USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Зайсанда күрделі сейфтерді кілтсіз ашатын ерекше адам бар

Зайсанда күрделі сейфтерді кілтсіз ашатын ерекше адам бар
Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылында сейф ашудың қыр-сырын меңгерген Өмірзақ Бағиянов есімді азамат тұрады. Бүгінде темірден түйін түйген ұстаны тіпті, ішкі істер органдарының қызметкерлері де іздеп келіп, ашылмай тұрған сейфтерді ашқызады екен.

«Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе - құрметтеп, көңілін жайлағандай тындырымды ісің болғанға не жетсін» деген Әйтеке бидің нақыл сөзін өмірлік ұстанымы етіп алған шебер жекеленген адамдардың тапсырысын орындамайды. Себебі, ол еліміздің барлық ішкі істер органдарының есебінде «медвежатник» ретінде тіркеуде тұр.
– Әскери борышымызды өтеп, үйге қайтар кезде рота командирі біздің барлық құрал-жабдығымызды жинап алды. Кеңес үкіметінің кезінде әскерден формасыз қайту деген «ұят» болатын. Сондықтан қатардағы жауынгер Миша екеуіміз әскери киімдер сақтаулы тұрған қоймаға кіріп, ауылдағы жігіттерге анау-мынау заттарды алайық деп шештік. Сөйтіп, мен Мишаға қойманың кілтін алып келуді тапсырдым. Бұл іс рота командирінің жазу-сызуына жауапты болған Миша үшін ешқандай қиындық тудырмады. Содан екеуіміз істен шыққан радиатордың көмегімен кілттің дубликатын жасап шығардық. Сөйтсек, бұл есіктің құлпын ашу үшін кілттен бөлек, әскери бөлімнің нөмірі жазылған арнайы мөр қажет екен. Сол кезде есіктің мөрін аяқ киімімнің табанынан жасағаным әлі күнге дейін есімде, - деп есіне алды Өмірзақ Бағиянов.

Осылайша, сейф ашудың әліппесін әскерде жүріп үйренген ұстаға кейбір адамдар «осы сенің арнайы құрал-жабдықтарың қайда?» деген сауал да қояды екен.

– Сейф ашудың ешқандай құпиясы жоқ дегенімізбен, ол соншалық бір оңай шаруа емес. Оған ептілік пен шыдамдылық қажет. Мысалы, мен аталмыш құрылғыны ашу үшін бұрағыш (отвертка) пен үшкір заттарды қолданамын. Қазіргі күні еліміздің барлық ішкі істер органдарының есебінде «медвежатник» ретінде тіркеуде тұрғаныммен, осыған дейін бірде-бір рет заң бұзып көрген емеспін, - дейді Өмірзақ Бағиянов.

Бірде Зайсандағы банктің басшысы оған 1900 жылғы агропромбанктің қалыңдығы бір жарым метр сейфін ашуға тапсырыс беріпті. Осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын Ф.Мюллер есімді неміс ғалымы жасаған бұл сейфті ашу үшін біраз уақытын жұмсаған Өмірзақ Бағиянов бертін жасалған сейфтерді ашу анағұрлым оңай екенін айтады.

–Ал 19-20 ғасырда жасалған сейфтердің ортасында тіреуіші болады. Соны байқамай басып қалсаңыз, онда сейфтің тілін табу қиынға соғады. Мысалы, өткен ғасырларда американдықтар мен жапондар сейфті сатылымға шығармастан бұрын оның мықтылығын тексеріп алатын болған. Су жаңа күйінде зауыттан шыққан сейфті 1000 градустық отқа салып, тіпті, төрт метр биіктіктен құлатып көреді екен. Егер сол тәжірибе барысында сейф ашылып қалса, онда оны сатылымға шығармайтын болған, - дейді Өмірзақ Бағиянов.

Осы күнге дейін ешкімнің ала жібін аттамаған шеберді қарабұлақтықтар да мақтан тұтады. Ауылдастарының айтуынша, қолдан келген көмегін аямайтын Өмірзақ Бағияновты зайсандықтар ерекше құрметтейді.

Ажар Сағатбекова
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде