Біз әлеуметтік желілердеміз

Балконда самаурын қайнап тұр

Ел проблемасы

Балконда самаурын қайнап тұр

Бұл жерде жалғыз кедергі бар. Ол – қала сәулетін жобалаушылардың сауатсыздығы, — деген еді облыс басшысы.

Өскемендегі 19 ықшамауданда әлі 19-шы ғасыр. Көпқабатты жаңа үйлердің жарығы бірде бар, бірде жоқ. Суы да сол… Кейбіріне ыстық су да бермеген. Үйлердің саны көп, сапасы жоқ. Ойын баласы «лего» құрастырғанындай, көзді ашып-жұмғанша зәулім үйді тұрғыза салады. Бірін толық аяқтап болмай, екіншісін бастайды.

Бұл туралы жуықта ғана облыс әкімі Даниял Ахметов жауапты салалардың басшыларына қатаң ескерту жасаған.

 

— Жұмыстарыңызда бірізділік жоқ. Бір жерден бастадыңыздар ма, соның маңайын түгел салып бітіру керек. Бірін аяқтамай жатып, екіншісін бастаған соң, шығын да көп болады. Ауданның әр шетінде шашырап жатқан нысандарға жеке-жеке инфрақұрылым тарту өте қымбатқа түсетінін ойламадыңыздар ма? Әлде құрылыстың осылай бейберекет жүруі базбіреулерге тиімді ме? Жауапты мамандардан сұрасам, геологиялық кедергілерді желеу етіп отыр. Бұл жерде жалғыз кедергі бар. Ол – қала сәулетін жобалаушылардың сауатсыздығы, — деген еді облыс басшысы.

Айта берсең, бұл шағын ауданның мәселесі шаш етектен. Даңғарадай даңғыл жол жатқанымен, үйді-үйге бұрылатын бұрылыстары белгісіз. Бөтен біреу іздеген үйін итпен таппайды. Ит демекші, мұнда қаңғырған иесіз иттен аяқ алып жүре алмаймыз. Арсалаңдап оқушыларды мектепке шығарып салып, қарсы алады. Ит, иттігін істемесе игі. Балалардың сабаққа барып келу жолы да мұң. Көктем мен күзде, қар мен жаңбырда айнала ми батпақ болып кетеді. Жарайды, басшылық көз қырын салса, оның бәрі уақыт өте оңалатын шығар. Ал қабырғалары қаусап тұрған үйлердің ертеңі не болмақ?! Жаздың басында қолданысқа берілген І. Есенберлин 2/2 үйдің жыры әлі біткен жоқ. Сәл жаңбыр жауса, үйдің қабырғаларынан су ағып, қопсып шыға келеді. Үп еткен жел тұрса, жалп етіп жарығы өшеді, жарығы өшсе, суы бірге тынады.


— Бұл үйді әне береді, міне береді деп көп созды. Ақыры, тегін бергендей мәз болып кіріп алдық. Кірген соң, әңгімесі басталды. Әлі күнге дейін жамап-жасқау жұмыстары аяқталмаған. Абаттандыру жұмыстары атымен жоқ. Бала ойнайтын жер де тапшы. Бір күнде бәрін тындыру мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ осынша уақытта жарығы мен суын бір ретке келтіруге болар еді ғой. Тіпті екі күнге дейін жарықсыз, сусыз отырған кездеріміз де болып тұрады. Несиесін ай сайын төлеп отырмыз, — дейді 19 ықшамаудан тұрғыны Бейбіт Алакаев.

Тұрғындар Өскемен қалалық құрылыс бөліміне барып, арыз-шағымдарын айтқан көрінеді. Бір емес, бірнеше рет. Бұл жақтың мәселесін қала әкімі Қуат Тұмабаев та біледі. Алайда, оң нәтиже жоқ. Біз де өз тарапымыздан қала әкіміне І. Есенберлин 2/2 тұрғындарының атынан сауал жолдап, қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаевтан жауап алдық. Оның айтуынша, мердігер ұйым «ВК Техногрупп» ЖШС алдағы үш жыл ішінде тұрғын үйдің барлық кемшіліктерін түзетеді екен. Ал ыстық суды 13 тамызға дейін шешеміз деп уәде етіпті. Тамыз өтті, қоңыр күз келді. Мәселенің шешілген түрі жоқ. Бүгінде тұрғындар жарық өшсе де үндемейді. Бұрынғыдай диспетчерге қоңырау соғып, мазаламайды да. Өйткені олардың жауабы дайын. «Авария, на место выехала группа, скоро будет свет» дейді телефонның арғы жағынан саңқылдаған дауыс. Қазір бұл ықшамауданның халқы электр қуатының берілуін күтіп отырмайды. Самауырларын балконға алып шығып, бұрқ еткізеді де, шайларын қайнатып іше береді. Бүйте берсе аулада пеш соғып алатын түрлері бар. Айтпақшы І. Есенберлин 2/2 үйдің алдындағы шұңқырға «Камазбен» құрылыстың қалдықтарын төгіп жатыр. Қалдық болғанда да топырақ емес, целофан қап, бетон блоктар, қаңылтыр, шифер сынды материалдардың қалдықтары.
Абаттандырылған саябақтың түрі анау. Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толу құрметіне арналып ашылған аллеяны айтамын. Бұл аллеямен балалар балабақшаға барады. Сондағы баланың көретіні — қаптап өскен арам шөп пен шашылған сыраның бөтелкелері. Тәртіп сақшылары өз аллеяларындағы тәртіпті неге қадағаламайды екен дерсің еріксіз. Қысқасы, 19 ықшамауданның қазіргі жай-күйі осы.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары