USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

«Ақниетте» кәсіби білім қашан беріледі?

«Ақниетте» кәсіби білім қашан беріледі?

Сәрсенбі күні өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінде аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Өскемендегі «Ақниет» интернатында кәсіби білім берілмей жатқанын айтып, сынға алған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың желтоқсанында Өскеменде облыс әкімінің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті біліммен қамту мақсатында «Ақниет» атты мүгедек балаларға арналған интернат ашылған. Облыс әкімдігі осы мекемені ашқанда тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған балалар қала мектептерінде басқа құрдастарымен бірге және тең дәрежеде білім алып, осы мекеме ішіндегі арнайы сыныптарда кәсіп меңгеретін болады деп жоспарлаған-ды.
Алайда, жиында облыс әкімі бұл ой іске аспағанын, интернатта кәсіби білім берілмей жатқанын алға тартты.

– «Ақниет» мектебі мүмкнідігі шектеулі балалар кәсіп меңгеретін мекеме ретінде құрылған болатын, – деді Даниал АХМЕТОВ. – Бірақ қазіргі кезде аталмыш мекемеде ешқандай оқыту үрдісі ұйымдастырылмаған. Мен жобаны қарағанда онда кәсіптерге баулитын кабинеттер болған-ды. «Ақниет» қарапайым пансионатқа айналдырылған, білім беру процесі тұрғысында ештеңе жасалмаған. Білім басқармасы біздерді ғана емес, ондаған ата-ана мен балаларды алдап отыр. Олар кәсіп аламыз деген мақсатпен облыс аудандарынан келген болатын.

Біз осы жайтқа байланысты аталмыш мектепке барып, оның басшысы Светлана Кривицкаямен жолығып, мәселенің мәнісін бағамдадық.
Белгілі болғандай, расында да, мекемеде ешқандай кәсіби білім беріліп жатқан жоқ. Оған бірнеше объективті себептер бар, дейді мектеп басшылығы. Атап айтсақ, мектеп кәсіби білім беру үшін мемлекеттік нормативтер мен стандарттарға, біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс.
– Одан соң қажетті материалдық-техникалық база керек, мектепке жапсарлас тағы ғимарат салынуы тиіс. Сонда ғана біз толық кәсіби білім бере аламыз, – дейді Светлана Каримуллаевна.
Мектеп былтыр 12 желтоқсанда ашылып, жұмысқа биылғы 9 қаңтарда ғана кірісіпті. 100 балаға шақталған мекемеде қазір 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі 50 бала тұрып жатыр. Олармен мұнда логопед, дефектолог, педагог-психолог сынды мамандар жұмыс істейді. Контингент наурыз айына дейін біртіндеп толыққан, негізінен Катонқарағай, Үржар, Көкпекті, Зырян аудандарынан, Риддер қаласынан. Балалар қазақ тілінде №16, орыс тілінде №15 мектепте білім алады. №15 мектеп интернаттың жанында, ал №16 мектепке балалар «Газель» көлігімен жеткізіледі.

Ал кәсіби білім бойынша көктемгі каникул кезінде жұмыстар атқарылыпты. 9-10 сынып оқушылары қала колледждерімен танысқан, яғни, өздеріне мамандық таңдаған. Қазір мектеп гуманитарлық колледжбен, көпбейінді колледжбен, политехникалық колледжбен, ҚАЕУ колледжімен келісімдер жасаған. Мұндағы арнайы сыныптарда қазір аталмыш оқу орындарының оқытушылары бухгалтерлік есеп және аудит, аударма және іс жүргізу, электронды есептеу машинасының операторы мамандықтары бойынша 9 сынып оқушылары үшін кәсіпалды (сертификат алады), ал 10 сынып оқушылары үшін курстық дайындық (куәлік алады) жұмыстарын жүргізуде.
– Облыс басшылығы тарапынан айтылған сын, әрине, орынды. Біз мәселені шешудің үш жолын қарастырып отырмыз. Біріншісі – балалар осы интернатта тұрып, аталмыш колледждерге қатынап білім алатын болады, екіншісі – біз өз ғимаратымызда кәсіби білім беруге көшеміз, бірақ ол үшін материалдық-техникалық база жасау керек, үшінші жол – интернатты қайта құру, яғни, басқа кәсіптік білім беру мекемесімен қосу. Біз алдағы уақытта аймақ басшысына осы ойларымызды ұсынбақпыз, – деді мектеп директоры.

Ержан ӘБІШ
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде