USD 315.55
EUR 338.93
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

25 оқушы республикалық байқаудан жүлделі оралды

25 оқушы республикалық байқаудан жүлделі оралды

Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Ақмола облысындағы Щучье қаласындағы оқыту-сауықтыру «Балдәурен» лагерінде өткен 1-7-сынып оқушыларына арналған зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық байқауына қатысып қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл байқаудың мақсаты - жастайынан баланың зияткерлік шығармашылығын ынталандыру және дамыту, оларды ғылыми зерттеу жұмысына тарту екенін айта кеткен жөн.

Аталмыш байқауда оқушылар математика-информатика, физика-техника, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, биология, химия, валеология, сондай-ақ, география-экология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, психология-медицина пәндері бойынша жобаларын қорғап, бақтарын сынады.

Бұл байқауда Шығыс Қазақстан облысының намысын 26 оқушы қорғап, оның 25-сі жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бір оқушы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды. Ал байқаудың қорытындысына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының командасы жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Байқауда бірінші дәрежелі дипломмен алғандардың бірі - Анвар Алипов. Ол - Өскемендегі дарынды балаларға арналған валеологиялық арнайы мектеп-кешенінің 4-сынып оқушысы. Аталмыш байқауда Анвар жетекшісі Татьяна Мурзинамен бірге «Энерготиімділік» деген тақырыпта жобасын қорғап қайтыпты. Өзінің айтуынша, ол аталған тақырыпты қорғау үшін үш жыл бойы дайындалып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.

Республикалық байқауға қатысқан Өскемендегі №20 мектептің жетінші сынып оқушысы Руслан Қабдылов болса, «Ұлан ауданының петроглифтері» атты жобасын қорғап, бірінші дәрежелі дипломды қанжығасына байлап қайтыпты. Руслан бұл жобаны жазу барысында далалық экспедицияға қатысқан екен.

- Петроглифтерді зерттеу жұмысына осыдан екі жыл бұрын кірістім. Бастапқыда жасым жетпегендіктен археологиялық жұмыстарға жібермеді. Сол жағы аздап қиындық тудырды. Алайда, отбасым мен жетекшім Жақсыбек Бейсенбаевтың арқасында бұл қиындықты жеңіп шықтық, - дейді Руслан Қабдылов.

Айтпақшы, байқауда ерекше көзге түскендердің бірі - Аруай Расулова. Ол - дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектебінің 6-сынып оқушысы. Аталмыш байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Қасым Қайсенов шығармаларында кездесетін жер-су аттары» деген жобасын қорғап, үшінші дәрежелі дипломға ие болған Аруай болашақта Қасым Қайсеновтің шығармашылығын толығымен зерттегісі келетінін де жасырмады.

Ажар Сағатбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Біз әлеуметтік желілерде