USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Зыряндық диқандар зығыр алқабын арттырмақ

Зыряндық диқандар зығыр алқабын арттырмақ

Облыста әлемдік озық технологиялар негізінде тұқым себу кешені өндірілуі мүмкін. Сапасы жағынан шетелдік баламасынан кем түспейтін, бағасы одан әлдеқайда арзан болатын бұл ерекше техникаға «Мерседес» маркалы қозғалтқыштар қою жоспарланған. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ зыряндық диқандардың көктемгі егіс науқанына дайындығын тексеру кезінде осындай жағымды жаңалық айтты.

Сәуір айы түгесілуге жақын қалса да, таудағы қар мен жауын-шашынға қарайлап отырған ауданның бірі – Зырян. Себебі, мұнда таудың қары толық еріп кеткенше тыншымайтын Хамир, Снегирева, Бұқтырма, Березовка сынды бірнеше өзен бар. Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ Снегирев ауылын қоршай оналасқан дамбының жағдайымен танысты. Бұл бөгет 2015 жылы қар суына шыдас бермей, ауылға су жайылған болатын. Дамбыдан асып кеткен суды жолды жыру арқылы ғана қайтарған болатын. 1973 салынған бөгет сол оқиғадан кейін тағы да биіктетіліпті. Биыл да жергілікті әкімдік пен «Казцинк» компаниясы дамбының осал тұстарын бекемдеу шараларын қолға алған екен. Төтенше жағдай қызметінің өкілдері аймақ басшысына 2,7 шақырымға созылып жатқан бөгеттен енді ауылға ешқандай қауіп төнбейтінін айтып сендірді. Тек биылдың өзінде оны бекемдеуге 30,9 млн. теңге жұмсалған. Тосын жағдайлардың алдын алу үшін облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов та аудандағы барлық өзендерді әуеден барлап, тиісті тапсырмалар берген. Соның негізінде барлық жауапты қызметтер тәуліктік режимде жұмыс істеуде.

Таудағы қардың қалыңдығы әлі бір метрдің көлемінде болғанымен, егіске жарамды жерлер түгел аршылған екен. Сондықтан диқандар техникаларын майлап, құралдарын сайлап, топырақтың кеберсуін күтіп отыр. Жанатбек Бұғұбаевтың иелігіндегі «Нивы Чапаево» шаруа қожалығы биылғы маусымды ылғал үнемдеуге арналған жаңа техникамен өткермек. Соңғы жылдары Ж. Бұғұбаев ескірген трактор мен кешендерді біртіндеп «Casе», «New Holland», «Jon Deerе» сияқты заманауи озық техникалармен алмастырып келеді. Кәсіпкер аталмыш техникалар өнімділік жағынан да, жанармай тұтыну тұрғысынан да, шыдамдылық бойынша да ресейлік және белорусиялық өнімдерден әлдеқайда тиімді екенін айтады. Бір ғана кемшілігі, оның бағасын кез келген қожалықтың қалтасы көтере бермейді. Осыны ескерген облыс басшылығы тұқым себу кешенінің дәл осындай сападағы отандық нұсқасын шығаруға күш салмақшы.

-Кешенді сүйрейтін тракторды Ресей технологиясымен Семейде шығаруға болады. Қойылатын жалғыз талап – қозғалтқыш «Мерседес» өнімі болуы керек. Қалған бөлшектерін толықтай өзімізде құрастыруға болады. Жоғары технологияны талап ететін тұстарын еуропадан әкелуге тура келеді. Ең бастысы, сапасы шетелдік баламаларынан кем болмауы керек. Есесіне, оның бағасы қазіргі техникалардан әлдеқайда арзан болады. Технологиялық негіз Үлбі металургиялық зауытының базасында есептеліп, әзірленеді, - деді ол.
Аудандағы көнекөз диқанның бірі Петр Дягелев шаруаларға несие алу қиындап кеткенін мәселе етіп көтерді.

-Жыл басталмай тұрып берген өтінішіміз әлі қарастылырылып жатыр. Науқан болса қыр астында. Олардың неге осынша созғанын түсіне алмай келеміз. Осы мәселені назарға алсаңыз, - деген өтініш айтты.

Аймақ басшысы ауданда күнбағыстан бөлек рапс,зығыр сынды майлы дақылдардың алқабы артып келе жатқанын оң тенденция ретінде атады. Әсіресе зығырдың алқабын биыл 1,5 гектарға ұлғайту жоспарланған. Өткен жылы аудан бойынша майлы дақылдардың шығымы гектарына 29 центнерден айналыпты.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде