USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

2019 жылы Жарма ауданында жылына 10 тонна таза алтын өндірілетін болады

 2019 жылы  Жарма ауданында жылына 10 тонна таза алтын өндірілетін болады
Алдағы екі жылда Жарма ауданы аграрлық өңірден өнеркәсіптік ауданға айналуы мүмкін. Ол үшін Бақыршық кенішінде алтын өндіру жұмыстары толық қуатымен іске қосылуы тиіс.

Лондон биржасында қолдан-қолға өтіп келген Бақыршық кеніші 2014 жылы ресейлік «Полиметалл» компаниясына тигелі мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Ресей, Қазақстан, Армения аумағында алтын өндірумен айналысатын алпауыт кәсіпорын Бақыршық кенішін игеру үшін «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-ін құрған. Қазір серіктестік игерілетін аумаққа тұтас бір қалашық тұрғызып жатыр десе де болады. Әуезов кентінің іргесіндегі құлынжон белдердің құйқасы аршылып, дайын карьерге айналған. Талай инвестордың көз құрты болған алтынды белдеу бұл күні қайнаған тіршіліктің ошағы іспеттес. Осында құрастырылған «БелАЗ»-дар мен алып «Komatsu» көліктері, шведтік бұрғылау машиналары қазыналы даланы бастарына көтере жұмыс істеуде. Бүгінге дейін өндіріс алаңынан 14 млн текше метр жер қыртысы сыртқа шығарылған екен.

-Биылғы жылдың сәуір айында кеніште бұрынғы өндірістен қалған үйінділерді көшіріп бастағанбыз. Қазір сонымен бірге карьерді аршу жұмыстарын қолға алдық. Мұнда әрқайсы 136 тоннаға дейін жүк көтеретін 17 «БелАЗ» көлігі, 90 тонналық сегіз «Кomatsu», жеті бульдозер, алты эксковатор және төрт бұрғылау станогы жұмылдырылған. Карьер аршумен қатар қалдыққойма құрылысы да жүріп жатыр, - дейді серіктестік директоры Юрий Овчинников.
Әзірге мұндағы жұмыстар кестеге сай жүріп келеді. Осы қарқыннан таймаса, жылдың екінші жартысында «батыс карьерден» алғашқы кен алынуы керек. «Шығыс карьер» тек келесі жылы ғана игерілмек. 2018 жылдың соңына дейін кен байтыу фабрикасы да жұмысын бастайды. Ал 2019 жылы кәсіпорын толық қуатына еніп, жылына 10 тонна таза алтын өндіретін болады.

Қазіргі болжам бойынша бұл кеніште кемінде 226 тонна алтын жатыр. Осы кен игерілгенше «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» Әуезов кентінен табан аудармай жұмыс істемек. Яғни, шамамен 2039 жылға дейін бұл кентте өндіріс толастамайды. Жалпы Бақыршық кеніші алғашқы он жылда ашық әдіспен игерілуі тиіс. Бұл уақытта жылына 10 тонна алтын концентратын алу көзделген. Ал одан кейінгі жылдары кен қазу жұмыстары шахталық әдіспен жүрмек. Бұл кезде жылына сегіз тонна алтын қазу жоспарланған. Қазылған кеннің бір тоннасынан шаммамен 7,7 грамм алтын шығады деген есеп бар. Кенді сумен шаю әдісі арқылы таза концентрат алынады. Ол концентрат Амур тау-кен металлургия комбинатына өңдеуге жөнелтіліп отырады.

2015 жылғы техникалық-экономикалық негіздеме бойынша кәсіпорын жобаның бірінші кезеңіне 322 млн доллар инвестиция құюы қажет. Бұл қаражатқа кеніштен карьер қазылып, вахталық кент тұрғызылуда. Сондай-ақ қосымша барлау жұмыстары да жүргізілді. Екінші кезеңге бөлінген 69 млн доллар кеніш басындағы күрделі құрылыстарға жұмсалады.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде