USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Мамандар қаржылық пирамида атаулыға ақша салмауға кеңес береді

Мамандар қаржылық пирамида атаулыға ақша салмауға кеңес береді
Бір аптада миллионер болып шыға келесіз дегенге сенесіз бе? Ойланып қалдыңыз ба? Әрине, сенімнен гөрі, күмәніңіз басымдау. Алайда, бұған сендіруге тырысатын, сол жолда қолыңыздағы аздаған жиған-терген ақшаңызды сеніміңізге кіріп, «қолды» қылатын компаниялар жетерлік бүгінде. Олардың басым дені қаржылық пирамида жүйесімен жұмыс істейтіні де жасырын емес. Біз бүгін осы мәселеге аз-кем шолу жасап көрдік.

Аталған компанияларға көбінде қаржылық қиыншылықтарға тап болып, қордаланған ақша мәселесін шеше алмай, басы қатып жүрген жандар бірінші кезекте жүгінеді. Себебі де түсінікті. Сананы тұрмыс билеген заманда ақша алдыға шығып, адам қаржылық сауаттылықты, алды-артын болжауды, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» мүлдем ұмытады. Бірден оңай жолмен, мол байлыққа белшеден батқысы келіп, тәтті қиялдың жетегіне ереді. Өкінішке қарай, мұндай жандар біздің қоғамда мыңдап емес, он мыңдап саналады. Бұл адамдар жаңағы компаниялар үшін таптырмас оңай олжа.

Бүгінгі күнде Өскемен қаласында Questra World деп аталатын, түп негізі шетелдік осындай компания бар. Онымен еншілес Atlantic Global Assent деп аталатын, инвестициялық деп айдар тағылған тағы бір компаниясы бар. 2016 жылдан ресми тіркеліп, қызметін бастаған. Жұмыс істеу тәсілдері – қысқаша түсіндірсек, азғана салым салу арқылы, жоғары пайыздарға ие болып, аз ғана уақыттың ішінде адам айтса сенгісіз, мол пайдаға кенелесіз.

Адамдардың бұған тез сеніп қалуының тағы бір сыры, ғаламторда бұл шетелдік компания жетістіктері туралы өте мол ақпараттар берілген және аз ғана ақшамен зәулім сарайларға, қымбат көліктер мен қайықтарға ие болған адамдар туралы мәліметтер орналастырылған. Бұл шынымен де солай ма? Өкінішке қарай, жоқ, әрине!

Дәл осындай компания Семей қаласында да жұмыс істеп жатыр. Мұны алдыңғысының қазақстандық үлгісі деуге болады. Былтыр қараша айында Қазақстанда тіркелген компания тіпті, юкаш дейтін ішкі өз ақшасын да ойлап шығарған. Бір юкаш – 350 теңге екен. Айтқандарына сенсең, ары қарайғы байлығыңды осы юкашпен еселей бересің. Биыл сәуірде Семейге жеткен, адамдарды оңай жолмен ақша табуға үгіттегендер бір айдың ішінде ғана қарамағына 10 мыңнан аса адамды тіркеп үлгерген. Яғни, осыншама адамның әртүрлі дәрежедегі салымдары компания шотына түскені даусыз. Ал оның қайту, қайтпауы әзірге белгісіз. Себебі, компанияның келісімшартында ақшаны қайтарып алу, қайтарып беру туралы тармақтар атымен жоқ.

Бұл тек қаржыға ғана байланысты айтқандарымыз. Ал ірі қалаларда қарапайым тұрмыстық заттарды ертегідегідей жарнамалап, шетелдік озық өнім деп мақтауын асырып, аса қымбат бағаға сатып жүрген шетелдік компаниялар өкілдері де жетерлік. Мәселен, алысқа бармай-ақ, осы Өскеменде кәдімгі шаңсорғышты денсаулыққа пайдасы зор деп төрт мың АҚШ долларына, үйге қоятын су сүзгіштерді (фильтр) екі мың долларға, кәдімгі қол сағаттар мен аты да заты да белгісіз қайдағы бір «емдік шөптерді» нарықтағыдан удай бағаға ұсынатын агенттер бар. Ол аздай, дүкеніне сауда жасауға шақырып, тауарын алсаң «сізге бонус» деп ақшаңыздың біраз бөлігін қайтарып беретін, таныстарымызды осында шақыруға үгіттейтін дүкендер де бар. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Ал таңдау - өзіңізден. Бәрі ерікті түрде. Тек опық жеп қалмасаңыз болғаны.

Бұлардың бәрінің де түпкілікті мақсаты бір – қаржылық сауаттылығы төмен адамдарды санасына әсер ете отырып, алдау арқылы сенімдеріне кіріп, өзгенің ақшасының есебінен байлыққа кенелу, пайда табу.
Тіпті, мемлекеттік банктен де ақша аларда, келісімшартын оқымай бірден-ақ қол қоя беретініміз рас қой. Бұл одан да қауіпті. Ең өкініштісі, бұларға алданғандар қатарында көзі ашық, жоғары білімді мамандардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, тіпті, өз әріптестеріміздің барлығы да, соларды насихаттап жүргені де жанға батады. Сананы тұрмыс билеген заманнан басқалардың оңай олжа тауып жүргені өкінішті.

Әрине, олардың бұлай еркінсуіне біздің қоғам жол беріп қойып, қарап отырған жоқ. Бұл мәселені алғаш көтергеннің бірі - Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан. Ол жуықта Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, бұл мәселеге құқыққорғау органдары араласпаса, жағдайдың тым ушығатынын жеткізді. Депутаттың айтуынша, дәл осы Questra компаниясының айтқанына сенген көптеген қазақстандықтар тәтті қиял жетегінде банктен несие алып, үйін, көлігін сатып, алтынын ломбардқа тапсырып, компания салымшысы атанып қалуға асығып жатқан көрінеді.
– Ал осыншама салым салған компания кейін бір күнде жабылып қалса, адамдар тағдыры не болмақ. Салынған ақшалардың қайтарылу кепілдігі туралы компания да жақ ашпайды. Сондықтан дер кезінде алданған адамдар тағдырына Үкімет араша түсуі керек, - дейді депутат.

Осыған орай, Бас Прокуратураның жылдам ықпал етуі нәтижесінде Қызылорда облысында құқыққорғау органдары Қылмыстық кодекстің 217 - бабы (Қаржылық пирамиданы құру және басшылық жасау) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл облыста 200 адам өз еңбегімен тапқан адал ақшасын қаржылық пирамидаға аударып жібергені анықталған.

Бұдан бөлек Ұлттық банктің Шығыс Қазақстан филиалы да облыс тұрғындарын нақты себептерін көрсете отырып, осындай қаржылық пирамидалардан абай болуға БАҚ арқылы сақтандырып отыр.

Осы мәселеге орай, нақты түсініктеме алу үшін облыстық ІІД баспасөз қызметіне хабарласқан едік.

– Қазіргі уақытта облыс тұрғындарынан қаржылық пирамидаларға алдану бойынша қандай да бір шағымдар түскен жоқ. Түскен жағдайда нақты факті негізінде әрекет жасалады. Алайда, оған қарамастан облыс тұрғындарын бұған дейін аты белгісіз болып келген, келісімшарттарында салынған қаржыға қайтару кепілдігі көрсетілмеген қаржылық пирамида жүйесімен қызмет ететін осы тектес компанияларға жылдар бойы жинақтаған ақшасын салмауға кеңес береміз. Адамдар бірінші кезекте қаржылық сауаттылыққа баса мән бергені дұрыс, - деді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев.

Р.C. Пирамида тектес қаржылық компаниялардың біздің қоғамды айналдырғаны бір бұл емес. Мамандар бұлардың әсіресе, қаржылық дағдарыс уақыттарында қаптап кететінін де жасырмай айтуда. Бұдан он-он бес жыл бұрын да мұндай жағдайлар кездескен. Алайда, соларды насихаттаған бірде бір адамның байып кетпегенін көріп жүрміз. Ендеше, кезекті рет алдануға ұшырап қалудан абай болайық. Бір сөзбен айтқанда бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?

Дәурен Аллабергенұлы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде