USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Өскемендегі «Бала дауысы» ән байқауының жеңімпазы анықталды

 Өскемендегі «Бала дауысы» ән байқауының жеңімпазы анықталды
Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының екінші маусымы өз мәресіне жетті.

Вокалдық қабілеті ерекше 7-13 жас аралығындағы нағыз таланттарды анықтайтын еліміздегі ең ауқымды бұл ән байқауы биыл Тұңғыш Президенті қорының, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы - «Бала дауысы» ән байқауының екінші маусымы Өскеменге дейін Павлодар қаласында өткен-ді.

- Байқаудың негізгі мақсаты - біздің көпұлтты елімізде тұратын халықтардың тілдерінде орындалатын балаларға арналған жаңа әндер арқылы жас өнерпаздардың музыкалық шығармашылық қабілеттерін дамыту. Кастингке қазірдің өзінде 100-ден астам қатысушы тіркелді. Мұның өзі Шығыс өңірінің талантты балалардан кенде емес екендігін көрсетеді,-дейді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.

Танымал музыканттар, сазгерлер мен продюсерлерден тұратын «Жандану әлемі» қорының шығармашылық тобы 13 мамыр – 22 маусым аралығында еліміздің 14 облыс орталығы мен Астана, Алматы қалаларында жобаның іріктеу кезеңін өткізеді. Өскемендегі байқауға қатысушыларды «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов, музыкалық продюсер Фарида Ниязова және жұлдызды тәлімгер, әйгілі эстрада жұлдызы Мақпал Исабекова бағалады. Әрине, байқау болған соң «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып дараланып шыққан дарындар аз болмады. Дегенмен, ән байқауының шарты бойынша «Бала дауысы» статуэткасы бір өнерпазға ғана бұйырмақ. Сонымен, кәсіби қазылардың шешімі бойынша Мадина Жұмақадырова «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының Өскемендегі іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.

Барлық қатысушыға естелік сыйлықтар мен арнайы сертификаттар берілді. Ал шәкірттерін өнерге баулып жүрген музыка пәні ұстаздарына балаларға арналған жаңа ән жинағы тапсырылды.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу кезеңі аяқталған соң, яғни 25 маусым-15 шілдеде еліміздің әр аймағынан таңдап алынған 16 үздік әнші мәдениет пен өнер ордасы атанған Алматы қаласындағы «Бала дауысы» ән мектебінде кәсіби дайындықтан өтеді. Ал 1 қазаннан бастап Алатаудың баурайындағы «Бөбек» ұлттық орталығында бас қосатын жас дарындарға кәсіби музыканттар, хореографтар мен стилистер сольфеджио, хореография, актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретіп, ақтық сынның телевизиялық түсіріліміне дайындайды. Іріктеудің ең жарқын сәттері 2 қыркүйек-21 қазан аралығындағы байқау күнделіктерінде жобаның ақпараттық серіктесі - КТК арнасында көрсетіледі. Белгілі музыкалық продюсер Фарида Ниязованың айтуынша, байқау соңында «Бала дауысы - арман қанаты» атты музыкалық жинақтың тұсаукесері өтеді. Жинаққа аталмыш байқау аясында қазақстандық жас сазгерлер жазған балаларға арналған жаңа әндер енгізіледі. Жаңа әндер жинағы балабақшалар мен мектептерге сыйға тартылмақ.

Ал 27-29 қазан күндері «Алматы Арена» мұз сарайы сахнасында өтетін байқаудың супер-финалында өнерсүйер қауым қазақ эстрада жұлдыздары мен байқау финалистерінің қатысуымен өтетін ән мерекесін тамашалай алады. Үш күндік концерттік бағдарламада жас өнерпаздар әлемдік хит әндерді, еліміздің аңызға айналған әндерін және жұлдызды тәлімгерінің танымал әнін дуэт болып орындайды. Байқаудың ақтық кезеңінде «Бала дауысы-2017» байқауының жеңімпазын кәсіби қазылар алқасы және смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер таңдайды.

Барлық 16 финалист арнайы сыйлықтармен марапатталып, ең үздік деп танылған «Бала дауысы» еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға Грант және сиқырлы ертегі әлемі - «Диснейлендке» саяхат жолдамасына ие болады.

Айжанат Бақытқызы
Сурет: Есімхан Орынбаев
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде