап жазған өлеңдерім бар. Қалың оқырман қауым оқып, бағасын бере жатар.

«Мұзтаудың мұзбалағы» өлеңіне Тұрсынғазы Рахимов ән жазған

Талантты ақын Мұрат Тастағанов 1996-97 жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасындағы таңертеңгілік ақпараттық-сауықтық бағдарламасына арнайы шығарылған «Қайырлы таң» әнінің мәтін жазып, республика жұртшылығына бірден танылады. Сөйтіп бұл әнді дарынды әнші Гүлмира Сарина ұнатып, оның орындауында енді Мұрат ағаның әні Қазақ радиосы арқылы тыңдармандардың сүйікті әніне айналып үлгереді. Бұл әннің өмірге келуіне ықпал еткен тағы бір дарын Оралхан Көшеров екен. Бірлесіп ән жазуды ұсыныпты. Осылайша Мұрат аға 40-тан астам әнге мәтін жазады. Бұл да болса қазақ өнеріне деген құрмет әрі үлкен еңбек. Тіпті композитор Тұрсынғазы Рахимовпен бірлесе жұмыс істеген кездері де әлі көз алдында. Ал семейліктер Кентау Назарбектің әуеніне жазылған «Семейім» атты әнді ерекше қадір тұтады, ел ықыласына бөлену деген осы. Және ағамыз бүгінде талантты сазгер Серік Бабахановпен бірге жұмыс істеп жүр. Айтпақшы, Мұрат Тастағановтың қоғам үшін де сіңірген еңбегі бір төбе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ШҚО ұйымы төрағасының орынбасары болып әрі осы ұйымның Өскемендегі төрағасы қызметін атқарып жүрген кезі еді, осы оқиға әлі көз алдында. Басын тауға да, тасқа да соға жүріп, Өскемендегі ең алғашқы №41 қазақ мектебін сол кездегі директоры Мәулетхан Ихсановпен бірігіп ашады. Бірақ, сол үшін «ұлтшыл» деп айыпталды. Бұл мектеп қазірде қазір № 3 көпсалалы қазақ лицей-гимназиясы болып аталды. Мұрат ағаның айтуынша, сол кездегі биліктегілер «бала саны аз» деп қазақ мектебін ашқызбауға тырысқан. Бірақ, бертінірек келе оның ізін ала, қазақша балабақшалар, мектептер көптеп ашыла бастайды.

-Мұрат Тастағанов мен ерекше сыйлайтын адамдардың бірі,-дейді ақын, облыстық «Дидар» газетінің меншікті тілшісі Хасен Закария,-үнемі ұқыпты түрде жүреді. Отбасына және туған-туыс, бауырына деген ерекшелігі керемет.

Мұрат Тастағановтың Оралхан Бөкей рухына арнап жазған «Мұзтаудың мұзбалағы» атты өлеңіне композитор Тұрсынғазы Рахимов ән жазыпты. Сол жыр жолдарынан үзінді келтіре кетсек:

-Тәккаппары-ай Алтайдың, өрлігін-ай,
Жер шоқтығы жаралмас енді бұлай.
Сұлулығы сол заңғар жырлап, жырлап,
Қасқаятын Һас талант Кербұғыдай.

Қалдырған қара сөзбенен,
Мол мұра болар тағылым.
Тұрпаты артық өзгеден,
Қазақтың Оралханының.
Алтайдың асқақ ұлының,
Қайда екен қасқа құлыны?!

«Әміре ауылы» бағдарламасы көрерменнің көңілінен шықты.

Хасен ағамыз айтса айтқандай, ақындығы, бауырмалдығы өз алдына Мұрат Тастағановтың ұйымдастырушылық қабілеті де ерекше. Ол өзі тума талант режиссер деуге болады. Мәселен, өткен күндерге көз жіберсек, Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония әншілері Өскеменде «Әміре ауылы» атты бағдарлама бойынша екі рет концерт береді. Мұның алдында филармония директоры Адай Азаматов жетекшілік ететін өнер ұжымы Астана қаласының тұрғындарын әнге сусындатып қайтқан болатын. Алда Моңғолия, Қытай елдері мен Алматы қаласы, Талдықорған облысына гастрольдік сапарлар тағы бар.

-«Әміре ауылы» бағдарламасы көпшілікке қатты ұнады,-деп жазады белгілі журналист Оңдасын Елубай. Киіз үйде малдас құрып отырған әншілер мен күйшілер екі сағат бойы кезек-кезек ән мен күйді араластырып, құлақтың құрышын қандырды. Әр әнші мен күйшіні жүргізуші Мұрат Тастағанов өлеңмен қолпаштап отырды. Белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимов өзінің «Ән атасы Әміре» атты әнін салған кезде тыңдармандар сілтідей ұйып тыңдады. ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақыт Үдербаева, Нұридин Иманбаев, Гүлдана Ноғайбаева, дәулескер күйші Аманжол Самықов, тағы басқалардың талантына көпшілік разы болып, алғыстарын жаудырды. «Әміре ауылының» сценарийін жазған әрі жүргізушісі, сазгер, журналист Мұрат Тастағанов кешті тартымды өткізе білді.

Мұрат Тастағанов Абайды пір тұтады, ал өскелең жастардан айтыскер ақын Нұржан Өмірбаев есімді ақынның өнеріне тәнті. Кейде қарттар кейінгі буынға көңілдері көншімейтінін айтып жатады. Мұрат ағаның көзқарасы тіптен басқаша: «Бүгінгі жастар өте сауатты. Бойларында қуат бар. Ойлары терең, талғамдары сергек. Мен Мағжан ақын айтпақшы, бүгінгі жастарға сенемін. Оларды «мынау жақсы, мынадан бірдеңе шығар-ау» деп бөлмеймін.Ел ертеңі үшін барлығы да еңбек етеді,қазақ тілінің, қазақ өнерінің болашағы жарқын болады деп үміттенемін» дейді айтулы ақын

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...
1 Пікірлер

1 пікір

  1. Аударған: Раяна Альбек

    Аударған: Раяна Альбек

    13.11.2017 | 17:53 at 17:53

    Марқакөлдің марқасқасы,шығыстың мақтанышы Мұрат аға Ғұмырыңыз ұзақ болсын!

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован.

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары