USD 315.55
EUR 338.93
RUB 5.53
РУС ҚАЗ
Соңғы жаңалықтар
Жаңалықтар

    Новостей нет

Мухтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы 35 жылдан кейін қайта сахналанды

Мухтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы 35 жылдан кейін қайта сахналанды

Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық драма театрында М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы сахналанды. Екі күн қатарынан қойылған спектакль қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.

Ең алдымен, Ұлы Абайдың 170 жылдық мерекесі қарсаңында қойылып отырған бұл спектакльді театр ұжымы осыдан отыз бес жыл бұрын сахналағанын айта кеткеніміз жөн.

Спектакль негізінен ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының бет бейнесін ашып көрсетіп, ішкі трагедиясын суреттейді. Ақынның дүниетанымы кеңіп, азаматтық пікірі қалыптасып, ел ісіне араласқан шағы, таптық, топтық талас-тартысқа өзіндік үн қосуы спектакльдің негізгі өзегі. Сондай-ақ, бұл туындыда режиссер Абай арқылы заманның кереғар тұстарын ашып, шындық пен әділдік турасында, оқу мен білім жайында пәлсапалық көзқарастар, тағылымды ойлар айтуға тырысып, Абай рухының ұлылығын, талантының сан қырын ашып көрсетуді мақсат еткен.

Жалпы, әлемдік классиканың қатарынан саналатын «Абай» спектаклін сахналау актерларға да оңай соққан жоқ. Өнер ұжымының тынымсыз еңбегі мен ізденісі, төккен тердің арқасында ғана спектакль әсерлі шығып, көрермен көңілін баурап алды.

Бір қызығы, осыдан отыз бес жыл бұрын қойылған спектакльде де халық әртісі Бекен Имаханов Абай рөлін сомдапты. Ол кезде Абайдың жастық шағын ойнаса, енді бүгін толысып, толып, кемелденген Абай бейнесін жасы ұлғайған шағында тағы да сомдап отыр. Сондай-ақ, Мәдениет қайраткері Айжан Манекина мен «Мәдениет саласының үздігі» Сәндібала Бекбаева ойнаған Абайдың жары Әйгерімнің рөлі өзінің шынайылығымен көрермен есінде қалды.

Ал Ажар мен Айдар рөлдерін Әсел Нұрланова мен Нұрлан Хасихан сәтті алып шықты. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаевтың Оразбай характерін терең аша алғанын да айта кеткеніміз орынды.

Жалпы, «Абай» спектаклін қолға алу кез келген режиссер үшін оңай емес. Десе де режиссер Ербол Жуасбектің көздеген биікті бағындыра алғаны рас.

Мерей Қартов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп Ctrl+Enter пернені басыңыз
Кілт сөздер: Мұхтар Әуезов абай
Пікір қалдырыңыз
Или водите через социальные сети
Көп оқылған
Біз әлеуметтік желілерде