USD 310.83
EUR 349.96
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Ардагерлеріміз назардан тыс қалмайды

Ардагерлеріміз назардан тыс қалмайды

Ұлы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге санаулы күндер ғана қалды. Облысымызда осы датаға қатысты қандай іс-шаралар атап өтіледі? Сонымен қатар, біздің ардақты аталарымыз үшін қосымша әлеуметтік қолдау ретінде нендей жеңілдіктер қарастырылған? Осы және көптеген басқа жайттар туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев сұхбатында айтып берді.
Бүгінгі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының 430 қатысушысы мен мүгедегі тұрады. Ленинградта қоршау кезеңінде жұмыс істегендер – 23 адам. Концлагерьлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары – 45 адам. Ерен еңбегі (кем дегенде алты ай) және соғыс жылдарындағы тылдағы мінсіз әскери қызметі үшін ордендермен марапатталғандар – 1 222 адам. Облысымызда медальдармен және ордендермен марапатталмаған 25 724 тыл еңбеккері бар. Бұл адамдардың бәрі Жеңіске өз үлестерін қосты. Бірі ұрыс алаңында, бірі еңбек майданында. Жыл сайын олардың қатары сирей түсуде. Қарап отырсаңыз, көзі тірі ардагерлердің ең жасы бүгінде тоқсанға таяған.

– Мейрамда ешкім назардан тыс қалмайды. Соғыс ардагерлеріне 500 мың теңге мөлшеріндегі сыйлықтық сертификаттар табысталатын болады. Ақша олардың зейнетақы шоттарына 9-мамырға дейін аударылады. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасы. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жергілікті бюджеттен қаржы тапты. Тыл еңбеккерлеріне, блокадада болғандарға келер болсақ, оларға да қалалық және аудандық бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты ақшалай сыйлықтар бөлінетін болады, – дейді Айтқазы Шерубаев.

– Облысымызда, атап айтсақ, білім беру саласы мекемелерінде Жеңіс күнін мерекелеуге арналған концерттер, байқаулар басталып та кетті. Біздің ардагерлер қалай ұлықталатын болады?
– Жеңістің 71 жылдығын өңірімізде мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Оны іске асыруға көптеген ведомство, басқарма, сондай-ақ, аудандар мен қалалар әкімдіктері, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және оның аумақтық бөлімшелері жұмылдырылған. Газеттерде материалдар жариялау, циклдық телебағдарламалар шығарудан бастап облыс аудандары мен қалаларындағы салтанатты іс-шараларға дейінгі көптеген жобалар жоспарланған. Ардагерлерді аймақ басшысы ресми қабылдап, сертификаттар табыстайтын болады. Осындай кездесулерді қалалар мен аудандар әкімдері де өткізеді. «Мәңгілік полк» азаматтық бастамасы, «Өз шырағыңды жақ» акциясы жалғасын табады.

– Дәстүрлі сценарийге қандай да бір өзгерістер енгізу жоспарланған ба?
– Біздің ардагерлерге шеру кезінде ұзақ қашықтықты жаяу еңсеру қиын болғандықтан, Өскемендегі барлық мерекелік іс-шараны жағалаудағы Даңқ мемориалына ауыстыру қарастырылуда.

– Шығыс Қазақстанда Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған барлығы 175 ескерткіш пен обелиск бар, олардың 37-сі жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізілген. Бұл нысандарды жөндеу, жаңғырту, абаттандыру бойынша жұмыстар қаншалықты қарқынды жүргізіліп жатыр?
– Жұмыстар толық көлемде жүргізіліуде. Ескерткіштер мен обелискілерден бөлек, соғысқа қатысушылар зираттарын абаттандыруға да көңіл бөлініп келеді. Аталмыш шаруаларды 6-мамырға дейін аяқтауды көздеп отырмыз.
Облыс әкімі «Даңқ» орденінің толық кавалерлеріне (ол «Кеңес Одағының батыры» атағына теңестіріледі) арналған мемориалдық нысандарды орнату жобасын мақұлдады. Ондай кавалерлер Шығыс Қазақстанда – 22 адам. Осы жазда «Стрелка» ықшамауданындағы мемориалды қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сол кезде «Даңқ» ордені кавалерлерінің аллеясы да пайда болады.

– Бүгінде соғыс ардагерлеріне, қаза тапқандардың жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне қандай қосымша әлеуметтік көмектер көрсетілуде?
– Жекелеген кәсіпорындар өздерінің бұрынғы жұмысшыларын қамқорлыққа алуда. Біреулер азық-түлік пакеттерін таратады, біреулер аталмыш азаматтарымыз үшін саяхат турларын ұйымдастырады, енді біреулері коммуналдық қызметтерін өтеп береді дегендей. Қоғамдық көліктегі жол жүруге келер болсақ, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері үшін, сондай-ақ, олардың жесірлері үшін жол жүру тегін. Қазір тыл еңбеккерлеріне қатысты мәселе қарастырылуда. Турасын айтайын, тасымалдаушылар шығынын жабуға Өскемен мен Семей қалалары бюджеттерінің мүмкіндіктері шектеулі.

– Облысымызда қанша соғыс ардагері баспана кезегінде тұр? Бәлкім, кейбіріне үйін, пәтерін жөндеуге көмек қажет болар?
– Шемонайха ауданында бір және Семей қаласында төрт ардагерге осы жылы баспана беру жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстарына өтініштер Өскемен қаласындағы, Жарма және Тарбағатай аудандарындағы соғыс ардагерлерінен келіп түсті. Жұмыстар мамыр-маусым айларында бюджет және демеушілер қаражаты есебінен жүргізілетін болады.

– Ардагерлерімізден кімдер Астанадағы және Мәскеудегі шерулерге қатыспақ?
– Бұл мәселе ардагерлердің VII республикалық съезі кезінде көтерілді. Біз қазірдің өзінде бірнеше адамды қарастырып отырмыз. Бірақ әзірге ешқандай шақыртулар болған жоқ.

– Астанадағы кездесуде тағы қандай мәселелер сараланып, талқыға салынды?
– Біздің зейнеткерлерді алаңдатып отырған негізгі жайт - бірнеше жылдан бері қарастырып жатқан «Ардагерлер туралы» Заңды қабылдау болып отыр. Зейнетақының ең төменгі мөлшерін алатын азаматтарға қатысты мәселе де көтерілді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова алдағы екі жылда ең төменгі зейнетақы мөлшерін есептеу тәсілі қайта қарастырылатынын атап көрсетті, яғни, есептеу кезінде адамның еңбек өтілі ескерілетін болады. Әлбетте, бұл зейнетақы көлемінің артуына ықпал етпек.

Алдағы мамыр айында қарияларымызға тегін дәрі-дәрмектерге арналған рецептерді беру мәселесі де шешілмек. Егер бұрын зейнеткерлерге рецепт алу үшін ай сайын терапевт кезегінде тұруға тура келсе, енді дәрігерге үш айда бір рет қана барады.
Мұнымен қоса, тыл еңбеккерлеріне арнайы куәліктер әзірлеп, тарату идеясы қолдау тапты. Біз жергілікті атқарушы билік органдарына осы мәселені дербес шешу мүмкіндігін беруді ұсындық. Кететін шығын көп емес. Ардагерлер кеңесі бұл куәліктерге өз мөрін басып, құжат бүкіл еліміз бойынша заңдық күшке ие болар еді. Алайда, бұл үшін заңнамалық база қажет.

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде