USD 311.59
EUR 349.39
RUB 5.5
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Апатты жоюға қатысқандарға құрмет көрсетілді

Апатты жоюға қатысқандарға құрмет көрсетілді

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында осыдан отыз жыл бұрын Чернобыль атом электр стансасында орын алған апатты жоюға қатысқандарға құрмет көрсетіліп, мерекелік концерт болды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, Чернобыль ардагерлерін құттықтады.

Металлургтер мәдениет сарайының фойесінде Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға арналған фотокөрме ұйымдастырылған. Көрмеге апат орын алған жердің маңындағы қаңырап қалған Припять қаласының фотосуреттері мен радиациялық қауіпті жоюға қатысқан азаматтардың суреттері қойылды. Сондай-ақ, Чернобыль АЭС-да орын алған жарылыстан кейін түсірілген тарихи суреттер де орын тапқан. Іс-шараға келген қонақтар мен ардагерлер көрмені тамашалағаннан кейін концерт залына өтіп жайғасты. Мұнда сонау қасіретті жылдардан деректі фильм көрсетілді.

Естеріңізге сала кетсек, 1986 жылы 26-сәуірде Чернобыль атом электр стансасында үлкен жарылыс орын алды. Радиация салдарынан 50 мың шаршы шақырым Украина, 6,5 мың шаршы шақырым Белоруссия, 60 мың шаршы шақырым Ресей жері жапа шекті. Фильмде көрсетілгендей, радиациялық қалдықтарды тазартуға жұмылдырылған техникалардың бәрі істен шыққан. Тек адам қолымен ғана тазартуға мәжбүр болған. Сондықтан жер-жерлерден азаматтар, әскерилер жұмылдырылып, Чернобыльге аттандырылған. Жалпы, жарылыс орын алған аумақты улы заттардан тазартуға 600 мың адам қатысқан екен. Олардың 30 мыңы біздің отандастарымыз болса, екі мыңнан астамы шығысқазақстандықтар. Қазіргі таңда облысымызда 1086 Чернобыль ардагері тұрады.

- Чернобыль атом электр стансасында орын алған апатқа бүгін отыз жыл толып отыр. Бұл оқиға сол кездегі Кеңес Одағын ғана емес, жалпы адамзатты алаңдатты десек артық айтпағандығымыз. Өйткені, мұндай апат бұрын-соңды болмаған. Қазақстан апат орын алған жерден шалғай жатса да, апат аймағындағы радиациялық қалдықтарды тазартуға 30 мың азаматымыз аттанды. Ортамызда отырған Чернобыль ардагерлеріне облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан алғыс айтамын. Жанқиярлық ерліктеріңізді ед ұмытпайды, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Чернобыль ардагерлерінің құрметіне өткізіліп жатқан іс-шарада өнерпаздар әннен шашу шашты, мың бұралып би биледі. Жүрекжарды тілектер айтылды.

- Орын алған апат туралы 9-мамырда естідік. Ол кезде Өзбекстанда әскери борышымды өтеп жүргеміз. Сол күннен бастап апат зардабын жою мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізе бастадық. Медициналық тексеруден өтіп, 1988 жылы полк болып Чернобыльге аттандық. Бірінші күннен бастап қауіпті аймақтың ішінде бір ротаны қабылдап алып, басшылық жасадым. Әскерилер жарылыстың қалдықтарын жинауға атсалысты, - дейді Чернобыль ардагері Советқазы Қайсанов. - Апат аймағында жүргенде жұтынғанда ауызға топырақтың дәмі келетін еді. Сарбаздар шалғымен маңайдағы шөптерді шауып тастап отырды. Күнделікті жаңа киім киіп отырдық. Тек 4-блокқа жақын адамдар ғана арнайы киіммен жүрді.
Чернобыль апатының 30 жылдығына орай ардагерлерге мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік және медициналық жеңілдіктер де қарастырылған. Барлық Чернобыль ардагерлері ақшалай сыйақы алады. Сонымен қатар, Өскемен – Астана бағытындағы теміржол билетінің бағасына 50 пайыз жеңілдік жасалмақ. Мұндай шаралар республикалық, облыстық, аудандық деңгейде ұйымдастырылып жатыр.

Мерей Қайнарұлы
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Танымал
Бүгін Апта Ай
Біз әлеуметтік желілерде