Біз әлеуметтік желілердеміз

Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы аясында Абай дүркіреген той өтті

Мәдениет

Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы аясында Абай дүркіреген той өтті

Халық көптен күткен Орталық стадион жаңадан ашылды

Биыл заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай жазушы мерейтойы аясында, ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлына аудан орталығынан еңселі ескерткіш ашылды. Ескерткіш Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы негізінде жергілікті кәсіпкерлер, ауданнан шыққан белгілі тұлғалар, жалпы аудан халқының демеушілігімен қолға алынған шараның бірі.

-Аудан халқының көптен күткен тілегі, ойында жүрген арманы болған Құнанбай баба ескерткіші ауданның ажарын арттырып сән беретін, рухани күш сыйлайтын көрнекті орынға айналатынына сеніміміз мол,-деді ұзақ жылдар аудан басшысы қызетін атқарған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков салтанатты жиында.

Ескерткіш авторы семейлік мүсінші Нұрбол Қалиев. Балқаштың мысынан құйылған туындының салмағы 12 тонна, биіктігі тұғырымен қоса алғанда 7 метр. Мүсінші ескерткішті жасауға 10 ай уақыт жұмсаған. Құнанбай қажыға арналған ескерткіш орнату үшін арнайы қор құрылған болатын. Аталмыш қорға абайлықтар мүмкіндігінше қаржылай қолдау көрсетті. Мүсінді тұрғызуға қаржыны жергілікті кəсіпкерлер бөлген. Салтанатты рәсімге жиналған халық өздерінің жылы лебіз, пікірлерімен де бөлісіп жатты.

-Адольф Янушкевичтің жазбалары, Ахат Шәкәрімұлының Құнанбай туралы жазғандары, міне өзіміз 120 жылдығын атап өтіп отырған Мұхтар Әуезовтың архивтік құжаттар негізінде жазған Құнанбай туралы зерттеулері Абайдың әкесі ұлт тұлғасы болғандығын бірден байқатады. Құнанбай қажының ел тарихындағы орны айрықша,-деді облыс әкімінің Абай ауданындағы қоғамдық көмекшісі Байбота Орынбаев ақсақал.

Дала данышпаны-Құнанбай

Сондай-ақ, осы мерейтой күні қаламгер Əсет Мырзақасымның «Дала данышпаны-Құнанбай» атты жинағының тұсауы кесілді. Кітап қалың оқырманға жол тартты.
-Рухани жаңғыру – ұлт ұлылығын ұлықтаудан басталады,-деді кітаптың тұсаукесер рәсімі барысында Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы БауыржанТәттібеков,-мақсатымыз Құнанбай қажының еңбегін, қадір-қасиетін қалың елге жеткізу болды. Бүгін Құнанбайға арналған ескерткіш тұрғызылып жатыр, кітап шығарылып жатыр. Осының бәрін жақсылықтың нышаны, аудан халқы да атқарылып жатқан игі шараларға дән риза.
-Әсет Медеуханұлының бұған дейін «Ұлы Абай елінде» және «Абайдың әдеби хатшысы», «Абай аманаты» атты кітаптары жарыққа шығып, оқырманның ыстық ықыласына ие болған еді,-деді аудандық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары Елдар Оразалин,- шын мәніндегі ұлттық тұлғамыз Құнанбай Өскенбайұлының қазжырлы еңбегі осы жинақта жақсы берілген. Оқырман үшін осындай терең әрі салмақты ойға жетелейтін тарихымыздағы ірі тұлғаларды бағалайтын кітаптардың көбірек шыққаны дұрыс. Бұл ұлттық тәрбие негізі.

Мұхаңның шығармаларын халық назарына ұсынды

Бұдан кейін аудан орталығы Қарауылда басқа да шаралар жалғасын туып жатты. Халық көптен күткен Орталық стадион жаңадан ашылды. Ашылу салтанатында Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық тойы аталып өтілу мерекелік шарасына орай жазушының шығармаларынан үзінділер қойылды. «Көксерек», «Еңлік-Кебек» пъесаларын жергілікті мектеп оқушылары мен жастар сомдап, халық ықыласына ие болды. Стадионда Мұхтар Әуезовтың өміріне қатысты да тың деерктер көрсетілді. Мәселен, Мұхаңның «Ярыш» футбол командасын құрып, оның ойыншысы болғандығы балалардың футбол ойыны арқылы шебер берілді. Осының бәрі жаңарған стадион келбетімен тұспа-тұс келді. Бүгінгі күні стадион келбеті заманауи талаптарға толығымен сай. Алдағы уақытта облыстық деңгейдегі іргелі сайыстар мен біріншіліктерді де өткізуге болады. Игілікті шара барысында Бауыржан Тәттібеков жиналған қауымды Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығымен құттықтай отырып, биыл «Әлем Барысы-2017» атағын алған Айбек Нұғымаровқа 1 000 000 теңгенің сертификатын табыстады.

«Қаламқас» халықтық ән-би ансамбліне 45 жыл

Келесі кезекте жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы аясында «Қаламқас» ән-би ансамбілінің 45 жылдық мерейтойы да аталып өтілді. Абай елі тек қазақ руханиятының ғана емес, ән мен бидің де киелі бесігі. Бұл өнерпаздар ұжымы 1972 жылы құрылды. Құрылған жылдан бастап ансамбль өркендеудің сара жолына түсті. Оған негізінен жергілікті өнерпаздар тартылып, ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары жәрдемдесті. Осылайша «Қаламқас» көп жыл өтпей-ақ аудан көлемінен тысқары жерлерге де таныла бастады. Облыс, республика, қала берді одақ көлемінен асып, шетелдерге әйгілі болғанын Абай елі бүгінде жақсы біледі. Алғаш рет ансамбль Чехославакияның Стражница қаласында өткен халықаралық фольклорлық фестивальға қатысып, көрермен назарын бірден өзіне аударды. Бірнеше дүркін бүкілодақтық және республикалық байқаулардың жеңімпазы болған «Қаламқас» 1975 жылы халық ән-би ансамблі атағын алған. Ансамбльдің концерттік программалары өнер мамандары мен талғампаз көрермендер көңілінен шығып, жоғары баға алды. «Қаламқас» халық ән-би ансамблі жастар арасындағы көркемөнерпаздық шығармашылықты белсенді насихаттағаны үшін Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Сол кездің өзінде ансамбльдің 46 мүшесі бүкілодақтық және республикалық фестивальдардың лауреаты атағына ие болыпты.Ансамбльдің режиссері, әрі жетекшісі болған Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Болат Баймұратов ансамбль мүшелерін табандылыққа, ізденімпаздыққа баулып үйретуде зор еңбек сіңірген жан.«Қаламқас» халық ән-би ансамблі 1986 жылы Венгрияда, 1990 жылы Түркияда,1992 жылы Қытай мемлекетінде гастрольдік сапармен болып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты.Қазіргі уақытта 405 жылдық тарихы бар, облысымызда ғана емес, шетелдерде де қазақ өнері мен мәдениетін насихаттауда үлкен үлес қосқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблі қанша жыл өтсе де халықпен бірге жасасып келе жатыр. Мемлекеттік ән-би ансамбльдерімен қатар республикалық дәрежеде өнер көрсетуде. Мәселен, 2000 жылы Астанада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 155 жыл толуына орай өткен мәдени күндеріне «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің ұжымы өнер көрсетті. Абай ауданындағы «Қаламқас» халықтық ән-би ансамбілінің әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағатаева жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасын алса, әнші Тамара Көзбаева 8 Наурыз аналар мерекесі қарсаңында Елбасымыздың қабылдауында болды.

Ат шапты, балуандар белдесті

Ұлтымыздың заңғар жазушысы, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы бұдан кейін Қарауылтөбеде жалғасын тапты. Осында тігілген киіз үйлерде ас берілді. Сөйтіп мереке ұлттық спорт ойындары түрлерімен жалғасты. Қазақ күресінен «Мұхтар тойының Бас балуаны», ат шабыс, тай жарыстан «Мұхтар тойының Бас бәйгесі» анықталды. Сонымен қазақ күресінен Бас бәйгені семейлік Ерасыл Қажыбаев алса, екінші орынды «Әлем Барысы-2017»-нің иегері Айбек Нұғымаровтың інісі Марат Нұғымаров иеленді. Үшінші орынға аягөздік Асхат Құсайынов шықты.

-Мараттың менің жолымды қуып, спортты серік еткеніне қатты қуаныштымын,-деді Айбек Нұғымаров,-ол өзі де еңбекққор, қазақ күресін бала кезінен меңгеріп, жаттығып жүр. Спорт десе ішкен асын жерге қояды. Ұлттық спорт өнерімізді дамытатын, жауырыны жерге тимейтін балуан болатындығына сенімім мол.

Тай жарыста жергілікті шабандоз Мәди Кәрішалов бас бәйгені алды. Екінші орынға семейлік Алексей Рыбалкин, үшіншіге Зекен Шаймарданов шықты. Аламан бәйгеде абайлық Адай Шериязданов бас бәйгені, Ерболат Ирадилов, Жарма ауданынан екінші орынға шықты. Үшінші орынды семейлік Рахат Тұртығұлов иеленді. Топ жарыста бас бәйгені Жұмағазы әулеті еншіледі. Осылайша дала төсін дүбірлеткен Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы кеш түсе Қарауыл ауылындағы стадионда мерекелік концертпен жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, елдің мерейін үстем етті.

Оқу жалғастыру
Ұқсас мақалалар...

Біз әлеуметтік желілердеміз

Танымал

Пікірлер

Жоғары