USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Еуро - 2016. Біздің болжам

Еуро - 2016. Біздің болжам

Топтық кезеңнің соңғы айналымын бастаған Франция мен Швейцария тең түсті. Румыния құрамасы Албаниядан 1:0 есебімен жеңіліп, Еуропа біріншілігіндегі «жорығын» тоқтатты.

Сөйтіп жарыс қожайындары жеті ұпаймен «А» тобындағы турнир кестесінің көшін бастаса, екінші сатыға бес ұпайы бар Швейцария орнықты. Үш ұпайды еншілеген албандар үміттерін үкілеп, өзге командалардың қалай өнер көрсетуін күтіп отыр. Өйткені олардың плей-оффқа шығу, шықпауы басқа топта үшінші орын алғандардың нәтижелеріне байланысты болмақ.
Франция мен Швейцарияның ойынында голдар соғылып, аса қызықты сәттер көп болмаса да, футболшылар үш ұпай үшін жаға жыртылғанша жағаласты. Бірнеше жейде жыртылды, тіпті доптың өзі шыдамай жыртылып қалды...
Кеше сонымен бірге «В» тобындағы Ресей-Уэльс, Словакия-Англия құрамалары өзара мықтыны анықтады. Бүгін жасыл алаңға Украина-Польша, Солтүстік Ирландия-Германия футболшылары шығады. Бұл топта украиндерден басқасы плей-офф кезеңіне шығып тұр.

Екі айналымнан кейін екі бірдей жеңіске жеткен Италия мен Испанияның құрама командалары өз топтарында алты ұпаймен көш бастады. Бір қызығы осыдан он күн бұрын чемпионаттың байрағы желбіреген кезде аутсайдер деп айдар таққан Венгрия жігіттері адуынды қарсыластары Португалия мен Австрияны артқа тастап, төрт ұпаймен өз тобында бәрінен озып тұр. Әзірге. Екінші матчта мажарлар Исландиямен тең ойнаған. Ал Австриямен өткен ойында 11 метрлік айып добын голға айналдыра алмаған әйгілі футболшы Криштиану Роналду мен командасының жағдайы мәз емес. Соңғы кездесуінде мадиярларды ұтпаса, турнирмен қоштасуға тура келеді.

Қызықтың көкесі Чехия-Хорватия матчында болды. Матчтың 75-ші минутына дейін екі доп айырмасымен жеңіп жатқан хорваттар ойламаған жерде жорғасынан жаңылып, қарсыластың таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. Бұл ретте хорват жанкүйерлерінің тигізген «көмегі» ерекше. Олай дейтініміз, екінші таймның ортасынан ауғанда хорваттар отырған сектордан алаңға бірнеше отшашу (файер) лақтырылып, тарс-тұрт жарылды. Көк түтін басып кетті. Төреші ойынды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Стадиондағы тәртіпті қалпына келтірген соң кездесу қайта жалғасты. Осы кезде жанкүйерлерінің бұзақылығы жүйкелеріне әсер етті ме, әлде арадағы үзілістің кесірі тиді ме қайдам, әйтеуір Хорватия құрамасын мүлдем танымай қалдық. Бір сағаттан астам уақыт есеп аша алмаған чехтар айналдырған 15 минутта қарсылас қақпасын екі рет дәл көздеп, есепті 2:2-ге жеткізді. Бұдан кейін Хорватияда төрт, Чехияда бір ұпай болды. Ал әзірге бір де бір ұпайы жоқ түріктер енді чехтармен кездеседі.

Еуропалық ақпарат құралдарына сүйенсек, хорватиялық «ультрас» өз құрамасының кәріқұрлық жарысынан шеттетілуін қалап отырғанға ұқсайды. Олар алдағы Испаниямен өтетін ойында да тәртіпсіздікке бармақшы. Мұны фанаттар жемқорлыққа батқан Хорватия футбол одағына қарсы көрсеткен наразылық акциясы деп атауда.

Біздің болжам

Маусымның 21-і күні түн ауа «С» тобының квартеті шеберлік байқасады. Жарысты жалғастырудан үміті жоқ Украина құрамасы Польшаға қарсы «майдан» ашатыны түсінікті. Кетіп бара жатып есікті қатты жауып кететін әдеттері емес пе спортшылардың. Дегенмен плей-оффқа өз тобында бірінші сатыдан шығуға дәмесі бар поляктар бұған көне қоя ма? Бздің болжам – 2:1. Польшаның жеңісі.

Солтүстік Ирландия құрамасы «неміс мәшинесін» тоқтатады дегенге ешкім сенбейтін шығар. Сондықтан бұл ойында немістердің басымдығы айқын. Біздің болжам – 3:0.

Қызық дерек

Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Буффон Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 50 матч өткізген алғашқы ойыншы.
Еуро-2016 доп додасында бақ сынап жатқан командалар ішінде Чехия құрамасы өз қақпасын голдан аман сақтап қала алмаған жалғыз ұжым.
Тұңғыш рет биылғы Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне Англия, Уэльс, Солтүстік Ирландия және Ирландия құрамалары түгел қатысып отыр.

Серік Әбілхан
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде