USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)
Қалың найманның күршімдегі бір бұтағы - өтейлер батыр бабасы Көкжарлы Көкжал Бараққа ескерткіш тұрғызып, 315 жылдығын дүркіретіп атап өтті.

Алдымен Көкжарлы Көкжал Барақ батыр тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл төңіректе көптен бері айтыс өтпегендіктен, күршімдіктер өнердің осы бір тамаша жанрын шынымен-ақ сағынып қалған екен. Оған аудандық Мәдениет үйінің 300 орындық залында инешаншар жердің болмағаны мен үш жарым сағатқа созылған сөз сайысында бірде-бір адамның тырп етпегендігі, жыр бәсекесіне ықыластың өте күшті болғандығы айғақ. Сондай-ақ, айтысты залдың қос қапталында тік түрегеп тұрып тыңдаған жұрттың қарасы қаншама. Соған орай ақындардың да тамаша өнер үлгісін көрсетіп, айтысқұмар қауымның айызын қандырғанын айтпай кетудің жөні жоқ.

Сөйтіп, Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың тойында оны әспеттеп, абыройын арттыра түсуге атсалысқан 12 ақын хал-қадірлерінше сайысты. Бұл жолғы сөз барымтасына түскендердің көпшілігінің есімдері көзі қарақты тыңдарман қауымға белгісіз болғанымен, олардың көркем әуендері, ұтқыр жырлары елдің құлағында қалды, демек, енді талайға дейін олардың көп көңілінде шалқып, ұмытылмай жүретіндері сөзсіз.

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Сайысқа түскен зайсандық Ардабек Ақбаба мен Монғолияның Баян Өлгей қаласынан ат арытып жеткен Ерлан Дәулетұлының, семейлік Серік Қуанған мен басқаларының өнерлері тыңдаған жұртты тәнті етті. Сондай-ақ, керекулік Оңғар Қабденов пен өскемендік Гүлнұр Зұлқаршынның, семейлік Манарбек Сатыбалды мен тарбағатайлық Дәурен Сембаевтың, сонау Қызылордадан келген Мейірбек Сұлтанхан мен өскемендік Есенбол Нақтыбайұлының айтыстары көптің ықыласына бөленіп, «па, шіркін!» дегізгені шындық. Сөйтсе де, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жарыс болған соң жеңімпаздың болатыны ақиқат. Бірінші турдан соң жүлдеден үміткер ақындардың есімдері ешкім айтпай-ақ белгілі болып қалған еді.

Нәтижесінде осы айтыстың бас жүлдесі – 500 мың теңге ақшалай сыйлықты шашасына шаң жұқтырмаған қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан даусыз жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынға лайық деп танылған баянөлгейлік Ерлан Дәулетұлы 300 мың теңге сыйлықты қоржынына салды. Екінші орынға тігілген 200 мың теңгені семейлік Манарбек Сатыбалды иеленіп, үшінші орынға белгіленген 70 мың теңгелік екі сыйлықты керекулік Оңғар Қабденов пен тарбағатайлық Дәурен Сембаев өзара бөлісті. Ал жүлделі орындарға қол жеткізе алмаған ақындарға 40 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Тыныштықты күзетіп тұр Барақ батыр


Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Келесі күні таңертең қалың бұқара Күршім ауылына кіреберістегі биік төбенің басына қарай ағылды. Бұл жерде Көкжарлы Көкжал Барақ батыр ескерткішінің ашылу салтанаты болды.
Еңселі ескерткіштің тұсаукесерінен кейін батырдың рухына бағышталып Күршім ауылындағы мейрамханалар мен Сарыөлең ауылының шетінде тігілген жиырмаға жуық киіз үйде ас беріліп, құран-хатым оқылды. Әдейілеп сойылған бірнеше бас ту бие мен атан өгіздің, құнан қойдың семіз еті табақ-табақ тартылып, шара толы тіл үйірер қымыз-шұбат бұлақ болып ақты.

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Балуан белдестірген, жүйрік жарыстырған, қыз қуып, теңге ілген, көкпар тартқан ұлттық ойындарымыз да осы Сарыөлеңдегі бәйгетөбеде өтті. Берісі ауданның, облыстың ауылдарынан, арысы сонау Алматыдан келген бәйге аттары, балуандар «жүзден жүйрік, мыңнан мықтыны» анықтады. Жалпы жорғасы бар, 15 және 25 шақырымдық бәйгелері бар барлық ат жарыстарына жиыны 150-ге жуық жүйрік қатысты. Үш қашықтықтағы бәйгенің бас жүлделеріне үш темір тұлпар тігілген соң бабы мен бағын сынауға ниет білдіргендер тіптен көбейген сияқты.

Бәйгесін жанкүйеріне беріп кетті

Әуелі атан жілікті, апайтөс балуандар бозкілемге шығып, күреске сусаған қалың жұртты тартысты белдесулерімен таңдай қақтырды. Көпшіліктің қанын қыздырған, жан алысып, жан беріскен белдесулер нәтижесінде үшінші орынға тігілген 200 мың теңге ақшалай сыйлық сонау Сарыарқаның төрінен келген Мереке Тұрашовқа бұйырды. Екінші орын алғаны үшін өскемендік Талғат Әміренов 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал түйе балуан атағы мен 500 мың теңге бәйгені қазақ күресінің көшін өрге сүйреген белгілі балуандардың бірі, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» семейлік Мұхит Тұрсынов иеленді.

Осы арада айта кетерлік бір жайт болды. Ақмола облысынан келген қола медаль иегері Мереке Тұрашов өзінің 200 мың теңге ақшалай сыйлығын бозкілем шетінде мүгедек арбада отырып әкесімен бірге күресті бастан-аяқ жан-тәнімен беріле тамашалаған мүмкіндігі шектеулі балаға ұстатқан жомарттығы көптің көңілін босатып, «бәрекелді!» дегізді.


Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Атшабардың шаңын аспанға көтеріп, болат тұяқтарымен қара жердің төсін қасыған 32 қылқұйрық 15 шақырымдық қашықтықты сүт пісірім уақытқа жеткізбей еңсерді. Көмбеге бірінші болып тарбағатайлық Қайрат Құнсафинның аты келді. Оған «Барақ батыр» қоры тіккен «Лада гранта» автокөлігінің кілті табыс етілді. Екінші келген аттың иесі зыряндық Николай Шаперов плазмалық үлкен теледидарға ие болды. Ал жүлделі үшінші орынды катонқарағайлық Амангелді Құсайытовтың жүйрігі алды. Оған әдемі қазақы ер сыйға тартылды.

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

25 шақырымдық қашықтыққа шабатын аттар – жергілікті және асыл тұқымды арғымақтар болып екіге бөлініп бақ сынады. Жергілікті жабы жылқылардың арасынан аламанда Күршім ауданы Қайнар ауылының аты қара үзіп келді. Тұлпардың иесі Дәулетхан Биекенов кәсіпкерлер О.Тынбаев, М.Жақыпов, М.Саудагеров тіккен «Лада гранта» көлігін тақымға басты. Мәре сызығын екінші болып сарыөлеңдік Ерік Сексенбаевтың аты кессе, үздік үштікті ұландық Сейілхан Мейірбаевтың сәйгүлігі түйіндеді.
Таза қанды аттардың 25 шақырымдық бәйгесінде қаройлық (Күршім ауданы) Жомарт Сайболатовтың аты аламанның алдын бермей келді. Оған Е.Сексенбаев, Н.Қасымханов сынды атымтай азаматтар тіккен «Лада приора» автокөлігі табыс етілді. Екінші орын алғаны үшін 400 мың теңге ақшалай сыйлыққа семейлік Саят Ықыласов қол жеткізсе, үшінші орынның 200 мың теңге сыйақысы Күршім ауданының Қайыңды ауылында қалды.

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

22 ат бақ сынаған жеті шақырымдық жорға жарыс та аса қызықты өтті. Нәтижесінде күршімдік кәсіпкер Нұрлан Қасымхановтың жорғасы қара үзіп келіп, 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші болып көмбеге Евгений Чибисов мінген тұлпар келсе, оның ізін ала шабандоз Думан Қанапиянов өтті. Бұл екеуі де қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Көкпардан бірінші орынға тігілген 150 мың теңге ақшалай сыйлықты Көкпекті ауданы Көкжота ауылының командасы жеңіп алса, екінші орын үшін берілетін 100 мың теңге сыйақы күршімдік көкпаршыларға бұйырды. Үшінші орынды бастаушылық (Көкпекті) шабандоздар қанағат тұтты.

Көкжал Барақ батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. Ақындар айтысты, арғымақтар аламанға түсті (фото)

Сондай-ақ, қыз қуу сайысында тамаша өнер көрсеткен Еркеназ Айтышева мен Кенжебек Нұрсапанов жұбы үздік шығып, 40 мың теңге жүлдені иеленді. Жандос Рахметоллаев пен Ботагөз Қанапиянова жұбы екінші орынға лайық деп танылды.
Теңге алудан бірінші орынды және 50 мың теңге сыйақыны Мұрат Көксауов иеленді. Екінші орынның 30 мың теңге жүлдесі Ерасыл Ахметовтің қанжығасына байланды. Үшінші орын алған Алмас Дәулетов 20 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Хасен Зәкәрия,
Серік Әбілхан
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
3 комментария
  1. Каке
    Такырыптын негизи Кокжал Барак ескерткиши. Сол ескерткиш жасалуы, онын авторы туралы тук жок. Есесине ишип- жегени, кимнин канша акша алганы жазылыпты.
  2. Каке
    Такырыптын негизи Кокжал Барак ескерткиши. Сол ескерткиш жасалуы, онын авторы туралы тук жок. Есесине ишип- жегени, кимнин канша акша алганы жазылыпты.
  3. кайрат
    ассаламалаиком калын отейлер
    менде барак бабадын урпагымын атамыздын ескерткыщы жаналанып калын журыт болып той1лаган тойларыныз кутты болсын. осы жиналыска ат салыскан барлык азаматтарга жане азаматшаларга атамыздын арывагы колдасын . алла рза болсын елымыз тыныш болсын
Көп оқылған
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде