...
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Өскемен волейбол мектебінің өкілдері Әлемдік Гран-придің жүлдесін жеңіп алды

Өскемен волейбол мектебінің өкілдері Әлемдік Гран-придің жүлдесін жеңіп алды

Өскемен волейбол мектебінің өкілдері еліміздің құрама командасы сапында тұңғыш рет Әлемдік Гран-придің жүлдесін жеңіп алды.

Байрақты бәсекенің III тобындағы финал Алматы қаласында өтті. Аталған топта Хорватия, Колумбия, Перу және Қазақстан құрамалары өзара мықтыны анықтады. Бірден айта кетейік, әуел баста осы төрттіктің ішінде біздің қыздар аутсайдер саналған-ды. Өйткені жерлестеріміз мұның алдында өткен сайыстарда Перу мен Колумбия құрамаларынан жеңіліс тапқан. Ал Еуропадан келген хорватиялық арулардың шеберлігі туралы айтпасақ та түсінікті. Сондықтан бұл квартетте қазақ волейболшылары жүлдеге таласады дегенге ешкім сене қоймады.

Алайда өз жерінде жеңілуді намыс көрген бұрымдыларымыз жартылай финалда колумбиялықтарды 3:2 есебімен ұтып, сенсация жасады. Қарсыласын менсінбей, өздеріне аса сенімді болған оңтүстікамерикалық команда ақтық сынның босағасынан ене алмай кері қайтты. Осы ойында өскемендік волейбол мектебінің түлегі Кристина Аниконова нәтижелі тоғыз ұпайды еншілесе, тағы бір жерлесіміз «Алтай» командасының байланыстырушысы және артқы шабуылдаушы Ирина Лукомская мен Евгения Ильина төрт ұпайдан қанжығаларына байлады.

Сонымен үшінші топтағы басты фавориттің бірін жарыс жолынан тайдырған біздің құрама финалда Хорватиямен кездесті. Қайткенмен де европалық ұжымның аты еуропалық ғой, деңгейі жоғары екені көрініп-ақ тұрды. Бұл жолы Қазақстан құрамасына тағы бір сенсация жасап, басты жүлдені иелену бақыты бұйырмады. Шешуші сайысқа сақадай-сай сайланып келген хорваттарға қыздарымыз 0:3 есебімен жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты. Финалда Ирина Лукомская мен Евгения Ильина өз командасына екі ұпайдан әкелсе, Кристина Аниконова нәтижелі ойыны үшін 10 ұпайды иеленді. Сөйтіп, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен өскемендік арулар Әлемдік Гран-придің күміс жүлдегерлері атанды.

Шығыс ақпарат
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде