USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Тайынтыда ұлан-асыр той өтті

Ұлан ауданының Тайынты ауылында ұлан-асыр той өтті. Бұл той тарихқа «Орай шап» деген атпен қалған қанды оқиғаның 100 жылдығына арналды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы тойға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен Евгений Козлов қатысты.

Үкілі жүйрігін жетелеп, үмітті балуандарын ерткен жұрт түс әлетінде бәйгетөбенің басына жиылды. Қонақтар әуелі ауылдың кіреберісіндегі Өскемен–Самар жолының бойына қойылған ескерткіштің ашылуына куә болды. Аудан әкімі Дәулет Батырбаев халықты ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығымен құттықтай келіп, дүбірлі тойды ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтты. Ақын Абзал Қасенов отты жырмен шашу шашты.

Тайынтыда ұлан-асыр той  өтті

– Тарихқа көз жіберсек, бізден қасиетті халық жоқ. Біздің қасиетіміз - береке-бірлігімізде. Осы күнге жету үшін қаншама қиын күндерден өттік. Сондықтан әрбір азамат бұдан былай да ел тыныштығы жолында еңбек етуі керек. Тарихымызды түгендеп жатқан азаматтарға Алла амандық берсін. Той тойға ұлассын, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында генерал Бақытжан Ертаев.
Иә, халық қалаулысы айтқандай, осы күнге жету үшін қаншама қиын күндерді бастан өткердік. Бүгінгі 100 жылдығын тойлап жатқан Қарабалапан жайлауындағы қанқасап қырғын да соның куәсі емес пе?! Ескерткішке патшаның қара жұмысына қазақтың қара сирақ ұлын бермеу үшін қан жұтқан 13 батырдың есімі жазылыпты. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бір кездері патша жарлығына қарсы шыққан «бұзақыларды» тарих ақтап алып, тиеселі бағасын беріп жатыр. Ұлт үшін ұран салған батырларды ұрпақтары ұлықтауда.

Тайынтыда ұлан-асыр той  өтті

Қазбауыр бұлттардан тәж киіп, жасыл орманнан сырға таққан Тайынтының сұлу табиғаты бұл күні әуелгісінен де ажарлана түскендей. Ақ көбік шашқан асау өзеннің бойына қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, шолпысы сыңғырлап сол үйлерде қымыз құйып жүрген қыз-келіншектер, айғай салып ас басқарып жүрген арыстан жон азаматтар тойдың сәнін тіптен келтіре үсті.
Осындай көркем көрініске еліткен мың қаралы халық ескерткішті ашқан соң бәйгеге бет бұрды. Кеше бабасы «Орай шауып» қан жұтқан төбеде, бүгін баласы бәйгеге шауып жүлде алды. 10 шақырымдық жарыста тайынтылық Серік Уәлхановтың баптаған күрең аты өзгелерден оқ бойы озып келді. Ал он бес шақырымдық жарыста Таврия ауылынан барған Арабика атты жүйрік қара үзіп, қарайған халықтың көзайымына айналды.

Тайынтыда ұлан-асыр той  өтті

Бұл тойда тек ат бәйгесі ғана болған жоқ, балалардан тартып, ақ жаулықты апаларға дейін жарыс көрсетті. Таяқтарын лақтырып тастап, тайсалмай жарыс жолына шықты. Ұйымдастырушылар қатысушылардың барлығын құралақан қалдырмады. Көкпардың топтық емес, аты мен білігіне сеніп, қазандыққа жеке-дара келіп тастайтын «Дода» деген дәстүрлі түрі де осы тойда жаңғырды. Тойшыл қауымның біразы қой көтергендердің күшіне сүйінсе, бір қауымы арысқа түскен балуандардың қарым-қабілетін қызықтады. Нұржан Мертаев осы тойдың түйе балуаны атанды.

Тайынтыда ұлан-асыр той  өтті
Той соңында «Орай шап» көтерілісне қатысып, қазақ болған батырларға арнап ас беріліп, құран бағышталды. Бұған дейін осы тарихи мерейтойға орай ардагер әріптесіміз Айтмұхамбет Қасымовтың бас болуымен шежірелі жинақ шыққанын жазған болатынбыз. Бұл тойдың өтуіне Ұлан аудандық мәслихатының хатшысы Оразай Сыдықов, Қуандық Шегіров, қарт ұстаз Жұбандық Адайханов мұрындық болған. Ұлан-асыр тойдың шығынын Өтеміс елінің ұрпақтары ешқандай бюджетке салмақ салмай өздері ел болып, жұрт болып көтеріп алыпты. Тіпті, аттан жығылған шабандозға да «Көрермен көз айымы» сыйлығын табыстады.

Мұратхан Кенжеханұлы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде