USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Ана мен бала орталығы еуропалық стандартқа сай болуы тиіс

Ана мен бала орталығы еуропалық стандартқа сай болуы тиіс

Облыстың денсаулық саласына бөлінетін қаржы көлемі басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Соған қарамастан аймақта сәби мен бала өлімі, онкологиялық аурулар және қан айналымы жүйесі дерттерінің көрсеткіштері республикалық деңгейден жоғары. Оның себептерін анықтау мақсатында аймақ басшысының тапсырмасымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу мекемелерінде аудит жүргізген болатын. Тексерулер бейінді ауруханаларда медициналық құрал-жабдықтардың тозғанын анықтаған. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ облыс орталығындағы бірнеше денсаулық сақтау нысандарын аралап, ауруханалардың жағдайымен танысты.

Облыстық онкологиялық диспансерде науқастарға диагноз қоятын магнитті-резонансты томография жоқ. 2002 жылы сатып алынған қытайлық компьютерлік томография істен шығып қалған. Оның өзі екі кескінді ғана. Емдеу мекемесінің бас дәрігері Гүлмира Сағидолдинаның айтуынша, 16 кескінді тағы бір сынып тұрған компьютерлік томографқа қажетті қосалқы бөлшектерді сатып алу үшін қайта конкурс жариялау қажет екен, себебі үш жылдық кепілдік мерзімі біткен. Заманауи компьютерлік томографтар 64 және одан да көп кескінді болатынын ескерсек, бұл құрал да моральдық тұрғыда ескірген деуге келеді. Жабдықтар бұзылғаннан бері Өскемен өңірінің науқастары Семей қаласына ағылуға мәжбүр болыпты.
-«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдағы осындай қайшылықтардың салдарынан құрал-жабдықтарды жөндеудің өзі жарты жылға созылады. Соның кесірінен науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетілмейді. Жаңа құрал сатып алу керек. Өйткені, қатерлі ісік дерті меңдеп барады, - деген Даниал АХМЕТОВ бес жыл бұрын ғана салынған ғимараттың сылақтары түсіп, төбесінен су ағып, қабырғалары жарылып кеткенін де көрді.

Бас дәрігер құрылысты жүргізген мердігер, Семейдегі «Триада и С» компаниясымен төрт жылдан бері соттасып жатқандарын, әзірге ешқандай нәтиже шықпағанын жеткізді.
-Мен бұл ғимаратқа кем дегенде 30 жыл болған шығар деп ойладым. Соттың шешімі шыққанша, біз тосып тұра алмаймыз. Орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлеміз, - деді облыс әкімі . Орынбасары Әсем Нүсүповаға сметалық құжаттарды даярлауға тапсырма берді. Бұдан кейін реанимация бөлімшесін аралап көрген аймақ басшысы төсектер мен операция үстелдері, операция блогында шамдардың кеңес дәуірінен қалғанын аңғарды. Гүлмира Сағидолдина диспансерді заманауи құралдармен толық жабдықтауға 2 млрд. 400 миллион теңге, ал бірінші кезектегі жабдықтарға 850 миллион теңге қажет екенін айтты.

-Осындай өткен ғасырлық техникалардмен жұмыс істеп, жоғары нәтижеге шығу мүмкін де емес шығар. Семей қаласындағы осы бейінді емдеу орындарының жұмысымен де танысып, келесі аптада бас дәрігерлерді жинап, олқылықтарды талдайтын боламыз. Жағдайды зерделеп, қаржыландыру көздерін табамыз. Еуропаның озық клиникаларында мамандардың біліктілігін арттыруды бастадық. Ағылшын тілін меңгеріңіздер. Мен өзім де аптасына 3-4 сағаттымды тіл үйренуге арнаймын, - деп аймақ басшысы.

Облыс әкімі №1 қалалық ауруханада инсульт орталығы тек қағаз жүзінде ашылғанына қайран қалды. Орталықтың не науқастарды емдеуінде, не жабдықталуында қарапайым бөлімшелерден еш айырмашылығы жоқ болып шықты.
- Сонда бұл жердің қандай артықшылықтары бар? Инновациялық емдеу тәсілдері, жоғары технологиялық қызметтер қайда? – деді аймақ басшысы.

Операция блогындағы шамдар тіпті 1976 жылғы екен, үстелдер де тозған. Даниал АХМЕТОВ маңдайшаға іліп қойған атау ешнәрсені шешпейтінін жеткізді.
- Еуропалық медицина біздің медицинадан несімен ерекшеленеді? Қызмет көрсету сапасы және жоғары технологиялығымен. Сіздер Батыстың озық клиникаларының бірінің инсульт орталығы регламентімен танысып, сондай дәрежеге жетуге талпыну керек, - деді Даниал АХМЕТОВ аурухананың бас дәрігері Юрий Старокожевке.

Аймақ басшысы емдеу орнының мамандары мықты екенін мойындады. Урология бөлімшесінің меңгерушісі Нұрғұмар Қуандықов - республикаға кеңінен танымал, әлемдік деңгейдегі операцияларды сәтті жасап жүрген білікті уролог-хирург.
-Міне, Нұрғұмар өткен жылы өзіне заманауи құралдың қаншалықты қажет екенін бізге дәлелдей білді және алғызды. Сол үшін де біз оған алғыс айтамыз. Біз жас мамандарымыздың осындай білікті де тәжірибелі дәрігерлерден дәріс алуын ұйымдастыруымыз керек. Одан кейін шетелге жіберіп оқытамыз, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыстық ана мен бала орталығы еуропалық стандартқа сай болуы керек. Өйткені, оның жабдықталуы шетелдік клиникалардан кем емес. Дегенмен, бас дәрігер Сергей Попов заманауи гинекологиялық креслолардың, босанатын бөлмелерде арнайы мониторлардың жоқтығын, нәрестені орайтын үстелдердің аздығын тілге тиек етті.

-Мұның бәрін сатып алуға болар. Бірақ сіздердің жағдайыңызда мәселе құралдарда емес. Мекемеде менеджмент, яғни, басқару ақсап жатыр. Сіздер жоғары технологиялы қызмет көрсететін орталыққа айналуларыңыз керек. Әзірге қатардағы перзентханадан түк айырмашылықтарыңыз жоқ. Кемшіліктердің себебін өздеріңізден іздеңіздер, - деген кеңес берді облыс әкімі.

Даниал АХМЕТОВ мамандардың біліктілігін Еуропа елдерінде ұштау тәжірибесі жалғаса беретінін, басшылардың өздері де жарты жыл оқып келулері керектігін айтты. Үш жылда кем дегенде 150 дәрігер ағылшын тілін меңгеріп алса, одан кейін шетелдік мамандарды өзімізге шақыруға да болады.

Облыс басшысы қолға алынбақ жұмыстар денсаулық саласында қордаланған мәселелерді бір күнде шешіп бермесе де, үлкен өзгерістер болатынына сенетінін айтты.

Айна Ескенқызы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде