USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Өрт сөндіру көлігін өткізбегендерге айыппұл салынды

Өрт сөндіру көлігін өткізбегендерге айыппұл салынды
Өскемен қаласында арнайы ұйымдастырылған рейд барысында өрттен құтқару көліктеріне жол бермеген жүргізушілер ұсталып, айыппұл салынды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Аталған рейдті облыс орталығындағы Өскемен ІІБ қарасты жергілікті полиция қызметі мен Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты - шақырылған жерге еш кедергісіз уақытында бару үшін өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгемеу мәселесіне қоғамның назарын кеңінен аудару.

- Соңғы уақыттарда қаладағы жеңіл көлік иелерінің арнаулы көліктерді әдейі елемеу және жол бермеу жағдайларымен жиі бетпе-бет келіп жүрміз. Біз бұл арада арнайы шақыртумен, «дабыл белгісі қосылып», асығыс келе жатқан өрттен құтқару көліктеріне жол бермеу жайында айтып отырмыз. Сондықтан, қала тұрғындары арнайы техникалардың ондаған адамдардың өмірі мен баспанасын шұғыл құтқару үшін асығып бара жатқанын түсіне білсе, осы өткізіліп жатқан шарадан қорытынды шығарса, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт көліктері мен қондырғылары бөлімшесінің инженері Мерей Әлімбеков.

Рейдті ұйымдастырушылар көлік қозғалысы артатын кешке тақау уақытта Өскемен қаласының ең бір қозғалысы көп Тәуелсіздік, Әуезов, Жеңіс даңғылдарының бойында арнайы өрттен құтқару көлігімен дабыл белгісін қосып, бірнеше мәрте жүріп көрді.

Өртке қарсы қызмет өкілдерінің бұған дейін айтқанындай-ақ, Тәуелсіздік даңғылының ортасына жетпей-ақ, заң бұзушылық фактілері де бірден көзге шалынды. Өрт сөндіру көлігіне жол бермеген жүргізушілерді тоқтатқан жергілікті полиция қызметкерлері оларға жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырды.

Шара барысында барлығы 4 автокөлік тоқтатылса, ереже бұзып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен тағы екі көліктің иесіне іздеу жарияланды.

Жергілікті полиция қызметі өкілдерінің айтуынша, мұндай шара алдағы уақытта Семей, Зырян, Риддер қалаларында да жалғасын табатын болады.

Дәурен Аллабергенұлы
Суретін түсірген: Манап Мұртазаев
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде